Гай Дойчердің «Тіл деген айна. Біздің әлемді басқа тілде сөйлейтіндер неге өзгеше көреді?» деген кітабы қолымызға түсті. Лингвист ғалымның «айна» деген сөзін көзілдірік деген ұғыммен алмастырдық. Ана тілі анда-санда бет-бейнемізді қарайтын айнамыз емес, мына әлемнің, ішкі жан әлеміміздің әдемілігін көрсететін көзімізге тағылған көзілдірік. Шын мәнінде, іңгәләп дүние есігін ашқан шақалақты анасы кеудесіне қысып, «қошақаным менің», не «золотце мое» деуі оның мына өмірге қандай көзқараспен қарайтынын, кімнің қамын ойлап, қандай тілмен өмір сүретініне тікелей әсер етеді.
Ницше былай дейді: «Өзгенің тілін жарытып білмейтін сол тілді меңгеріп алған адамға қарағанда мың есе бақытты. Мал баққан адам қойша сөйлеп, қойға айналғысы келмейді. Оған кішкентай ғана бойы бар, айналдырып киген тоны барлардың тілін аударып беретін аудармашы қой болса болғаны».
1991 жылы Cognition журналында кәрістер мен ағылшындардың айырмашылығы туралы жазылған мақала жарияланды. Мақалаға сенсек, кәрісше сөйлейтіндер бір нысан мен екінші нысанның байланысы, бір-біріне сәйкестігі туралы көбірек ойланады екен. 1997 жылы сол басылымында жапондардың ағылшындардан айырмашылығы – олар (заттарды) жасалған материалына сәйкес заттарды топтастырса, ағылшын тілділер пішініне қарап топтастыратындығы жазылды. Тілдің санаға әсері мұнымен бітпейді.
Кирилл Стасевич «Наука и жизнь» журналындағы «Тілдің санаға әсері» материалында былай деп жазады: «Біздің санамыз сөйлеген тілімізге байланысты болса, екі тілділердің дүниетанымы өзгеше болатындығы туралы ой пайда болады. Ланкестер университетінің ғалымы Панос Атанасопулос пен оның бір топ әріптесі осы бір мәселені зерттеу мақсатында эксперимент ұйымдастырып, нәтижелерін Psychological Science-та көрсетеді. Бұл тәжірибеге таза ағылшынша, таза немісше сөйлейтіндер және екі тілді еркін меңгергендер қатысады. Неміс пен ағылшын тілі орын алған жайтқа екі түрлі қарайды. Мысалы, ағылшын тілінде жайттың қашан орын алғаны маңызды. Неміс тілінде керісінше ненің қашан емес, қайда және не себепті болғандығы толғандырады. Ағылшын тілділер мен неміс тілділерге жаяу жүріп келе жатқан әйелдің видеосын экраннан көрсетеді. Экспериментке қатысқандарға «мына әйелдің қандай мақсаты бар?» деген сұрақ қойылды. Ең қызығы, сұрақтың дұрыс жауабы жоқ. Неміс тілінде сайрағандардың 40%-ы видеодағы әйелдің іс-қимылынан нақты мақсатты іздестірген. Ал ағылшын тілділердің тек 25%-ы ғана бұл туралы бас қатырған. Көбісі тек әйелдің сыртқа шыққанын назарға алған.
Қос тілді меңгергендерге келетін болсақ, олар екі түрлі күй кешкен. Ағылшынша білетін неміс Германияда болса, ұйымдастырушылар тарапынан сұрақ немісше қойылса, онда ол әйелдің не үшін далаға шыққанын білгісі келген. Ал егер ол эксперимент барысында Ұлыбританияда болып, сұрақ ағылшынша қойылса, онда ол оның серуендеп жүргеніне мән берген. Әрине, бұл жерде біз оған қоршаған мәдени ортаның қаншалықты әсер ететіндігін байқай аламыз. Дегенмен келесі эксперимент бар мәселенің сөйлеу тілінде екенін растайды. Видеоны көріп отырған адамдардан іштей белгілі бір тілде санауды сұраған. Сонда географиялық жағдайға қарамастан Ұлыбританияда жүрген неміс Гете тілінде санап, немісше ойланған.
