Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Құрама штаттарына жұмыс сапары басталды. Президент Нью-Йоркте 23-25 қыркүйек аралығында өтетін Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының 74-сессиясына қатысады, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Нұр-Сұлтаннан ұшып шыққан нөмірі бірінші борт әлемдегі қаржы және саяси орталықтардың бірі Нью-Йоркке кестеден кешікпей қонды, деп жазады 24.kz. Сапар 5 күнге жалғасады деп жоспарланып отыр. Оның аясында көптеген шет мемлекеттердің басшыларымен екі жақты кездесулер өтеді. Алғашқылары елорда уақыты бойынша бүгін кешкі сағат 11-де басталады.
ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің хабарлауынша, Бас Ассамблеяның жұмысына 196 делегация, 100-ге жуық мемлекет басшылары, БҰҰ-ға мүше елдердің 80-нен астам Үкімет және сыртқы саясат ведомстволарының жетекшілері қатысады.
"Осы маңызды шараның аясында 630 түрлі кездесулер өтеді деп жоспарлануда. Мемлекет басшысы Бас Ассамблеяның Жалпы пікірсайысында баяндама жасайды. Биыл аталған пікірсайыс "Кедейлікті жою, сапалы білім беруді және климатты сақтау іс-қимылдары мен жан-жақты тәсілдерді ілгерілету үшін көп жақты күш-жігерді шоғырландыру" тақырыбында өтеді", – деп жазады Берік Уәли Ғacebook парақшасында.
"Президент тұрақты даму мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі саяси Форумда сөз сөйлейді. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, бірқатар мемлекет және Үкімет басшыларымен, халықаралық ұйым жетекшілерімен, америкалық бизнес және трансұлттық компания өкілдерімен, АҚШ-тың саяси және сарапшы топ мүшелерімен кездесуі жоспарланған. Қазақстан Президентінің БҰҰ БА-ның жоғары деңгейдегі жиынына қатысуы еліміздің бірқатар сыртқы саяси бастамаларын ілгерілетуге бағытталған. Атап айтқанда, қарусыздандыру және оны таратпау, бітімгершілік, терроризмге қарсы әрекет ету ұстанымдары талқыланады. Сонымен бірге кең ауқымды халықаралық аудиторияның назарына орнықты даму, азық-түлік қауіпсіздігі, денсаулық сақтау және білім беру жүйесімен жаппай қамту, қоршаған ортаның азып-тозуы сынды жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге қатысты Қазақстанның көзқарасы ұсынылады", – деді ҚР Президентінің баспасөз хатшысы.
Айта кетейік, президенттің АҚШ-қа келуі қарсаңында америкалық беделді басылым "The Hill" газетінде оның мақаласы жарық көрді. Мақалада еліміздің экономика мен саясаттағы басым бағыттары түсіндіріліп, осы сапардың маңыздылығы баяндалған.
Пікір қалдыру