Қазақстандағы инфляция – Келімбетов шоуы

/uploads/thumbnail/20170708181920814_small.jpg

Аты шулы бас банкир Қайрат Келімбетовтың әр мәлімдемесі қазақстандық БАҚ-та қызу талқыланып, тәуелсіз экономистердің сынына ұшырап, кекесін – келемеждің  кейіпкеріне айналып  жататынына да көзіміз үйренген.

Әдеттегідей Ұлттық банктің тізгінін ұстаған Қайрат Келімбетовтың  кезекті мәлімдемесі сарапшылардың сынына ілікті.

15-маусым күні ҚР Сенаты алдында баяндама жасаған Қ.Келімбетов былтырғы жылғы инфляция мөлшері - 8%-ды құрағанын, 2014 жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 7,4%-ға жеткенін, 2015 жылдың мамыр айындағы инфляция мөлшері - 0,3% болып, жыл басынан бергі көлем - 1,5%-ға жеткенін айтқан.

Алайда, аты шулы макроэкономист Қайрат Нематұлының, инфляция бағамын бақылауда бұл әдістің тиімсіз екенін, Қазақстандағы инфляция динамикасы минималды тұтынушылар базасының бағасының тұрақтылығымен есептелетінін білсе керек-ті. Сондықтан да, көптеген қазақстандық сарапшылар бас банкирді қатаң сынға алған болатын.

Иә, инфляция бағымын бақылауда бұл әдісті Қазақстан ғана емес,  әлемнің өзге де  мемлекеттері пайдалануда. Дегенмен, жалған статистика жасап, халықты ғана емес, халық қалаулыларының өзін алдап соқпақ болған бас банкирдің, «Қазақстандағы инфляция көрсеткіші өте төмен», деуі сенімсіздік тудыратыны жалған емес. Әсіресе, 2014 жылғы «девальвация терапиясынан» соң қазақстандықтардың бас банкирге деген сенімі жоғалған болатын.

Келімбетов – Шоу  жалғасуы тиіс

Сонымен қатар, Ұлттық банк басшысының «Қазақстандағы инфляция мөлшері 2014 жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмендеген. Әсіресе, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының арзандауы мен алыс-жақын шет елдерден импортталатын тауарлар бағасының айтарлықтай төмендегені – елдегі инфляцияның түсуіне сеп болды», деген сөзімен Қазақстандағы инфляциямен күресудің нәтижесін көрсеткендей болған.

Дегенмен, Сенатты сөзіне сендірген бас банкир Қайрат Келімбетовтың вальюта нарығына қатысты мәлімдемесі сенімсіздеу естілді. «2015 жылдың 1 маусымындағы бағам бойынша теңгенің $1-ға шаққандағы мөшлері – 185,95 теңге болған. Қазіргі таңда Ұлттық банк тұрақты курстық саясатты ұстануда. Енді Қазақстанда теңге девальвациясы болмайды. Егер қажеттіліктен девальвация жасалуы керек болса, біз алдын ала хабарлаймыз.»

Қайрат Нематұлы жақын арада девальвация болмайды деп қанша шырылдағанымен, 2014 жылғы тосын өзгеріс халықтың қалтасына салмақ салғаны ел есінен ұмытыла қойған жоқ. Басқаша айтқанда, Ұлттық банк девальвация қашан тиімді деп есептесе, сол күні теңге курсын құлдырата салуы мүмкін. Бас банкирдің айтып отырған курстық саясаты осы болса керек-ті.

Келімбетов нені жасырып қалды?

Енді бас банкирдің Сенат алдында іркіп қалған сөздеріне тоқтала кетсек.

Біріншіден, банк секторындағы теңге өтімділігінің жеткіліксіздігі.

Екіншіден, банк жүйесіндегі активтердің қысқаруы. Мысалы, кейбір дереккөздеріде сүйенсек, 2014 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық екінші деңгейлі банктердегі активтере  2%-ға кеміген.

Үшіншіден, депозиттер базасының 3,7%-ға кемуі.

Айтпақшы, мұндай көрсеткіштерге тәуелсіз сарапшылар ғана емес, банкирлердің өздері де алаңдаушылық білдіруде.

Ұлттық банктің басқарма мүшесі Үміт Шаяхметова:

- Әзірге бұл цифрлар сектор үшін қауіпті емес. Дегенмен бұлай жалғаса беретін болса, депозиттік базадағы теңге айналымына қауіптің туындайтыны жасырын емес.

Қорыта келе, Қазақстанның экономикалық ахуалы - қуантарлық емес. Әр баяндамасында бас банкир түсініксіз статистикалармен әрлеп, жақсартып көрсетуге тырысқанымен, түйткілді мәселелер шешімін таппай, экономиканың өсуі мүмкін емес екені әмбеге аян. Десе де,Ұлттық банк басшысы үшін, проблемалардың шешімінен, имидж басымырақ болып тұрғаны жасырын емес. Мүмкін, Қайрат Нематұлы бірінші кезекте қаржыгер емес, жақсы менеджер, макроэкономист болғандықтан шығар. Халықтың сенімінен шыққан банкирдің баламасы жоқ па әлде? Мүмкін, Ақорда үшін бас банкирді қызметінен босатып, орына лайықты фигура іздестіру әлдеқайда тиімдірек болар ма еді?

Дереккөз: КазТАГ

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Қатысты Мақалалар