Павлодар мен Шымкенттегі Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушылары Шығыс Қазақстанға келді. Ондағы мақсат – «Туған елге тағзым» жобасы аясында өлкетану-зерттеу жұмыстарына қатысты деп хабарлайды .
Экспедицияның тақырыбы – «Рухани жаңғыру – туған жер тұтастығы мен ел болашағы» деп аталады. Зияткерлік мектептің оқушылары Шығыстың тамаша табиғатын көзбен көріп, киелі жерлерімен танысып, музейлерді, ірі-ірі өнеркәсіп орындарын аралауға мүмкіндік алды. Атап айтқанда, Өскеменде олар «Казцинк», «Азия Авто», «Теңге сарайы» секілді кәсіпорындар мен сол жағалауда орналасқан этнографиялық музейде болды. Сонымен қатар Ұлан ауданындағы Ақбауыр тарихи-археологиялық кешеніне барып, көне палеолит дәуіріндегі тасқа қашалған суреттерді, ежелгі сақ қонысының қазба жұмыстарын көрді.
– Болашақ инженер-өнертапқыш ретінде маған көлік құрастыру зауытына саяхат жасау өте ұнады. Бағдарламадан «Азия Авто» кәсіпорнын көрген кезде ерекше қуандым, өйткені ол зауытты көзбен көру менің арманым еді. Сол арманым орындалды, – дейді Шымкенттен елген Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Байназар Сейтек.
Сондай-ақ экспедиция өкілдері Семей қаласындағы тарихи орындар мен музейлерді аралап, Жидебайдағы Абайдың музей үйін, «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенін, Риддердегі Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығын, Алтай ботаникалық бағын және басқа да орындарда болып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл сапар аясындағы зерттеулер мен жазбаларын оқушылар Wikipedia сайтына жариялап, республикалық деңгейде қорғайтын болады.
Пікір қалдыру