Қазақ және орыс тілділерін есептемегенде 10 тілді білетін полиглот, психолог Жұлдызай Форт жоғарыда айтылғандай эксперименттер бізде жүргізілмегендігін айта отырып, мынандай ойларымен бөлісті: «Тіл – ұлттық кодтың негізгі компоненті. Тілін білмеген адам өз мәдениетінен, салт-дәстүрінен, тарихынан бейхабар болады. Сөйлеу тілі адамның мінез-құлқын да өзгертеді. Мысалы, қазақ тілділер көбінесе интроверттер болып келеді. Анығын айтқанда, байсалды, тұйықтау. Ал, орыс тілділер басым жағдайда экстраверттер. Олар өзін көрсеткенді, бір нәрсе деп қалғанды ұнататын жандар. Қазақ ондайды «шошақай» деп жақтырмаған. Қазақ тілді азаматтың Қазақстанның болашағына көбірек алаңдайтынын, ал орыс тілдінің қара басын көбірек ойлайтынын байқаған шығарсыздар. Бір адамның орын алған бір жайтқа екі түрлі көзқараспен қарауы, не күлерін, не жыларын, не жақтарын, не жақтамасын білмеуін амбивалентті көзқарас деп атайды. Орыс тілділер ана тілі, ұлттық мәселелерге келгенде көбінесе амбивалентті, өз-өздеріне қарама-қайшы көзқарас танытады.
Ең қызығы, сөйлеу тілі адамның бет-әлпетін өзгертетініне де көзім жетті. Адамның бет-жүзіне қарап өз басым оның қандай тілде сөйлейтінін ажырата аламын. Көп жағдайда орыс тілділердің түрі суық, қазақ тілділердің жүзі жылы болып келеді. Оған қазақ тілділердің таныс, мейірімді, достық ортада, ал орыс тілді қазақтардың ас конкуренттік, дискриминацияға толы ортада өсіп қалыптасқаны себеп бола алады. Тағы бір нәрсе байқағаным, тіл мәселесін көтеріп жүрген, алайда ойларын орысша жазатын мен сияқты қоғам белсенділерінің бәрінің тілі о баста қазақша шыққан, ата-әжесінің тәрбиесін көрген азаматтар. Орысша білім алған мен өзім, Руза Бейсенбайтегі, Руслан Түсіпбеков, Марғұлан Боранбай болсын, белгілі бір кезеңде ана тілінен ажырап, жылдар өте келе онымен қайта қауышқандар».
Лингвист ғалым Гай Дойчер бірнеше тілді меңгерген азамат. Ана тілі иврит болса да, ағылшын тілінде кітап жазған Дойчер кімнің қандай тілде сөйлеуі оның өмір сүру стиліне, ойлау жүйесіне, ең қызығы, түстің реңін ажырата алу қабілетіне әсер ететінін дәлелдейді.
«Ағылшын тілінде dark blue және light blue деген түстер бар. Орыс тілінде бұл синий және голубой деген түстер. Екеуі екі түрлі жазылады, этимологиялық байланысы да жоқ. Екеуі екі түрлі түс болып саналады. Бұл ағылшын тіліндегі көк және жасыл түстер сияқты. Ағылшын тілді адам бұл түстерді бір-бірінен ажырата алмайды деген сөз емес. Алайда орыс тілді өз миын аталмыш түстердің білінер білінбес айырмашылығын ажыратуға үйреткен. Ағылшындықтар үшін бұл түстердің айырмашылығы аса зор емес және оған мән бермейді де»,-деп жазады ол.
Филология ғылымдарының докторы Дамина Шайбакова «Қазақстандағы билингтік жағдайдағы орыс түр-түс картинасының трансформациясы» деген ғылыми мақаласында былай дейді: «Түстерге келгенде әр түрлі тіл әр түрлі атау қоятындығын лингвистер баяғыда анықтаған. Түстер біз ойлағандай белгілі бір ерекшелік қана емес. Түс сонымен бірге семиотикалық (белгілерді зерттейтін сала) феномен болып табылады. Адамның ассоциациясы көбейген сайын белгілі бір түстерге мән-мағына сыйдыртып отырған. Қытай символикасында түс адамның әлеуметтік статусын білдірген. Тіпті «Ши цзин» (ән кітабы) еңбегінде түстер қарапайым және «бекзаттарға» арналған болып бөлінген. Қазақ ежелден бері жас ерекшелігі мен түстерді етене байланыстарған. Мысалы, киіз үйдің түндігіне ту шығарып байласа, онда отбасы жақынынан айырылды деген сөз. Тудың түсі қызыл болса, жас адам қайтыс болды дегенді білдірген. Қара болса, орта жастағы, ақ болса, егде тартқан адам о дүниелік болды деген мағына берген. Орыс тілділер «қара әзіл», «қара жан», «қара ойлар» деп жатады. Қазақ тілінде де қара түс ауыспалы мән-мағына білдіреді. Алайда жағымды коннотация да кездеседі. Көшпелі қазақ табанының астындағы жерді «қара жер» деген. Орыс тілді азаматтарға Абайдың «Қара сөздері» мен «Көзімнің қарасының» мағынасын ашыңыз десе, олар тығырыққа тіреледі. Себебі қазақ тілді ғана қараның бар ауқымын түсіндіріп бере алады».
