Тәуелсіз Қазақстанның дамуында азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін дамытудың маңыздылығы ерекше. Мұның қоғамдық маңыздылығы неде? Әр азаматтың құқықтық іс-әрекетінен көрініс табуында.
Адамдардың белгілі бір мүдделеріне қатысты заң нормалары тұлғалардың санасы мен еркіне сүйеніп дайындалады. Сондықтан да сол заң нормаларында көрсетілген талаптар да адамдардың саналы әрі ерікті іс-әрекеттері нәтижесінде орындалады.Осы орайда А. Байтұрсыновтың: "...закон шығарушылар халықтың қағидалы қалпын, салтын, мінезін жақсы білуі тиіс. Оны білмей шығарған закон халықтың түзелуіне емес, бұзылуына себеп болмақшы" деген пікірі тек қана заң шығарушылар үшін ғана емес, заң үстемдігіне жетуге талпынған барлық азаматтар үшін де алтын қағида болары анық.
Біздің еліміз де азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құруды жүзеге асыруда. Азаматтардың құқықтық мәдениеті жоғары болған сайын құқықтық нормалардың сақталуы да, мүлтіксіз орындалуы да, іске асырылу деңгейі де жоғары болады. Дамыған мемлекеттің азаматы "құқықтық талаптарды міндетті түрде мүлтіксіз орындау қажет, себебі бұл менің өміріме, қоғамның дамуына пайдалы" деген нақты қағиданы түсінеді.
Құқықтық мәдениетке қарама-қайшы келетін құбылыс – бұл құқықтық нигилизм. Оның пайда болуына не себеп болады? Атап айтар болсақ, ең алдымен азаматтардың көптеген бөлігінің заңнан хабардар болмауы, өз елдерінің заңдарын білмеуі, құқықтық тәрбиенің өз деңгейінде жүргізілмеуі.
Құқықтық нигилизмнің көріністері: қолданыстағы заңдарды, нормативтік құқықтық актілерді қасақана бұзу, заң тұжырымдарын сақтамау, орындамау, барлық деңгейдегі мемлекеттік өкілеттілігі бар және басқарушы органдардың іс-қимылдарының үйлесімсіздігі, адамның құқықтарын, әсіресе, өмір сүру, абырой, ар-ождан, қадір-қасиет, тұрғын үй, мүліктік, т.б. құқықтарын бұзу,тәуелсіздік, мемлекеттік тұтастық идеяларын мойындамай, сепаратистік көзқарасқа бой алдыру. Бұл дегеніміз құқықтың құндылығын саналы түрде жоюға, жоққа шығаруға бағытталған әрекет болып саналады. Яғни құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің дамуына кедергі жасайды.
Егер біз қазақстандық қоғамда гуманистік және демократиялық қатынастар жүйесін құратын болсақ оның қызмет етуіне жағдай жасауымыз қажет. Олай болса азаматтарды құқықтық мәдениетке тәрбиелеудің мақсатын ең алдымен әлеуметтік деңгейде анықтап алғанымыз дұрыс. Тұлғараалық қарым-қатынас мәдениетіне балабақшадан, мектеп қабырғасынан баулу арқылы өмiрде өзара әрекеттестiктiң iзгiлiк қағидаларын ерiктi түрде орындай және қорғай бiлетiн құқықтық мiнез-құлықты қалыптастырамыз. Осының нәтижесінде өнегелік- құқықтық мәдениеті жоғары тұлғаны әлеуметтендіруге қол жеткізе аламыз. Бұл тұлғаның жауапкершілігі, тәртіптілігі, еңбексүйгіштігі, заңды құрметтеуі, жеке басының намыс сезімі, білімге құмарлығының артуы сияқты іс-әрекетінен көрініс табады. Сондықтан да бала кезден бастап азаматтарға құқықтық білім беру, құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін қалыптастыру әлеуметтік дағдыларды меңгерудің,өмірге бейімділіктің, жеке тұлғалық қабілеттерін қалыптастырудың алғы шарты болып табылады.
Ағима МАХАНБЕТОВА,
«Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы филиалы Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлері біліктілігін арттыратын Республикалық институтының Білім беру үдерісін психологиялық-педагогикалық қолдау кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты
Пікір қалдыру