Жамбыл ауданының Ақбұлым ауылындағы Қарасай шатқалындағы петроглифтер қола және ерте темір дәуіріне жататын археологиялық ескерткіш саналады. Сондықтан да бұл нысан 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне алынды, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Қарасай петроглифтерін құрамына С.Ақылбек, Ш.Құдабаев сынды ғалымдар енген «Археологическая экспертиза» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің экспедициясы есепке алып, жинаққа енгізген. Экспедиция кезінде ғалымдар суреттердің кейбірі шатқалдың орта тұсындағы биік жартастарға, аздаған бөлігі қырдағы тастардың тегіс бетіне салынғанын байқаған. Мұнда негізінен адам бейнесімен бірге тауешкі, бұғы, елік, түйе, бұқа сынды жануарлардың сұлбасы қашалған. Бұқалар мен түйелердің бейнелері ірі көлемде және нүктелеу тәсілімен салынған. Басқа да аңдардың нобайлы бейнелері білінеді. Қарасай шатқалындағы тастардың беттерінен отыздан аса бейне анықталды.
Аталған петроглифтердің ішінде күн басты Сібір бұғысының бейнесі ерекше көзге түседі. Тарихшылар мұндай бейненің ежелгі қола дәуірінде көптеп салынғанын мәлімдейді. Аң стилінде салынған суреттердің арасынан ежелгі көшпенділердің бейнелеу өнерінде кең таралған жылқы бейнесі де кезіктіруге болады. Бұл жылқы малы қолй үйретілген энолит кезеңінде салынған бейнелер болуы мүмкін.
Жалпы Қарасай петроглифтерінде адамдардың аңшылық іс-әрекеттері сомдалған. Ал кей бейнелерде тауешкілерді асқан шеберлікпен бейнелеу сол қоғамда бұл аңның киелі аңдар қатарына жатқызылғандығын айғақтайды. Жартастағы суреттердің арасында кейде түйе бейнелері де кездеседі. Әрі суреттерден ерте заманнан түз тағылыры мен төрт түлік иесін құрметтеу, қару-жарақты кие тұту нышандары байқалады. Бұл наным-сенімдер қазақ халқының дәстүрлі ғұрпында күні бүгінге дейін сақталған. Өйткені қазақ халқы әлі де төрт түлік малды қасиет тұтады.
Қола дәуірінен бізге жеткен теңдессіз мәдени мұра арқылы бүгінгі ұрпақ сол дәуірдегі тас қашаушы шебер суретшілердің сол кездегі өмірге көзқарасын, таным-түсінігін тани алады.
Пікір қалдыру