Лингвист Гай Дойчер «Тіл деген айна» кітабында мынандай қызықты деректерді келтірген: «Кейбір тілдерде «сол», «оң», тіпті «алдымда», «артымда» деген сөздер жоқ. Олар бағытты сипаттаған кезде географиялық мекенжайына қарайды. Мысалы біз «телефонның алдында тұрып сізбен сөйлесіп тұрмын» дей алсақ, олар «телефонның оң жағында тұрып сөйлесіп тұрмын» дейді. «Оң жағымда бір кесе шай тұр» дегенді «шығыс жағымда бір кесе шай тұр» деп түсіндіреді.
Орыс тілінде ер, әйел және орта деген тектер (мужской, женский, средний род –авт.) бар. Демек орыс тілділер бір нәрсені сипаттағысы келсе, тегіне қарап сөз саптайды. Мысалы, көпір сөзі орыс тілінде ер адамның тегіне жатады. Көпірдің қандай екенін әңгімелегенде орыс тілді ер-азаматқа тән қасиеттерге яғни мықтылығына, сапалы тұрғызылғанына тоқталады. Көпір сөзі неміс тілінде әйел адам тегіне жататындықтан немістер көпірдің нәзіктігін, көркемдігін атап өтеді».
Сөйлеу тілі айналамыздағы дүниелерге қандай көзбен қараймыз, қандай ассоциация туындайтынына әсер етеді. «Ситуативный казахский» кітабының авторы Қанат Тәсібековтің о баста тілі орысша шыққан. Бүгінде қазақ тілін меңгергісі келетіндер үшін оның кітабы таптырмас қазына. Қазақша сөйлей бастағалы автордың өмірге деген көзқарасы да өзгерген:
«Орыс менталитетінде көзге қарап мақтау – ерсі қылық. Қазақ «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Қазақша сөйлей бастағаннан бері мақтау сөздерді естігенді, айтқанды ұнататын болдым. Тіпті бұрын-соңды орыстардың адамның жасын сыйламайтындықтарын байқамаппын. Ал қазір мұның қаншалықты ерсі көрінетінін түсіндім. Туысқандарыммен қоян-қолтық араласа бастадым. Тіпті пойызыма кешігіп, жолдан қалып қалғаным бар. Сөйлеу тілі адамның бір мәселені қай қырдан қабылдайтындығына да әсер ететінін байқадым. Естеріңізде болар, хоккеист тафгай Дамир Рысбаев матч барысында біреумен жұдырықтасып, шу шыққан болатын. Қазақ тілділер оны «батыр» деп мәртебесін көтыерсе, орыс тілділер оны «бұзақы» деп айыбын бетіне басты. Көп балалы аналар мәселесін талқылағанда да орыс тілділер «жағдайы мәз емес болса, осынша баланы не үшін туады?» деп жарыса жазды. Ал қазақ тілділер «бір қозы туса, бір топ жусан артық шығатынын» ескеріп, мемлекеттің бұл мәселеге назар аударғанын талап етті. Алматыда өткен митингіде де кілең қазақ тілділер алаңнан көрінді. Орыс тілділер болса, мәселеден бейхабар болып шықты. Естіген күннің өзінде олар мұны түймедей нәрсені түйедей қылдыға балады. Кезінде Францияға көшіп, француз тілін үйренген арки халқы ақыр аяғында Франция атынан өз халқына қарсы соғысқа аттанғанын тарихтан жақсы білеміз. Бұл мысал сөйлеген тіліміздің бізге қаншалықты әсер ететіндігінің айқын көрінісі».
«Көп тіл білу адамның лингвистикалық сезгіштігін жояды. Ең бірінші кезекте ана тіліне нұқсан келеді. Сондықтан да гректер мен француздар бөтен тілді үйренуден бойларын аулақ ұстаған. Көп тіл білу – дертке тең, бұл дерт асқынғанда адамзат өзін емдеп жазар дауа іздейді, онысы жаңа тіл болмақ» депті Ницше. Біз керісінше Шекспирдің «екі тілді білу – бір адамның бойында екі жанның тоғысуы» деген сөздерін жағымды жақтан қарастырып келдік. Жаңа тілді үйренуді зор мүмкіндіктерге баладық. Шын мәнінде, өзіміздің кім екенімізді, нені қалайтынымызды, қайдан келгенімізді ұмытып бара жатқанымызды байқамадық. Тіпті бесіктен белі шықпаған баланың бірден үш тұғырлы тілді меңгергенін қаладық. Ал ғылыми зерттеулерге сүйенсек, өз ана тілін жетік меңгеріп алған баланың шет тілін үйреніп алу процесі оңайырақ, жылдамырақ жүреді.
Біреудің көзілдірігін киген өз көзін бүлдіреді деген сөз бар. Ал көзі ауырған Күнді де көре алмай қалады.
Пікір қалдыру