Доллар күйрей ме, әлде экономиканы алға сүйрей ме?

/image/2019/06/24/crop-205_0_616x821_iw2jfrij8.jpg

Кеше Ресейдің Орталық банкі мәлім еткендей, қазір Ресейде алтын валюта қорын әртараптандыру жұмысы қатты қарқын ала бастаған. Мәселен, биылғы жылдың мамыр айында Орталық банк алтын валюта қорына орналастыру үшін 6 тонна алтын сатып алған. Осыған байланысты Ресейдегі алтын валюта қорындағы алтынның салмағы биыл 2,19 мың тоннаға артып отыр. Орталық банктің алтын валюта қорына бұлайша алтын жинай бастауын, Ресей мемлекеттік думасының депутаттары да қолдап отыр.

Мысалы, бұған байланысты дума депутаты Евгений Федоров жақын арада бюджеттік және салық комитетінің отырысында Ресейдің ішкі айналымда доллардан бас тарту мәселесі түпкілікті қаралатынын жеткізді. РФ мемлекеттік думасы депутатының пікірінше, ішкі айналымда доллардан бас тарту ісін жеделдету күнен күнге құнын кетіріп бара жатқан рубльдің еңсесін тіктеуге көмектеседі. Бұл жайында Федоров "Біз үшін маңыздысы экономиканы тұрақтандыру. Егер Ресей Федерациясының ішкі айналымында доллардан бас тартатық болсақ, бұл рубьлге деген сұранысты арттырады. Қазір елдегі несиелендіру, инвестиция салу барлығы дерлік доллармен жүріп жатыр. Сондықтан бұған бақылау орнату керек" деді.

Сөйтіп, Ресей біртіндеп доллардан арылуға кірісе бастамақ. Осылайша көрші ел күн сайын құнсызданып бара жатқан ұлттық валютасына деген сұранысты арттыруды жоспарлап отыр. Жалпы, бұған дейін рубльді ұстап тұру үшін Ресейге алтын-валюта қорынан қомақты қаржы алуға тура келеді. Бұған қатысты мамандар "рубльді ұстап тұру үшін алтын-валюта қорыннан көсіп қаржы ала беру Ресей үшін тиімсіз. Сондықтан келешекте Ресей доллардан бас тартып, қазірдің өзінде доллардан арылуға барын салуда. 2030 жылға қарай доллардың дәурені өте бастайды. Сондықтан бұл мәселеге байыппен қараған жөн" деген болатын.

Экономист-ғалым, Жұмаділда Баяхметовтың пайымынша, Ресейдің ТМД бойынша негізгі серіктесі бізбіз. Ресей мен Қазақстанның экономикасы қатты ұқсас, екеуі де мұнай экспорттайтын елдер. Оның үстіне, Қазақстан үшін негізгі сауда әріптестерінің бірі және мұнайдан басқа экспортын тұтынатын негізгі ел Ресей екенін біз ұмытпауымыз керек.

"Сондықтан, біз бұл жерде экономикасы бір-біріне байланып отырған ел ретінде бұған бей-жай қарай алмаймыз. Қазір Ресей өзінің алтын валюта қорын азайтып алып отыр. Алтын валюта қоры одан әрі азайған елдің ұлттық валютасының да құны түсе береді. Демек біз үшін де маңыздысы доллардан арылу көшіне ілесіп, алтын-валюта қорын әртараптандыру. Бұл күнде доллар емес, юань алып болып отыр. Егер АҚШ-тың мемлекеттік қарызы осы қарқынмен өсе беретін болса, онда доллар жүйесі 2030 жылға қарай күйрейді. Сондықтан бұл арада доллардан «құтылу» операциясы біз үшін де өзекті болмақ", - деп отыр маман..

Бұған қатысты экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова:

"Ресей қазіргі жағдайдың алдын алу үшін өзінің валюталық резервін әртараптандыруға барын салуы керек. Көрші елдің доллардан арылуға кірісіп отырғаны да содан. Ресей қазір Қытаймен ірі көлемді экономикалық қарым-қатынас орнатуда. Қытаймен есеп айырысуда Ресей долларды емес рубль мен юаньды пайдаланбақшы. Осылайша Ресей дедолларизацияға (доллардан арылу) тереңдеп еніп барады. Бұдан болашақта Ресейдің алтын-валюта құрамында доллармен бірге юаньның пайда болатынын байқаймыз. Юань пайда болатын болса, доллар белгілі бір көлемде юаньға орын ығыстырады.. Егер осы бағытты ұстанып нақ осы тұрғыда валюталық интервенция жүргізетін болса, онда бізге одан аса қауіп болмайды. Сондықтан келешекте Еуразиялық экономикалық Одақ аясында теңге-рубль қатынасы нығайып жатса, онда бұдан аса қорқудың қажеті жоқ. Егер рублі еңсе тіктеп, Ресей біртіндеп доллардан арыла бастаса онда біз де доллардан құтылу операциясына бағыттала бастаймыз. Себебі қазір АҚШ валютасына тәуелді болудың экономикалық тұрғыда оншалықты опа бермейтіні белгілі болды. Халықаралық сарапшылардың дені әр мемлекеттің өзіндік ұлттық қоры, қазынасы сенімді сақталуы үшін жалпыға бірдей жаңа валюта қажеттігін нақтылауда. Негізінен Батыспен экономикалық қарым-қатынас азайғаннан кейін Ресей доллардан бас тарту операциясын жеделдеткісі келіп отыр. Егер болашақта Ресей мен Қытай арасында сауда-экономикалық әріптестік қатынас нығайса, Ресей бұл тығырықтан шығып кете алады. Бұдан былай Ресей долларды ығыстыру үшін юаньды пайдаланады. Сондықтан бұл жерде Ресей бұлай әрекет ету арқылы қорсыз және қамсыз қаламаудың тәсілдерін ойластырып отыр. Бұл жерде Қазақстанға да өз бағытын таңдау керек. Біздің де алтын-валюта қорымыз әртараптанып, қордағы доллар біртіндеп азайып, оның орнын юань баса бастауы әбден мүмкін", - деді.

Абзалында, мамандар қазір әлем бойынша долларға қарсы өзара есептесу болып жатқанын, бірқатар елдердің сауда қатынасында доллардан бас тартып отырғанын алға тартуда. Осылайша, айналымда артық доллардың көбеюі бар, (әлем бойынша айналымда 500 трлн доллар жүр. авт) тағы басқа экономикалық ахуалдың себептері бар біршама елдердің қазірде ұлттық валюталары өз құнын жоғалта бастағанын алға тартқан сарапшылар "болашақта әлем елдерінің біразы доллардан сырт айналады" дейді.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар