Асхат Аймағамбетов: Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер ҚҚС-тан босатылады

/uploads/thumbnail/20250430111947927_big.webp

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Салық кодексіне енгізілген түзетулердің Үкімет тарапынан қолдау тапқанын хабарлады. Енді әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектерге 0% қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесі қолданылатын болады.

Арнайы үкімет қаулысымен бекітілетін тізімге сәйкес, халық үшін аса қажет және әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектер ҚҚС-тан толық босатылады. Бұл бастама аталған дәрі-дәрмектердің күрт қымбаттап кетуінің алдын алуға бағытталған.

Депутаттың айтуынша, бұл ұсынысты ол бұған дейін де көтерген, алайда бастапқыда Үкімет тарапынан қолдау таппаған. Алайда ұзақ талқылаудан кейін екі тарап өзара ымыраға келіп, осындай шешімге қол жеткізді.

Сонымен қатар, ҚҚС қолданылатын өзге медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектер бойынша да маңызды келісім жасалды:

  • 2026 жылдан бастап ҚҚС мөлшерлемесі 5%-ға ұлғайтылады;

  • 2027 жылы тағы 5%-ға өседі – бұл өзгеріс кезең-кезеңмен енгізіледі.

"Айта кететін тағы бір жағымды жаңалық — Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясындағы барлық медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектер де ҚҚС-тан толық босатылады. Қазіргі таңда басты мақсат — халық үшін ең қажет дәрі-дәрмектер мен медициналық көмектің қолжетімділігін сақтау", — деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Қатысты Мақалалар