Ө.Шөкеев: Халықтың мұң-мұқтажын жедел шешуіміз керек

/image/2019/07/02/crop-128_85_682x1024_f35c1d37-4579-4a66-a892-e7406b00993c.jpg

Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев апталық аппараттық мәжілісті Арыс қаласында өткізді. Жиында Арыс қаласын қалпына келтіру мәселесі талқыланып, жұмыстар талқыланды. Өңір басшысы қысқа мерзімде Арыс қаласын қалпына келтіру, тұрғындарға жағдай жасау бағытындағы барлық мәселені талқылап, осы жауапты міндетті отаншылдықпен, жанашырлықпен атқару керектігін айтты.

«Мен осында 1 ай болып құрылысты күнде басында тұрып қадағалаймын. Егер қай аудан ұйымдастыра алмаса, жауаптысын жұмыстан босатамын. Ал жауапты облыстар мен қалалар салғырттық танытса, Үкімет басшысына мәлімдеймін. Халықтың мұқтажын жедел шешуіміз керек», – деген әкім 17 сектордың жұмысын жандандыру жөнінде тапсырма берді.

Әрбір сектордың жұмысын өңір әкімдерінің және аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары және Арыс қаласынан бір жауапты өкіл, жалпы саны 51 адам үйлестіреді. Жеке-жеке штаб құрып, үйлердің құрылысы, гуманитарлық көмек тарату, қауіпсіздікті сақтау, қаланы тазарту, тұрғындарды ақпараттандыру және өзге де мәселелер бойынша күн сайын мәлімет беріп отырады.

Аппарат мәжілісінде Атырау, Қарағанды, Жамбыл, Маңғыстау, ШҚО облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасарлары мен жауапты өкілдерінің мәліметтері тыңдалды. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры мен ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жауапты өкілдері де өздеріне тапсырылған жұмыстардың барысы туралы баяндады. Аудан әкімінің орынбасарлары да өздеріне жүктелген аумақ бойынша есеп берді.

Бүгінде Арыс қаласындағы үйлерді тексеру, құрылыс нысандарының жобалық-сметалық құнын есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кейбір үйлердің терезелері ауыстырыла бастаған. Барлық сектор бойынша үйлерді тексеру, акт толтыру жұмыстары аяқталуға жақын. Мердігерлер анықталып, құрылыс бригадалары жасақталған.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қаладағы көпқабатты үйлердің шатырлары, сыртқы көрінісі жинақы әрі біркелкі болу керектігін ескертті. Азық-түлік үлестіру және өзге де жұмыстарды үйлестіруге жергілікті белсенді тұрғындарды тартуды тапсырды. Сонымен бірге жиында қаланы ауыз сумен, электр қуатымен үздіксіз қамту, балаларды демалыс орындарына жіберу, өрт қауіпсіздігін сақтау, атаулы әлеуметтік көмектерді уақтылы аудару мәселелері де талқыланып, нақты жоспарлар жасалды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар