Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы медициналық қызметтерді жеткізу шараларымен қоса, тұрғындарға медициналық қызмет көрсету, сырқаттың алдын алу шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын да қамтиды.
Медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының медициналық қызмет жеткізушілерінің бірі - Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы. Қор 2019 жылға Кардиохирургия орталығымен 9 миллиардтан аса теңгеге келісімшарт жасады.
Кардиохирургия орталығының өзінде өткен жылы аритмияға шалдыққан 1708 науқас емделген. Ал жалпы республика көлеміндегі емедеу мекемелерінде емделген науқастар саны – 6656. Бұл көрсеткіштер 2013 жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Өкінішке қарай, жылдан жылға ота жасалған науқастардың саны артып келеді. Сол себепті Орталық мамандарынан кардиологиялық және кардиохирургиялық емдеу жолдарын, жүрек ырғағының бұзылу себептерін сұраған едік. Сауалдарымызға Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының интервенциялық аритмология бөлімшесінің меңгерушісі, Қазақ аритмологтар қоғамының президенті, медицина ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Аян Сүлейменұлы Әбдірахманов жауап берді:
– Аян Сүлейменұлы, статистикаға сүйенсек, өлім-жітім бойынша Қазақстанда жүрек-қан тамыр аурулары алдыңғы орында тұрады екен. Бір ғана жүректің сан түрлі сырқаты барын білеміз. Қазіргі уақытта науқастарға қандай ем шаралары қолданылады?
– Жүрек-қан тамыр ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіштері Қазақстанда ғана емес, Дүниежүзі бойынша бірінші қатарда тұр деуге болады.
Кардиохирургиялық орталықтың жұмыс істей бастағанына көп уақыт бола қойған жоқ. Соған қарамастан, біздің орталықта қазіргі заманға сай техникалық үлгілер, барлық кардиологиялық ем-шаралар, кардиохирургиялық көмек (ота) жақсы жолға қойылған. Жүрек алмастыру оталары сәтті жасалуда. Тек қажет ететін науқастарымыздың көпшілігіне донор жетпейді. Жасанды жүрек қарыншалары бар. Соларды біздің кардиохирургтар алмастырады. Бір кардиохирургиялық бөлімше жүрек жетіспеушілігі диагнозы бар науқастарды қарайды. Ондай науқастар көп. Дүние жүзінде толық жасанды жүрекпен ауыстыру оталары жүргізілуде. Интервенциялық кардиология жақсы дамып келеді. Бұрын кардиохирургтарымыз ашық жүрекке ота жасайтын болса, енді интервенциялық кардиохирургтар сол оталардың көпшілігін жабық, жүректі ашпай жасауда. Қан тамыры арқылы жүректің ішіне кіріп, клапандарды алмастырады.
Интервенциялық кардиологияда окклюдер деген нәрсе болады, қан тамыры арқылы кіргізіп, туа біткен ақауларды окклюдермен бітейді. Жүректі ашпай, балаларға жабық түрде ота жасалады.
Науқастың артериялық қан қысымы дәрілерге бағынбайтын аса қауіпті кездерде интервенциялық емі бар (бүйрек денервенциясы).
Тағы бір жиі кездесетін жүрек сырқаты - жүрек ырғағының, ритмінің бұзылуы. Сол үшін кардиология орталығында ритм бұзылуын хирургиялық емдейтін аритмология бөлімшесі ашылды.
– Жүрек ырғағының бұзылуы туралы кеңірек айтып кетіңізші. Неден пайда болады?
– Жүректің қан тамыры ауруларының таралуына байланысты оның әртүрлі себептері болады. Әрбір үшінші науқас жүректің аритмиясымен ауырады. Аритмия – жүрек ритмінің, ырғағының бұзылуы. Жас ұлғайған сайын жүректің соғу ырғағы, ритмі өте төмендеп кетеді. Ағзаны қамтамасыз ету үшін жетпейді, ритмі 30-ға, 40-қа, тіпті одан да төмен түсіп кетуі мүмкін. Сондай кездерде жүрекке электрлі кардиостимулятор аппараты қойылады.
Туа біткен ақаулар болады. Жүректің ритмі қатты соғуы мүмкін, тез соғуы мүмкін. 200, 250-ге дейін жетіп, адамдар есінен танып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда кардиохирургтар қан тамырлары арқылы жүректің ішін қарап, аритмияның ошағын тауып, радиожиілікті абляция жасалады.
Жүрек ырғағы бұзылуының түрлері қаншалықты көп болса, соншалықты жаңа әдістер де жеткілікті. Тамыр арқылы жүректің ішіне УДЗ (УЗИ) аппаратын енгізіп, зерттеу жасаймыз. Кейбір адамда жүректің аритмиясы бар, бірақ ол жиі болмайды. Жедел жәрдем шақырған кезде, сирек жағдайда (жылына бір рет, екі рет қана), дәрігерлер науқасты аман алып қалуға үлгермей жатады. Жүректің аритмиясы болған шақтарын дәлелдей алмай қалады. Кардиограмма түсіріп үлгермейді. Жедел жәрдем жеткенше бірталай уақыт өтіп кетеді. Ондай кездерде диагноз дәлелденбей, ашық күйінде қалады. Диагнозды анықтау үшін, жүректің ырғағына, ритміне мониторлық бақылау жасау үшін біз науқастың жүрек тұсына ұзақ уақытқа кішкентай ғана аппарат орнатамыз. Ол аппараттың батареясы үш жылға жетеді. Сирек болатын жүрек аритмиясында – жүрек ырғағының, ритмінің бұзылуы кезінде диагнозды анықтауға көп көмектеседі.
