Ерте диагностика балалардың денсаулығын сақтауға көмектеседі: Астанадағы тегін чек-ап нені көрсетті

/uploads/thumbnail/20260624145500011_big.webp Фото:

13 маусым күні Астанадағы Инклюзивті спорт орталығында Prime Green Clinic ұйымдастырған «Бақытты бала» қайырымдылық акциясы өтті. Игі бастама аясында клиника мамандары 4 пен 18 жас аралығындағы балаларға тегін профилактикалық медициналық тексеру (чек-ап) жүргізді.


Жас спортшыларды балалар эндокринологы, педиатр, балалар неврологы, балалар кардиологы, травматолог-ортопед және мейіргерлер қарады. Акцияның басты мақсаты – инклюзивті спортпен айналысатын балаларды қолдау және тұрақты профилактикалық тексерулер мәдениетін насихаттау.

Ата-аналардың айтуынша, мұндай бастамалар ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін аса маңызды.

«Ұлымның аты – Санжар, жасы 4-те, оған аутизм диагнозы қойылған. Біздің балалар үшін мұндай тексерулер өте маңызды, себебі олар жылына кемінде екі рет осындай чек-аптан өтуі керек. Бүгін тексеруден тегін өту мүмкіндігіне ие болғанымызға өте қуаныштымыз. Қазір бір маманның қабылдауы 10-15 мың теңге тұрады. Сондықтан осындай қайырымдылық бастама көтеріп, балаларымызға ерекше көңіл бөлгені үшін клиникаға шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Бізге ортопедтің кеңесі қажет еді, осы чек-ап аясында тексеруден өте алғанымызға қуаныштымыз», – дейді Санжардың анасы Ақсұлу Саттарова.

Дәрігерлердің айтуынша, тұрақты профилактикалық тексерулер денсаулықтағы өзгерістерді ерте кезеңде анықтап, ауыр аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді.

«Осындай профилактикалық чек-аптар денсаулықтағы мәселелерді ерте анықтауға көмектеседі. Қаралуға келген балалардың арасында сал ауруына шалдыққан балалар ғана емес, даму ерекшеліктері бар басқа да балалар кездеседі. Тексеру барысында біз жиі ата-аналар бұрын байқамаған дене қалпының бұзылыстарын, тірек-қимыл аппаратының деформацияларын анықтаймыз. Сондай-ақ сколиоздың бастапқы белгілерін, жалпақтабандылықты және қосымша тексеру мен бақылауды қажет ететін басқа да жағдайларды байқаймыз. Ерте диагностика дер кезінде түзету жұмыстарын бастап, бұзылыстардың одан әрі асқынуының алдын алуға мүмкіндік береді», – дейді травматолог-ортопед дәрігер Меруерт Сағынғазы.

«Бақытты бала» акциясы балаларға профилактикалық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және инклюзивті спортты дамытуға қолдау көрсетуге бағытталған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, баланың денсаулығына қамқорлық тұрақты профилактикалық тексерулерден басталады. Мұндай тексерулер ықтимал қауіптерді дер кезінде анықтап, балалардың өмір сапасын сақтауға көмектеседі.

«Салауатты болашақ – бүгінгі қамқорлықтан басталады». Дәрігерлерді, ата-аналарды және жас спортшыларды біріктірген қайырымдылық жобасының негізіне дәл осы идея алынды. Барлығының мақсаты бір – өсіп келе жатқан ұрпақтың денсаулығы

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар