Жанар Оразымбет: Эфирге еті үйренген соң, дайындықсыз шығатын жас журналистер де бар

/uploads/thumbnail/20170708181837679_small.jpg

Қоңыр үнімен өз тыңдаушыларын қалыптастыра білген майталман радиожурналист өз саласының жетістігімен кемшін тұстарын ортаға салды.

 - Бір кезде радио ең шұғыл ақпарат жеткізу құралы деуші едік, оның орнын интернет орап кеткеніне келісесіз бе?

   -Оған келіспеске болмас. Бүгінгі ақпараттық технология көз ілеспес қарқынмен дамып бара жатқан тұста интернеттің талай дүниені шаң қаптырғаны рас. Дей тұрғанмен, радио - ол қашан да радио болып қала бермек.

Арагідік сыни пікірлер айтылып қалып жатады десек те,  Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосын жанына серік етіп, үзбей тыңдайтындар жетерлік. Бұған ел алдында жүрген ағаларымыз, ақын-жазушылар, Қоғам, Мәдениет қайраткерлері мен алыс елді мекендерден хабарласып, алғыстарын, жақсы ниеттерін білдіріп жататын тыңдармандарымыздың пікірлері дәлел. Кейде «Сіздердің радиоларыңызды жастар тыңдамайды» деген пікірлер де айтылып қалып жатады. Қазіргідей заман күн сайын мың құбылып, көз ілеспес жылдамдықпен өтіп бара жатқан уақыттың көшіне әзер ілесіп отырған кезде жастарды ұйытып тыңдата қою да қиын екені рас. Қазір жұрттың бәріне ғаламтор қолжетімді. Ақпарат деген ағылып жатыр. Бірақ радио - ұлттың үні екенін де ұмытпауымыз керек. Күн сайын радиодан халқымыздың қаншама әні мен күйі беріледі? Қаншама ғибратты сөздер айтылады? Осының бәрін Қазақ радиосы насихаттамаса, кім насихаттайды? Өсіп келе жатқан жас ұрпақтың санасына кім құяды? Ұлттың рухын оятатын, оның құндылықтарын дәріптейтін әңгімелерді Қазақ радиосы айтпағанда кім айтады?! Осы тұрғыдан келгенде Қазақ радиосының орны ерекше. Қалай айтсаңыз да, әзірге Қазақ радиосының көтеріп отырған жүгін ешқандай радионың арқалай алмағаны хақ.

Радионың эфирінен бір ғана тәуліктің ішінде берілетін хабарларды газет етіп шығаратын болса не болар еді?!  Радио тура бір конвейер сияқты дүние ғой. Күн сайын қаншама ақпарат, қаншама пікір, қаншама танымдық  дүниелер беріліп жатады. Кейде соның бәрін жоққа шығарып, жас журналистер тарапынан кеткен кейбір қателіктер үшін осында жанын салып еңбек етіп жүрген адамдардың жұмысы  жоққа шығарып жататын пікірлерді оқығанда жаным ауырады. Еңбегіміз еш кетіп жатқандай болады.

Жанар апай

 

 - Бүгінгі бұқара радиожурналистиканы ақпарат тарату мен ойын-сауықтық бағдарламалар деп қана түсінетін секілді. Оның себебі неде? Осылай қабылдауына радиожурналистердің ықпалы бар ма?

-Бұныңызға енді келісе алмаймын. Радионы тек ақпарат пен ойын-сауықтық бағдарламалардан тұрады деу әсте қисынсыз әңгіме дер едім. Радиода қызмет ететін адамдардың бәрі ай қарап отыр екен ғой сонда?! Қаншама ақпараттық, танымдық дүниелер беріліп жатыды. Зиялы қауым өкілдерімен, саясаттанушылармен, өнер мен мәдениеттің белді-белді өкілдерімен өткізілетін сұхбаттарда қаншама рухани әңгімелер айтылып жатады? Осының бәрін жоққа шығарып, радио тек ойын-сауықтық бағдарламалардан тұрады дегенге мен келіспеймін. Бұл радио тыңдамайтын адамның сөзі. Рас ойын-сауықтық форматтағы  бағдарламалар да бар. Олардың да өз тыңдармандары бар екені сөзсіз.Өйткені оларға хабарласып, қатысып жататын тыңдармандардың көптігі осы сөзімізге дәлел бола алады. Біз тыңдарманға қызмет етіп отырғандықтан олардың да талап-тілегін  ескермеске қақымыз жоқ деп ойлаймын.

- Сіз басылым саласында қызмет еттіңіз, телеарнада да есіміңізді қалыптастырғансыз, бірақ радиоға деген махаббатыңыз бөлекше секілді? Әлде радиода журналист болған басқа саладағы әріптестеріңіздің жұмысына қарағанда жеңіл ме?

