Осы бір күндіз естен, түнде түстен кетпейтін сапардың қарсаңында, өз басым Анадолы еліне жетпей-ақ, Алатау бөктерінде толқынысқа толы күйде жүрдім. Себебі, берісін айтсақ туыстас түрік жұртының ту тіккен құт мекені, арысын айтсақ күллі адамзатқа ортақ өркениеттің ұлы қазаны іспетті Ыстамбұл қаласына бару – елдің өткені мен кеткеніне көбірек үңіліп жүретін біздің санамызға сантүрлі сауалдар әзірлеп қойған болатын. «Тірісінде Ыстамбұлды көрген кісіде арман бар ма?» деген көне айтылым құлағымда жаңғырып көп жүрді. Атақты Напеолон:«Егер жеңіске жетсем, осы атақты қаланы империяға астана етер едім» деп аузының суы құрыса, ал, Бабам Доспамбет жырау: «Азаулының Ыстамбұлдан несі кем» деп екі ірі қаланы шендестіре шерін төгеді.
Украин астанасы Киевке төрт сағат аялдап алып, Ыстамбұлға бет түзеген ұшақ алып қаланың жаңа әуежайына келіп қонды. Қаланың шектен тыс ұлғайып кетуіне байланысты, Ыстабұлдағы Ататүрік әуежайын көшіріп, қаладан ұзақ байтақ жазыққа салған жаңа әуежайы осы екен. Бұл ұшақжайдың өзі бір шағын қала сияқты. Өте үлкен әрі заманауи құрылыстармен гүлдей жайнап тұр.
Бізді осы қалада тұратын, енді ғана елгезек желі арқылы сырлас досымызға айнала бастаған Ерлан атты азамат күтіп алды. Алматыдан келген сегіз жолаушы екі таксиге бөлініп орналастық. Екі жеңіл көлік үлкен шаһарға кіретін күре жолда құйрық тістесіп зымырап келеді. Тарихта батыстап жылжи көшіп, жығыла қонақтап, Егей теңізіне ат басын тіреген оғыз түріктерінің еліне емес, өзіміздің аталас бір туыстың үйіне келе жатқандай көтеріңкі көңіл-күйдеміз. Күн шайдай ашық. Даңғылда кептеліс жоқ. Көз алдымнан осыдан мың жыл бұрынғы арпалысқа толы Анадолы тағдыры көшкен керуендей елес беріп жатты. Мінген жеңіл көліктеріміз үлкен жолдан бұрылып, Қаланың ішіне іліне бере қилы-қилы соқпақтардан өтіп, "Kupeli palace"деген ақ боз үйге тұмсығын тіреп тоқтады.
Ерінбей жазған кісіге ұшақжайдан қала орталығына дейінгі елу шақырымдық осы жолдың өзі бірталай сыр айтар еді. Өзгеше үлгідегі қала, сеңдей соғылған көп адам, көшенің тарлығы, ырғағы тез шаһар өмірі, көне мен жаңа ұштасқан сантүрлі құрылыстар, бой таласқан ғимараттар. Бәрінен қызығы, анда-мұнда шеті көрініп қалатын алып теңіз...
Қонатын жерге орналасып алған соң, Ерлан екеуміз ойлы-қырлы көшелер бойымен жаяулатып, кеңес құрып, жүріп кеттік. Бағыт – Сұлтан Ахмет мешіті. Алакеуім ақшамда тұла бойы тұнған жәдігер, тарихтың сан түрлі сын сағатын басынан өткізген осы құлшылық үйіне кіріп шықтық. Жарты бөлігіне қайта жөндеу жұмысы жүріп жатса да, алты мұнаралы асқақ мешітке келушілер көп-ақ екен. Әлемнің әр бұрышынан келетін адамзат баласының бәрін таңдандырып, маңдайына ілген құран сөзімен нұрланып, бәз баяғысындай, биіктік пен тазалықтың, көнелік пен қайсарлықтың символы болып, еңсесін тіктеп тұр екен ежелгі ескерткіш.
Сол төңіректегі шайханалардың бірінен түріктің қою қара шайын ішіп, тамақтандық. Ерекең де қазақ сөзінің қаймағын қалқыған білімді жігіт екен. Әңгіменің тиегін ағытып отырды. Бұл дастарқанда Адматыдан келген тағы бір жұп жаспен бірге дәм татыстық. Мен бұл жолы төңірекке ой жүгірте қараумен және жігіттердің әңгімесін тыңдаумен болдым. Жатар уақыт жақындап келе жатқанда жан-жаққа тарастық. Мен өзім бағана жүріп келген бір шақырымдай қилы-қилы соқпақтарыммен жаяу жүріп, түселханаға қайттым. Көшедегі үйлер, қия беткейлерге орналаса салған. Жолдар қатты тар. Өте абайламаған кісі кез келген көше қиылысында көлікке соғылуы мүмкін сияқты. Бірақ бұл жердің жаяуы да, көлік тізгіншісі де, осы сұрапыл шапшаң өмір ырғағына үйреніп кеткен сияқты.
Түрікше үлкен көшелер «жәдде» деп, шағын, қысаң көшелер «сокак» деп аталады. Сокак – қазақтың «соқпағы» ғой. Түрікшені үйренбеген қазақ кемінде елу пайыз түсіне алады. Ал, бұл туысқандардың тіліне енген араб, парсы, ағылшын, француз тілдерінің элементтері көп болғандықтан, қалған сөздік қорды сізге сапар барысындағы өмір сыйлайды. Түркияда бір ай тұрған кісі кәдімгідей түрік тілін үйреніп кете алады. Ал, екі айдан бастап түріктермен ұрсыса алатын деңгейге жетесіз. Ерлан Ыстамбұлға келгеніне үш-төрт жыл болған жігіт. Ал, ол қазір түріктерге жаңылтпаш үйрететін деңгейге жетіпті. Түрік тілінде де қазақ тілі сияқты көне түркілік сөздер, етістіктер баршылық. Тек біздің ана тілімізде мағыналық қуаты солғындаған кейбір сөз түріктерде сол күйін сақтаса, ал керісінше бізде мағынасы қоюлана түскен кей атаулар, бұларда мағынасы тарайып кеткен. Бұл тілдердің табиғи даму құбылысы. Мысалы, түрікше кардеш (аға, іні, қарындас, бауыр), ұлашмак (ұласу, жету), т.б.
Менің сапарластарым Қазақстан ғылым орасындағы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультеті, жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедерасының бірлескен бағдарламасы бойынша білім алып жатқан 2-курс магистранттары. Группаластардың менен басқа жетеуі түгелдей нәзік жандылар. Біз әдеттегідей магистранттар өтуге тиісті шетелдегі практика тағылымдамасы үшін, жыл бойы дайындалып, осы бірегей шаһарға жол тартқанбыз.
Осы күні алыс жолдан шаршаңқырап жеткендіктен ешқайда қыдырмай, демалып қалдық. Түскен қонақ үйіміз теңізге жақын орналасқандығынан болар, жатын бөлмедегі дымқыл иіс тым жағымды бола қойған жоқ. Оның үстіне түн бойы тасырлатып Ыстамбұлдың жаңбыры жауып-ақ берді. Таңғы асты қонақ үйде іштік. Таңғы ас түрі мол, дәмі тіл үйіретіндей кермет болады екен.
Ыстамбұлда қонақ үй бағасы тым қымбат. Ал, біз оқу сапарымен жүргендіктен, арзанырақ қонақ үйге тапсырыс бергенбіз. Біздің практикадан өтуге тиісті Ыстамбұ университетіндегі жауапты кісілер осы қонақ үйдің бағасын қолжетімді деңгейге келісіпті. Сонда да кісі басына 100 лира яғни 7000 теңгеден айналады. Ал, басқа жолаушылар үшін бұдан да қымбат. Себебі, бұл университетке және саяхатшылар көп жүретін көрнекті жерлерге жақын болғандықтан, әрине бағасы асқақтап тұр. Енді жай мейманханалар осындай болғанда, атақты қонақ үйлердің бағасы аспанда деп ойлай беріңіз. Сонымен, бір күн бұл үйде тынығып, дамылдап алған соң, біз қонақ үй емес, қолжетімді пәтерге көшу туралы шешім қабылдадық.
Кезінде бабаларымыз «қала сайын үй сал» деп тәмсілдеген. Онысы әр жерде ат байлар ағайының болсын, алыс-жуықтағы ағайыннан байланыс үзбе дегені ғой. Ал, бұл елде менің туыстарым баршылық.
Түркияда осыдан сексен жыл бұрын Қытайдағы қызыл коммунистік қырғыншылыққа қарсы соғыса жүріп, қырылып, орасан зор шығындар, құрбандықтар беріп, Алтайдан дүркірей көшіп, Аспантау атанған Гималайдан асып, Пәкістан арқылы Түркияға жеткен батыр қазақтардың ұрпақтары тұрады. Біздің осы сапар естелігімізді үнемі оқып отырсаңыз, мен сізге сол есіл бабалардан қалған бақытты ұрпақтардың киелі дастарқанында болғанда, жата-жастана әңгімелесіп жазып алған қанды хикаяларды айтып беремін. Менің туыстарым да сол кісілер. Жалпы Түркияда ұзынсаны жиырма мыңнан асатын қазақ тұрады. Олардың көбі кезінде сол Қытай қырғынынан аман өтіп, осында ат басын тіреген Алтай қазақтары.
Жатын орын мәселесіне байланысты мен енді осы туыстардың біріне қоңырау шалдым. Ол кісі маған ешкімнен жәрдем күтпей, ешқайда табан тоздырмай, сапарластарымды бастап үйіне келуімді тапсырды. Мінеки, қуаныштан жүздері жайнаған қыздарды ертіп, чемодандарымызды жетелеп, енді біз «метро стансасы, қайдасың?» деп жүріп кеттік. Түріктерден жол сұрап отырып, жаяу-жалпылы метроға да жеттік. Ыстамболда метро желілері өте көп. Бағыт-бағдарларды әбден біліп алмаған кісі, басқа жаққа кетіп қалуы бек мүмкін. «Жүріп көрмеген жердің ойлы-шұңқыры көп» дейді қазақ. Сондықтан, жол мөлшерін білмеген кісі бұл адам теңізінен құралған үлкен қалада такси ұстауы ыңғайсыз талғам. Себебі, саяхатшылардан бір минут арқасы босамайтын Ыстамбұл көшесінің кейбір көлік тізгіншілері шеттен келген жолаушыларды алдап-арбап, жақын жерге алыс жол жүріп, қалтасын қағып алуы да ықтимал. Осы жәйттерді бұрын да естіген біз метроның құлағы көрінгенше жаяулата салдық.
Бір қызығы біз станса аты мен желі атын шатастырып алып, басқа бағытқа кетіп қалыптық. Мәрмәрай бекетінен Зейтүнбұрнұ бекетіне екі бекет жүретін жолды біз, білместікпен басқа бағытпен ауыстырып, артық уақыт жоғалттық. Дегенмен, мұндай ғажап қалада адасудың өзі бір ғанибет емес пе! Ыстамбұл жер асты жолдары Мәскеу, Лондон, Бейжің сияқты өте көп. Жер асты-үсті түгелдей темір жолдармен тұтасқан. Тунелдер бір-бірімен шырма-шату айқасып өтіп жатады. Сондықтан, алғаш бара қалғанда, метро қызметкерлерінің жәрдеміне, карта мен интернет көмегіне сүйенудің әбестігі жоқ. Ірі қалаларда такси мен автобусқа қарағанда метро ең қолайлы көлік саналады. «Ытамул кард» деп аталатын жол жүру картасына лайықты ақша салып аласыз да, жердің асты-үстін шарлай бересіз. Жол ақысы 2-3 лира яғни 150-300 теңге көлемінде басталады. Жүрер жол ұзаған сайын, ауысатын желілер саны көбейген сайын төлейтін жол ақы да өсе береді. Автобус бағасы да осымен қарайлас. Трамвай, троллейбустер де өте қолайлы. Және өте тез келеді. Қалада кептеліс болады. Бірақ 20 миллион халық тұратын қалада бұл заңды да. Дегенмен, бұл алып қаланың транспорты негізінен өте жақсы дамыған. Іркіліссіз, кедергісіз.
Сонымен, ақыры біз зейтүнбұрнұдан Бешір Көсе ағамызды таптық. Бешір бізді «Қазақ-Түріктері» қоры атты қоғамдық ұйымның мекемесінде қарсы алды. Бешір Көсемен бұрын телефонда сөйлескенім болмаса, тұңғыш жүздесуім осы. Гималайдан асып, соңғы үміттерін мұсылман түріктерден күтіп үздіксіз көшіп, мың михнатпен ыстамболға жеткен Алтай қазақтарының бір ұлы осы кісі. Өзі Түркия қазақтарының арасынан шыққан дәстүрлі әнші, өнерпаз азамат. Атақты әнші болмаса да, түрік баласы ту тіккен атақты Алтайдан ауған елдің сағынышын әуенімен жеткізіп жүрген өнер иесі. Қазақстанда да бірнеше рет шығармашылық кешін өткізген. Ыстамбұлдағы қазақтар арасында Бешір көсенің құрметі жоғары. Біз бұл жерден тізе бүгіп, тыныстап, шай іше отырып кеңестік. Аталған қоғамдық қордың президенті Яқұп бей деген ағамызбен таныстық. Ол кісі де ұзақ көшпен келген кісілердің ұрпағы екен. «Бей» түрікше аға, ағай деген сөз.
Автор белгілі әнші Бешір Көсемен бірге
Шайдан соң, Бешір Көсе бізді өз үйіне бастады. Қаланың көрікті жеріне қоныс тепкен әдемі үйге келіп жайғастық. Қазақта «үйден қырық адым аттап шықсаң мүсәпірсің» деген мақал бар. Мүсәпір қиындық шеккен кісі ғана емес, жолаушы, қонақ мағынасында да қолданылады. Ал, түріктер «мусафир» деп жолаушыны айтады. Мейлі қалай деген күнде де, жолаушы өз үйінен шыққан соң, межелеп көрмеген азды-көпті қиындықтарға жолығары даусыз. Сонымен, атажұрттан ат терлетіп бір топ жас Бешір бейдің жарты айлық құдайы қонағы болды. Өз ағамыздың үйіне келгендей ғаламат күйде болып, қабағат қуандық. Әсіресе аршаңқырап қалған қыз балалардың шаттығында шек жоқ. Осылайша, орын мәселесі жеңіл шешіліп, қыздарды орналастырып болған соң, мен қаланың тағы бір қиырында тұратын апайымның үйіне кеттім.
Апайым арнайы такси жіберіпті. Мені құрметті қонақ ретінде шақырып отырған апайымыз да алақұйын жылдарда көшкен елмен бірге келген туыстарымыздың қызы еді. Мені алып кетуге келген таксиші де солай. Аталары жиырма жылдық үркін-қорқын ұзақ көшарқылы аман-есен осында жеткен екен.
Мен баратын жердің аты – Гүнешлі. Қазақша күнгей, күн шуағы мол жер дегенді білдірсе керек. Жол бойы көлік иесі – Айқынмен әңгімелесіп келемін, толқып келемін. Толқыған көңілді Мәрмәр теңізін жағалап жүретін іркіліссіз кең даңғыл одан ары тербей түсуде. Аспан алабұлттап тұр. Шағала-қаздар, көкқұтандар, сұқсұр үйректер аспанға атқан оқтай қалықтап ұшып барып, қанаттарын кең жайып, қайтадан мамырлап ұша жөнеледі. Аспан мен жер, толқыған көңіл мен толағай өмір тоғысқан ұлы суретті өз бояуымен, тіл арқылы бейнелеп беру де қиын.
Осыдан кейінгі бай мазмұнды ғажап сапарымыздың жалғасын келер жазбамыздан оқисыз. Алты алаштың аса ауқымды бір шоғыры түріктер құрған қағанаттың орталығы, дүние өркениетінің қайнаған ірі ошағы, күллі әлем көз тіккен Ыстамбұлды бірге аралайық.
Әділет Ахметұлы
Ақын, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің қызметкері
Пікір қалдыру