Атырауда 20 тонна гуманитарлық жүк жиналды. Оның ішіне азық-түліктер, жеке гигиена құралдары және бірінші кезекте қажетті заттар кіреді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
«Дина» сауда орталығы директорының айтуынша, мұнайлы өңірден алғашқы гуманитарлық жүк бүгін, яғни 25 маусым күні аттанады. Көмекке сауда орталығынан жалға алып отырған 100-ден астам кәсіпкер қатысты.
"Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев Арыс қаласындағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерді қолдауға және тұрғындарға көмек көрсетуге шақырды. Біз "Арыс, біз біргеміз" атты жалпы қазақстандық акцияға қатысуға шешім қабылдадық. Осының арқасында 20 тонна қажетті жүк жиналды. Қазір біз барлық жүктерді тиеп жатырмыз. Жақын арада гуманитарлық көмек жөнелтілетін болады. Бұдан бөлек, БАҚ жариялаған банк шоттарына қаражаттарын аударуда",- дейді «Дина» сауда орталығының директоры Нұрлан Тәуекел.
Айта кетейік, 24 маусым күні таңертең Арыс қаласында әскери бөлімнің қоймасында жарылыс орын алған болатын. Қоймаларының бірінде өрт басталып, артынша жарылысқа ұласқан. Барлық тұрғындар эвакуацияланып, жақын маңдағы елді мекендерге жеткізілді.
Пікір қалдыру