– Олай деп айта алмас едім.  Әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі, соған қарай қиыншылығы бар ғой. Мәселен мен, өзіңіз айтып отырғандай,  радиоға алдымен телевидениеде, одан кейін газетте қызмет істеп әжептәуір ысылған, жазу-сызудың қыр-сырын тәп-тәуір меңгеріп, қалыптасқан журналист болып келген едім. Алайда  радио - мен үшін ашылмаған сандық болатын. Өйткені оның газет пен телевидение журналистері біле бермейтін «қызық-шыжықтары» көп еді. Мәселен, газетте біреуден сұхбат алдыңыз делік. Ол адам іскер, өз саласының нағыз майталманы, білікті маманы делік. Бірақ ол сөзге жоқ адам болуы мүмкін. Алайда сіз оны өзіңіздің журналистік тәжірибеңізге сүйене отырып, сөзге тартып, суыртпақтап  барлық ақпараттарды біліп, мән-жайдан қанық боп аласыз. Бұнда сұхбат берушінің айтпақ ойын, нені меңзеп тұрғанын  білсеңіз болғаны. Қалғанын фактілерді ойната отырып, өзіңіз жазып шығасыз.  Бұрындары диктофон жоқ кезде біз мақаланы осылай жазатынбыз. Қазір диктофон деген дүние жақсы болды ғой. Қазір екінің бірінің қолында бар.  Кейде диктофон арқылы алынған сұхбаттар сол күйі, қаз-қалпында беріліп жатады. Содан кеп орашолақ сөйлемдер, қисынсыз әңгімелер еш елеп екшелместен көпшілікке ұсынылып жататын кездер аз болмайды. Ал телевидениеде талай жүкті бейнекөрініс көтеріп тұрады. Бұл- жұрттың бәрі білетін ақиқат. Ал радиода барлығы тек үн арқылы ғана жеткізіледі. Сол себепті радиохабарлардың сапасы да көп дүниеге байланысты болады. Ол жүргізушінің дауысына, хабарда қолданылатын музыкаға, тіптен сұхбат берген адамыңызға да байланысты болуы мүмкін. Алдын ала таспамен жасалынатын хабарларда сөзден құрақ құрап отыратын кездеріміз көп болады. Монтаждың арқасында талай адамды шешен қылдық қой! Радио тілінің бір ерекшелігі-  оның ауызекі тіл мен көркем әдеби тілдің арасында болатындығы. Сол себепті кейде газеттегідей ұзын-сонар құрмалас сөйлемдер радиоға онша  «өтпей» қалып жатады. Бірақ солай екен деп тым қарабайыр сөйлеуге тағы болмайды ғой. Радиода мейлінше ұғынықты, халыққа жақын тілмен сөйлеу қажет-ақ. Ал тікелей эфирдің жөні мүлде бөлек. Табан аудармай талай жыл қызмет істеген кезде небір азуын айға білеп, үлкен-үлкен мекемелердің тұтқасын ұстаған «бастық» көкелерімізбен, әкім-шенеуніктермен тікелей эфирде хабар жүргіздім. Солардың барлығы дерлік тікелей эфирден жүрексінетінін жасырмайды. Эфир кезінде екі сөздің басын құрап айта алмай, тізесі дірілдеп, асып-сасқандарды да  талай көрдік. Жалпы «микрофонның мысы» деген дүние де талай мықтымын дегендердің өзін састырып жібереді.  Содан кейін онсыз да қалтырап-дірілдеп отырған адаммен қандай мардымды сұхбат бола қойсын?! Бұл да сөз жоқ, эфирдің сапасына әсер етеді. Сол үшін де тікелей эфирге қонақ шақырғанда радио журналистерінің сөйлеуге төселіп қалған адамдарды шақыруға тырысатыны содан. Ал жаңадан келіп, тікелей эфирге шығатын журналистер үшін ең алдымен өз бойындағы қорқынышты жеңу керек болады. Cосын оны тыңдаушының көңіл көкжиегінен орын алатындай етіп жүргізу шеберлігі жылдар бойғы ізденістің, тәжірибенің арқасында ғана келетін нәрсе дер едім. Тікелей эфир – не болса соны  жосылта сөйлеп, қызыл тілге ерік беру емес. Ол – үлкен жауапкершілік.

Тағы бір айта кетерлігі, мәселен бір телехабарды эфирге шығару үшін оған толып жатқан адам қызмет етеді. Қонақтарды шақырумен айналысатын арнайы редакторлар болады. Бір адам қонақтарға қойылатын сұрақтарды дайындап, сценарииін жазып, жүргізушінің қолына ұстатады. Келетін қонақтарды күтіп алып, оларды шығарып салатын администраторлар мен режиссерларыңыз, оны түсіретін операторларыңыз тағы бар.  Жүргізушінің бетін әрлеп, киімін сәндеп беретіндерін айтпағанда хабарға қатысты сюжеттер жасап, түсірілген хабардың артық кем-жерін қырнап, жонып, «заңға томпақ» келетін жерлерін қиып тастап отыратын редакторлары тағы болады. Ал радиода осының барлығын бір ғана редактор-жүргізуші өзі атқарады. Сонда қайсысында қызмет істеген қиын? Өзіңіз ойлай беріңіз.

