Жасарал Қуанышалин: Қазақ боксшыларының өзбектерден қолып қойғанына кім кінәлі?

/image/2019/08/14/crop-8_10_436x774_511f393ac2367.jpg

Ұлтымыздың №1-ші спорт түрі саналатын бокс өнерінде бұрын әлемдегі негізгі қарсыластарымыздың бірі - ала тақиялы көршімізден көбінесе басым түсіп жүрген қазақ былғары қолғап шеберлері соңғы жылдары (шамамен, 2015-2019), өкінішке орай, бұл бәсекеде (Олимпиада ойындары болсын, Әлем, Азия біріншіліктері мен Азиадалар болсын) үнемі дерлік олардан кемшін түсетін «ауруға» ұшырады. Және де мұндай жағымсыз жағдай негізінен ересектерімізге тән болып, ал жастарымыз тәуірлеу көрініп жүрсе, енді аталмыш «ауру» оларды да шарпығанға ұқсайды!

Өздеріңіз ойлап қараңыздар: осыдан бірнеше күн бұрын Кувейтте аяқталған кадеттер (мектеп оқушылары) арасындағы Азия чемпионатында қазақтар өзбектерден қирай жеңілді! Қирамаған несі қалды, егер өзбек-қазақ кездесулерінде есеп 8:1 болса!

Егер өзбек сайтынан алынған мәліметтерге сүйене отырып (біздің сайттар қарын ашытып, бұл чемпионат нәтижелерін ешқандай жүйесіз, тек әр жерінен үзіп-жұлып қана берді), нақтылай айтар болсақ, мынадай фактілерге куә боламыз.

Ширекфинал:
-35 кг: Хумоюнмирзо Абдурасулов — Павел Токарев (Казахстан) 5:0
-58 кг: Абдулазиз Абдурахманов — Аидос Матаев (Казахстан) 5:0

Жартылайфинал:
-40 кг: Фаррух Тулаганов — Амир Сеилхан (Казахстан) 5:0
-43 кг: Умидилло Абдурасулов — Бахтияр Анарбаев (Казахстан) 3:2
-46 кг: Бобурбек Бобожонов — Дархан Нуржигит (Казахстан) 5:0
-49 кг: Лазизбек Тулкинов — Султан Молдаш (Казахстан) 5:0
-64 кг: Шавкатжон Болтаев — Жандос Ерсултанов (Казахстан) 5:0

Финал:
-61 кг: Мирзоб Некбоев – Виктор Литвинов (Казахстан) 5:0
-67 кг: Шахбоз Ҳамидуллаев – Батирхан Сейтенов (Казахстан) 1:4

Медаль үлестіретін кезеңдерге назар аударсақ, жартылай финалға өзбектер барлық 14 салмақ бойынша қатысса, қазақтардан 9 салмақта 10 боксшы қатысты (43 кг. 2 боксшы), ал финалға 12 өзбек шықса, қазақтардан тек 3 боксшы ілінді.

Чемпионат қорытындысы:
Өзбекстан – 10 «алтын», 2 «күміс», 2 «қола».
Қазақстан – 2 «алтын», 1 «күміс», 7 «қола» 
(«алтынды» Батырхан Сейтеновтен басқа, +70 кг салмақта үнді боксшысын жеңген Ердос Шәріпбек алды).

2020 жылы Токиода Олимпиада ойындары өтеді. Не жасыратыны бар, мына қарқынмен қазақтар онда 2016 жылғы Рио де Жанейро Олимпиадасы көрсеткішінен де төмендеп кете ме деген қауіп мен мұндалайды. Естеріңізге сала кетейін: тәуелсіздік жылдары өткен барлық Олимпиадаларда тек жалғыз «алтын» алған өзбектер Риода айды аспаннан бір-ақ шығарып, 3 «алтын», 2 «күміс», 2 «қолаға» қол жеткізді және жалпыкомандалық есепте кубалықтардың өзін екінші орынға сырғытып, жеңімпаз атанды! Ал, тәуелсіздік кезінде 6 «алтын» алған қазақтар Риода 1 «алтын», 1 «күміс», 2 «қоланы» (біреуі әйелдер боксынан) місе тұтты.

Егер қазақ боксының болашағы – жастардың жағдайы жоғарыдағыдай дәрежеде нашарлап кеткенін, соңғы жылдары Қазақстанда әйелдер боксының да жағдайы мәз емес екенін, оның үстіне, АИБА президенті бола жүріп, «мафия мүшесі» деген күдікке ұшыраған өзбек Рахимовтың кесірінен жалпы Олимпиада бағдарламасынан шығып қала жаздаған ерлер боксының 10 салмағынан 8-і ғана қалдырылғандықтан (әйелдер боксы 3 салмақтан 5-ке көбейтілді) бәсекелестіктің анағұрлым арта түскенін ескерсек, қазақ боксының басына үйірілген қауіп бұлты қоюлана түсетіндей болып көрінеді. Сол себепті, жаман айтпай жақсы жоқ дегендей, дабыл қағатын сәт келген сияқты.

Мұндай жағдайда Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі, Бокс федерациясы және Бас құрамалардың жаттықтырушылар қауымы не айтар екен? Бұған дейін министр болған Арыстанбек Мұхамедиұлы (бұрынғы фамилиясы Әлиев) мәдениеттен де, спорттан да сауатсыздығы салдарынан бұл екі саланы да кері кетіріп, оның үстіне түрлі жанжалдардан көз ашпай, «порноминистр» атағын алса, жуырда оның орнына келген композитор Ақтоты Райымқұлованың әзірше көзге түскен «жетістігі» - өзінің ешқандай ұғым-түсінігі жоқ қазақ терминдеріне қырғидай тиіп, оларды қазақшадан «интерұлтшыл» қалыпқа ауыстыру жоспары ғана. Ал, оның спорттан ұғым-түсінігі, меніңше, тіпті нөлге тең.

Сондықтан бар үміт тек Бокс федерациясы мен жаттықтырушылар қауымында. Бұл тұрғыда, әрине, ең алдымен Федерация төрағасы Тимур Құлыбаевтың, бокстан ерлер және әйелдер құрамаларының бас бапкерлері Ғалым Кенжебаев пен Ерік Алғабектің пікрілерін білген артық болмас еді...

Жасарал Қуанышалин, фейсбук парақшасынан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар