Ресейдің Саяси конъюнктура орталығы ресейлік губарнаторлардың Instagram-аккаунттарын зерттеп, оқырмандарының 30 пайызы бот яғни жанды қолданушы емес, арнайы бағдарлама немесе фейк екенін анықтады, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі rbc.ru сайтының дерегін негізге алып.
Кей губернаторлардың аккаунтында боттар қолданушылардың 40 пайызын құраған.
Мамандар фейк аккаунттарды IG Audit сервисінің көмегімен анықтаған. Бағдарлама пост пен жазылушы және лайк санын сараптап, белгілі бір критерий негізінде шынайы жазылушыларды бөліп шығарған. Мәселен, 100 мың оқырманы бар аккаунттың жариялымдары орташа есеппен 700-800 лайк жинаса (1 пайызға да жетпейді), онда оқырмандардың шынайылығына күмән туады. Бұл тәсілдің дәлдігі 92 пайызды құрайды дейді мамандар.
Әлбетте, мамандар өзі келіп жазылатын боттардың барын да жоққа шығармайды. Бірақ дәл мұндай жоғары шамада емес.
Боттарды жинау аккаунтты танымал ету, жазылушылар санын арттыруда кең қолданылатын тәсілдердің бірі.
Қызық, бұндай тәсіл қазақстандық шенділер арасында қаншалықты жиі қолданылады екен. Тоқаев президент атанған сәттен барлық дерлік әкім-қаралар мен биліктегі шенді-шекпенділерге халыққа етене жақын болу, олардың үнін есту, ашықтық қағидатын ұстану мақсатында әлеуметтік желілерден аккаунт ашуды тапсырған болатын. Бүгінде әлеуметтік желі арқылы біршама мәселелердің шешіліп жатқанын да жоққа шығара алмаймыз.
Instagram желісінде оқырмандарының саны жөнінен шенеуніктер арасында президент Тоқаев көш бастап келеді. Оның 708 мың оқырманы бар. Премьер-министрдің кеңесшісі Ғабидолла Әбдірахымовқа 218 мың, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа 165 мың, "Nur Otan" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке 120 мың, ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовқа 108 мың, елорда әкімі Алтай Көлгіновке 77 мың, Сенат төрағасы Дариға Назарбаеваға 1300 қолданушы жазылған.
Аталмыш цифрларды арнайы сервиске салып тексерсе, шынайы жазылушылар саны азаяры анық.
Пікір қалдыру