- Сіздің алдыңыздағы толқын мен сіздердің буында эфирге шыққан журналистің стилі мен даусын бірден танушы едік. Кейінгі шыққан журналистерді бірінен бірін ажырату қиын. Неге? Оларды арнайы стандарт бойынша дайындап жатырсыздар ма?

 -  Кейінгі жастарға да бірдеңе деп кінә арту қиын шығар. Біз бала кезімізден радионың үнімен оянып, радиодан ертегі тыңдап өскен ұрпақпыз. Бала кезімізде ауылдағы мәдениет үйінің жанындағы радио торабынан түннің бір уағына дейін радионың дауысы саңқылдап шығып тұратын. Кіп-кішкентай ғана «бес сомдық» радиосы жоқ үй болмайтын. Ал сіз айтып отырған буын өсіп келе жатқан кезде шалғайда жатқан ауылдар тұрмақ қалалы жерлердің өзінде радио тыңдауға мүмкіндік жоқ заман болды. Айтпағым, біздің буын радио өнерінің, үн арқылы ақпарат таратып, хабар беру тәсілдерінің жаңаша сипатта дамыған тұсында тәрбиеленген ұрпақ. Біз көп нәрсені дәл осы радио арқылы санамызға сіңіріп, құлағымызға құйып өстік. Ал бізден кейінгілер бұның бірін де көрген жоқ. Олардың естіп-білгені біздер болдық. Ал оларға өзіміз көкейімізге тоқығанды сіңіре алмасақ, ол- біздің  де кінәміз шығар, бәлкім. Бірақ біреу қуып келе жатқандай « бәлдір –батпақ» сөйлеп, не болса соны сөз ететін, қазағымыздың менталитетіне, ұлттық болмысымызға тән емес дүниелерді еш сүзгісіз эфирге өткізіп жіберіп отырған коммерциялық арналардың да ықпалы аз болмағаны даусыз. Сол себепті бұл жерде радио мамандарын бір ғана Қазақ радиосы тәрбиелеп отыр деген түсінік болмаса керек.

