Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ «Әуелі экономика, сонан соң саясат» қағидасын ұстанып, инвестиция тартуға, өндірісті өркендетіп, индустриалдық-инновациялық аймақтар құруға, ауыл шаруашылығын дамытып, шағын және орта кәсіпкерлікті өркендетуге көңіл бөлді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та стратегиялық сабақтастықты сәтті жалғастырып, экономикалық реформалардың жүйелі жүзеге асатынын аңғартты. Президенттің «Сындарлы қоғамдық диалог- Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында бизнесті дамытуға баса назар аударуы осы сөзімізді нықтай түскендей.
Қазіргі таңда Жамбыл облысында кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтеге бағытталған баянды бастамалар қолға алынуда. Соның бірегейі қосалқы шаруашылықты дамыту жайы. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов ұсынған пилоттық жоба бүгінде Үкіметпен қатар бұқара барапынан да қолдау табуда. Аталмыш жоба аясында тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған 5 бағыт қарастырылып отыр.
Атап айтқанда, бірінші - үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану; Екінші - үй ауласында мал және құс өнімділігін арттыру;
Үшінші - ауыл сыртындағы пайлық үлес жерлерді ұтымды пайдалану, сол арқылы жем-шөп, жайылым мәселесін шешу;
Төртіншісі - қосалқы шаруашылықтардың тиімділігіне қол байлау болып отырған мәселелерді кооперативтер арқылы шешу;
Бесінші бағыт - ауылдағы шағын жобаларды қаржыландыру.
Осы 5 бағыт бойынша жалпы құны 46,4 миллиард теңге көлемінде 31 мыңнан астам жобаны іске асыру мүмкіншілігі анықталып отыр.
Бұл шаралармен қандай нәтижелерге қол жеткізуге болады?
Біріншіден, 131 мың отбасы немесе 600 мыңнан астам адам айына орташа есеппен 128 мың теңге көлемінде тұрақты табыспен қамтылады. Бұл бүгінгі деңгейден 4 есе жоғары;
Екіншіден, 68 мың өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар Жеке кәсіпкерге айналады;
Үшіншіден, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 34%-ға ұлғаяды.
Төртіншіден, сүт пен етті қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 30 пайызға артпақ. Жаңа өңдеу кәсіпорындарын құруға мүмкіндік ашылады.
Бесіншіден, ауылдағы үй іргесіндегі және пайлық жерлердің тиімділігі артады.
Пікір қалдыру