Экологиялық Кодекске сәйкес 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚТҚ полигонында қалдықтардың 17 түрін, соның ішінде қағаз, пластик, шыны және т.б. қабылдауға тыйым салынды. Алайда қала тұрғындары үшін бұл қабылданған заңның айтарлықтай әсері бола қоймады.
2018 жылы еліміздің түрлі қалаларына қоқысты сұрыптап жинайтын арнайы контейнер орналастырылған болатын. Уақыт өте келе барлығы дерлік жарамсыз болды. Контейнерлерді пайдаланудың орнына тұрғындар күнделікті әдетінше қоқысқа жуынды, қағаз, пластик заттарды тастап жатыр.
Жоғарыдағы айтылған мәселенің оң шешімін іздеп, түрлі жоба мен жаңа бастамалары арқылы халықтың эко сауаттылығын арттыруға зор үлес қосып жүрген, қоқысты сұрыптап бөлуге арналған «Tazalyk» атты эко жобаның негізін қалаушы Айбек Рахим шағын сұхбат жасаған болатынбыз.
- Қоқысты сұрыптау мәселесінде мемлекет тарапынан қандай қателік жіберілуде?
- Кезінде Алматы қаласы бойынша біраз контейнер қойып, жұмыс жасала бастаған болатын. Бірақ осы жерде қалып қойған фактордың бірі - адамдармен жұмыс жасау. Контейнер қойдық, алайда тұрғындарға оны не үшін қойғанымызды айтып, түсіндірмедік. Қоқысты не үшін бөлу керек, осы сұрақтың жауабын да бермедік.
Халықтың "қоқысты не үшін сұрыптаймыз, оны бәрібір машина алып кетіп, бір қоқыс тастайтын жерге апарады" деген түсінік қалыптастырған. Негізінде әртүрлі компания түрліше жұмыс жасайды. Біздің компанияда бір эко бокс пластик жинау үшін, екінші эко бокс әйнек жинау үшін. Соның бәрін түрлі ұйым, мекемелерге орнатамыз. Бір көлік келіп алады, алайда контейнер ішіндегі пакеттер түрлі бөлінген. Яғни бізге халық оны сұрыптап дайындап берді, біз цехта тағы сұрыптап, қайта қалпына келтіруге тезірек кірісе аламыз.
- «Tazalyk»қосымшасы жайлы кеңірек айтып өтсеңіз?
- Бұл ұялы телефон арналған арнайы қосымша. Бұны адамдардың эко мәдениеттін дамыту үшін жасадық. Көбісі қоқысты қай жерге тапсыруға болатынын біле бермейді. Мысалға сізде керек емес киім, заттар бар делік. Қосымшада оны басқа адамға жаратуға беруіңіз үшін түрлі мүмкіндіктер қарастырылған. Сол үшін де ұялы телефонға жүктелетін бағдарламаға өз аккаунтыңызды жүктей отырып, өзіңізге жақын жерде орналасқан эко боксқа қоқысқа тастайсыз. Әр лақтырған қоқыс үшін қосымшада бонус беріледі. Бұл да сіз үшін мотивация және әдет қалыптастырудың бір жолы. Біріншіден, олар қоқысты тапсыру арқылы бонус алады, сол бонус арқылы кофеге айырбастай алады.
- Шетелде осы мәселемен қалай күреседі немесе қандай ерекшеліктері бар?
- Шетелде жеке бизнес пен мемлекет тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бірлесіп түрлі жобалар атқарады. Қоғамдық орындарда, көлік, автобус, метро тұрақтарында эко мәселе жайлы ақпарат кеңінен таратылған. Бізде қоқыстың мәселесі адамдарға сезілмейді. Мысалға әкімдікте отырғандарға да, жеке меншік компания басшысына да әсері етпейді. Осы себепті бұл мәселеге акцент жасалынбайды. Басқа елде бұл нәрсеге фокус пен акцент жақсы қойылған. Бұл экономикалық тұрғыдан өте пайдалы. Бизнестің қоқыс саласына мойын бұрмауының бірден-бір себебі - өздері жасап жүрген жұмыс өздерін қанағаттандыратындықтан. Олар "не үшін біз қоқысты сұрыптау керекпіз?" деген сұраққа жауап бермеген сияқты. Қарапайым ғана мысал. Себебі, сіз оны сұрыптамасаңыз бір кірпіні өлтіріп алуыңыз әбден мүмкін. Жеке бизнес жасаушы компания өз әрекеттерінің ықпалы мен әрекетін жете түсінген кезде бұл да елімізде жақсы қарқын ала бастайтын болады.
Топыраққа төгілген қоқыстан зиянды химикат өтіп кететін болса, бізге бұл еш пайда әкелмейді. Иә, фильтр бар. Олардың бәрі химикатты ұстап қала алмайды. Бұның бәрі үлкен мәселе және дер кезінде шешімін табу керек.
Қазақтың жері байтақ болғандықтан да еш ойланбастан, алыс шалғайға қоқыс лақтыратын полигондарды орната береміз. Алайда ол жақты ешкім мекен етпейтіндіктен оны ешкім көрмейді де, қоқыс жинала береді. Бұның бір шекті нүктесі бар деп ойлаймын. Мысалға жылдың басында қоқыс полигоны жанды. Сол уақытта Алматыда кәдімгідей иіс сезілді.
Пікір қалдыру