Ал жалпы алғанда әріптестерімнің, мейлі ол өзімнен жасы кіші болсын, үлкен болсын, жұмысына баға беретін адам мен емес, тыңдарман болуы керек деп ойлаймын. Ал бірақ қазіргі жас журналистерге айтарым, алты алаштың алтын қазығы, бүкіл қазақ жұртының үн байрағы болған қасиетті орында қызмет етіп, қазақтың атынан сөз сөйлеу екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ екендігін түйсіне білсе дер едім. Радиода жан тазалығыңды, жүрек жылуыңды сезінгенде ғана тыңдарман сенің сөзіңе иланады. Қазақтың талай-талай дүлдүлдерінің табаны тиіп, халыққа үні жеткен қара шаңырақ. Сол себепті осында қызмет еткен әрбір журналист алдымен қазақы болмысты, ұлттық мінезді сезінуге тиіс деп ойлаймын. Сонда ғана оның әрбір сөзі қазақы тыңдарманының жан дүниесіне сәулесін түсіріп,  жүрегіне жетеді. Қазақ радиосында біздің өкшемізді басып келе жатқан журналистер баршылық. Олардың дауыс ырғағына, сөз саптауына қатысты сыни пікірлердің ара-тұра айтылып қалып жүргені де рас, әрине.  Әлеуметтік желілерде де радио жүргізушілері жиі сынға ұшырап жатады. Бұл бір жағынан олардың да кінәсі емес шығар деп ойлаймын. Өйткені біз радиоға алғаш келген кезде үлкен кісілер көп еді. Біз бүтіндей бір дикторлық мектепті қалыптастырып , сөз өнері майталмандарының шоғырын тәрбиелеп шығарған Мина Сейітова, бүкіл қазақ даласын үнімен әлдилеген Әнуарбек Байжанбаев сынды алыптардың алдын көрген алдыңғы буын ағаларымыздан,  апайларымыздан тәлім алдық. Солардың қасында отырып, дауыс ырғағын, эфирде қалай сөйлеп, қай сөзді қалай айту керектігін, қай сөзге қалай екпін түсіру керектігін меңгердік. Ал қазір сол керемет бір сабақтастық үзіліп қалды. Бір жағынан қазіргі жастар шетінен өздері білермен ғой. Амбициялары  жетерлік. Жасыратаны жоқ, солардың кейбірі біздің ақылымызды қажет ете қоймайды. Мен бір мысал айтайын. Кезінде жаңалықтарды бір ер адам, бір әйел адам болып, екі дауыспен алмасып оқитын. Аманжан Еңсебаев, Омархан Қалмырзаев, Ласкер Сейітов, Бүркіт Бекмағамбетов сияқты ағаларымызбен қоян-қолтық жұмыс істедім. Мен кесте бойынша көбіне Омархан ағамен бірге түсіп қалатын едім. Ол кісі кейде таңғы эфирге келмей қалатын. Бір жағы маған сенетін шығар. Кім білсін, бәлкім, эфирге жалғыз өзі шығып бойын үйретсін, төселсін дей ме екен? Эфирге санаулы сәттер қалғанда қалалық телефонмен хабарласып, «Әй Жәкен-ей, сен өзің қатыра сал. Сен деген мықтысың ғой. Ағаң арықтан өте берем деп... аяғы тайып кетіп...» Қысқасы эфирге жалғыз шығуға тура келеді. Алдын-ала мәтіндерді екіге бөліп қойып, өзіме тиесілісіне ғана дайындалып отыратын мен ондай кезде қатты сасатын едім. Сондай күндердің бірінен кейін Омархан аға мені қасына отырғызып алып «Жанаржан, сенің дауысың –құлаққа жағымды, кәдімгі қазақи қоңыр дауыс. Жаңалықты осы дауысыңмен бір адамға ғана әңгіме айтып отырғандай етіп жеткізсең жетіп жатыр. Рас, дәл қазір сені алты миллион адам тыңдап отыруы мүмкін. Бірақ олардың бәрі сені бір ғимаратта немесе үлкен бір стадионда бірге отырып тыңдап отырған жоқ қой. Олрдың әрқайсысы жеке-жеке, өз үйінде отырып тыңдап отыр емес пе?! Сондықтан радиода айтылатын әрбір сөзіңді тек бір адамға ғана қаратып айтсаң жеткілікті. Қатты дауыс көтеріп сөйлеудің қажеті жоқ» деп ағалық ақылын айтқан еді. Марқұм Омархан ағамыздың осы бір сөзі мәңгілік жадымда жатталып қалды. Кейде жас журналистерден өрескел қателіктерді байқап қалғанда еріксіз «Әттеген-ай» дейсің. Осының бәрі әлгі мен айтқан ұрпақ сабақтастығының болмауынан деп ойлаймын. Бұл эфир жүргізу техникасына қатысты. Ал жалпы эфирде хабар жүргізуге қатысты айтарым, кейде жас журналистеріміз эфирге күнде шығып, етін үйретіп алған соң оған еш дайындықсыз шығуды әдетке айналдырып алып жатады. Ең жаманы осы. Әрине, «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» Кейде көп нәрсе сол күнгі көңіл-күйіңе де байланысты болып жатады. Дей тұрғанмен эфир үлкен жауапкершілік екенін жадымыздан шығармауымыз керек. «Мен эфирге шыға салып, сөйлей берем» дейтіндерге түсінбеймін. Өзім қанша жылғы тәжірибем болса да эфирге алдын –ала жазылып, дайындалған мәтінсіз, сценарийсіз шықпаймын.

Тікелей эфир демекші реті келіп тұрғанда тағы бір нәрсе айта кеткім кеп тұр. Бұны қайсыбір үлкен кісілер үшін құлаққағыс десеңіз де, наз десеңіз де болады. Жасыратын жоқ. Таспамен, алдын ала жасалынатын хабардың сапасы жақсы болып шығады. Оның машақаты да жетерлік. Ол жайында жоғарыда тоқталып өттік. Дей тұрғанмен тікелей эфирдегі хабарларға деген жұрттың ықыласы, ынтасы  ерекше болатыны белгілі. Дегенмен соған қарамастан тікелей эфир жүргізушілерінің еңбегі елене бермейді.  Тіптен қалам ұстағандарға арналған толып жатқан сый-сияпат, құрмет-марапаттардың ішенде тікелей эфир жүргізушісіне арналған бірде бір аталым жоқ екен. Ара-тұра бір сыйлыққа ұсыну керек болса оған да тікелей эфир жүргізушісі ілікпей қалады. Себебі тікелей эфирде айтылған сөз-сол жерде қалады! Еш жерде жазылып алынбайды. Ешқандай қорда сақталынбайды. Көбіне өшіп кетеді. Оны саралап, салмақтап, жүргізушінің шеберлігіне, ойының тереңдігіне,тікелей эфирде тыңдарманды ұйытып, тақырыпты ашу тәсіліне баға беріп, бағамдап жатқан ешкім жоқ.

Әңгімелескен: Айнұр Төлеу

Қатысты Мақалалар