– Аян Сүлейменұлы, емделу, емдеу, ота жасау жағында көп жаңалықтар болып жатыр. Қанша науқастар емделіп шығуда. Соның өзінде де жеткіліксіз, кезегін күткен қаншама науқас бар. Жүрек ауруларының себептері неде? Алдын алуға бола ма?
– Оның екі негізгі себебі бар. Бірінші - туа біткен жүрек ақаулары. Оның алдын алу өте қиын, бірақ ананың өзін-өзі күтіп жүруіне көп байланысты болады. Темекі, наша шекпей, суық тигізіп алмай сақтанып жүрген дұрыс. Туа біткен жүрек ақаулары генетика арқылы берілуі мүмкін, яғни тұқым қуалайды. Екіншісі - жүре келе пайда болған жүрек ақаулары. Қимыл-қозғалыстың аздығы бірте-бірте түрлі жүрек сырқаттарына алып келеді. Бұрынғы ата-бабаларымызбен салыстырғанда күніміз отырумен өтеді. Жұмыста отырамыз, үйге барып тағы отырамыз, автобуста не көлікте үйге жеткенше тағы отырамыз. Көп жүрмегендіктен, көп қимылдамағандықтан тамырларымыз бітеліп, шлактар, холестерин тамырлардың бәрін бітеп, жүре келе, жас келе пайда болатын жүрек сырқаттарына ұшыратады.
– Жүрек сырқатына шалдыққан жағдайда қандай режим ұстану керек?
– Жүрек ауырса, майлы тамақтарды азайту керек. Қан қысымы көтеріңкі болса, тұзды тамақтарды шектеу керек. Тамақтың дәмі жоқ деп кейбір науқастарымыз шағымданып жатады, бірақ жүрек-қан тамыр ауруларына шалдыққаннан кейін осындай диетаны ұстаған жөн болады.
– Кардиология орталығы Астанада. Порталдың, квотаның бөлінуін күтуге жағдайы көтермейтін науқастар бола ма?
– Дұрыс айтасыз, бізде кезек бар. Орталыққа жату үшін науқастар 2 кейде 3 ай күтіп қалады. Оны күтуге науқас жағдайы көтере бермейді. Дегенмен де, науқас мүмкіндігінше алдын ала тексеріліп, квота рәсімдеп, келгені дұрыс. Өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, дайындалып келген, алдын ала дерегі түскен науқастың жағдайы бір бөлек. Ал шұғыл, аяқ асты түскен науқастың өмірімен алысып, оны қалай аман алып қаламыз деген жағдайға түскен қиынырақ болады.
– Өзіндік кедергілері бар дейсіз ғой. Сырқаттың алдын алу үшін оқырмандарға қандай кеңес айтасыз?
– Деніміз сау болсын десек, дене шынықтырумен айналысып, тамағымызды ретімен ішіп, салауатты өмір сүрейік. Тамақты көп ішкен сайын қимылдай беру керек. Темекі шекпей, арақ ішпей, жүрек ауруларынан көпке дейін сақтануға болады. Әрине, күйзеліс (стресс) деген екінші жағдай бар. Менің ойымша, адам ағзасындағы аурулардың көпшілігі күйзелістен болады. Күйзеліс салдарынан кімнің қай жері осал болса (біреудің жүрегі осал болуы мүмкін, біреудің асқазаны осал болуы мүмкін, жарасы ашылып кетіп жатады, бауыры, өт жолы, зат айналысы, т.б. әлсіз болуы мүмкін) сол сырқатын қозғап жібереді. Сондықтан көтеріңкі көңіл-күйде, күліп жүрейік.
Дәрігер кеңестері қарапайым, оқырман үшін белгілі нәрселер болып көрінуі мүмкін. Расында да орындалуы оңай, пайдалы кеңестер:
* Кейбір тағамдарды: қантты, тұзды, жануар майлары қосылған тағамдарды шектеңіз.
* Психикалық, эмоционалдық және ауыр созылмалы күйзелістердің алдын алыңыз.
*Жаттығып, жүгіріп, т.б. дене шынықтырыңыз (бірақ үстеме жаттығудан сақ болыңыз).
* Ішімдік пен темекіні шектеңіз.
* Оң эмоцияға жеткілікті түрде жағдай жасаңыз: өнерге, суретке, жануарлар мен өсімдіктерге, әртүрлі техникалық шығармашылыққа көңіл аударыңыз.
* Өзіңізге ұнайтын істермен айналысыңыз. Таза ауада, күн сәулесінде серуендеңіз, орман-тауларға саяхатқа шығып, дұрыс тамақтаныңыз.
* Артық салмақ қоспау, қимыл-қозғалыс – жүрегіңізді сақтаудың, жүрек-қан тамыры ауруларының алдын алудың бірден бір кепілі.
Осы айтылған кеңестерді бойыңызға сіңіріп, бұлжытпай орындауға тырыссаңыз, жүрекке салмақ түспесі анық. Әңгімеміздің түйіні осыған кеп саяды. Жүрегіңізді сақтай жүріңіз!
Сұхбаттасқан: Жанаргүл Үмбетова
Пікір қалдыру