Қарағұсованың «көбелек эффектісі»

/image/2019/06/14/viewfotocommunity-722609.jpg

28 жыл бойы Қазақстанның билігі орыс тілділердің уысында шоғырланып келді. Олар мемлекеттік тілде амандасқаннан ары аса алмады. Мемлекеттік қызмет атқара жүріп мемлекеттік тілді білмейтіндердің қатарында ол да бар.

Ол былтырдан бастап қазақша сөйлей бастады. «Сөйлей бастады» дегенде сөйлеуге тырысып бақты. Басында «уралап» бір-бірімізден сүйінші сұрағандай болдық. Сосын «оның былдырын ешкім түсінбейді» деп тиісе бастадық.

Ол – мәжілісайым Қарағұсова Гүлжан Жанпейісқызы. Google-да  «Қарағұсова қазақша» деп теріп қалсақ, 37200, «Карагусова на казахском  языке» десек, 20 400 материал шыға келеді. БАҚ мемлекеттік тілде сөйлеуге ниет танытқан ханымды келеке қылды.

Ешбір шенеунік Қарағұсовадай тілін сындырып, сөйлеуге тырысып баққан емес. Ұят та болса, айтуға мәжбүрміз. Содан болар, Гүлжан Жанпейісқызын көз алдымызға қанатын қаққан қара-қызыл көбелектей елестеттік. Енді ол көбелек «ұшпаймын» дейді.

«Енді тек орысша сөйлеймін» деп өзін күлкіге айналдырған халыққа деген қара өкпесін білдіріп үлгерді. Гүлге қонар көбелектің сол гүлге өкпелегенінің куәгері атандық.

Көбелектер қанша өмір сүретінін білесіз бе? Бірнеше минуттан бірнеше жылға дейін күн кешетін көбелектер бар. Олар өз міндетін/миссиясын атқарып барып жоқ болады екен. Біздің көбелек шын мәнісінде қанатын қаққан да жоқ. Жетпістегі ханымға бір жетіде қазақтың жетпіс сөзін үйреніп алуға болады. Ұшпай жатып, шын ықылас танытпай «маған қараңдаршы, мен қандай әдемімін» деген көбелекті жынды көбелекке теңеуге  әбден болады.

«Көбелек эффектісі» деген терминді алғаш Лоренц есімді метереолог ойлап тапты. Ол ауа-райы өзгерістерінің есебін компьютерлік модель арқылы көруді қолға алады. Сол уақытта алынған нәтижелерге аздаған өзгеріс енгізеді. Анығын айтқанда, алынған сандар тым ұзақ болғандықтан үтірден кейінгі үш санды қалдырып, қалғанын дөңгелектеп алуды жөн санайды.  Лоренцтің бұл шешімі ауа райы болжамының қате шығуына әкеп соқтырады. Ғылыми журналға жариялаған мақаласында Лоренц мынандай болжам жасады: «болмашы өзгеріс үлкен өзгерістер туындатады, яки Бразилияда қанатын қаққан көбелек Америкадағы торнадоның себепкері бола алады».  

Ал Қарағұсованың «көбелек эффектісі» көңілге қонған жоқ. Сонда кінә кімде? Қарағұсовада ма, жоқ әлде оның әрекетін келеке еткен халықта ма? Жасы жетпіске келген ханымның қазақша сөйлеуге деген қадамын құптауға болар. Бірақ түйін Гүлжанда емес, оның адал ниетін қажетсінбей тұрған қоғамда болып тұр ғой. Ендеше...

Гүлге қонар көбелектің сол гүлге өкпелегенін түсінгеніміз де дұрыс.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар