Акцияға өңірдегі мәслихат депутаттары, өнер қайраткерлері, блогерлер, қоғам қайраткерлері, спортсмендер мен БАҚ өкілдері, студенттер мен қала тұрғындары қатысты.
Аталмыш республикалық акция ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Басты мақсат – елімізді көгалдандыру жұмыстарын жүргізу. ШҚО-дағы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Мұрат Құсаиновтың айтуынша, бүгін аймақта 6 мың түп көшет отырғызылды.
– Біз орман шаруашылығынан 13 түрлі ағашты әкелдік. Өскемендегі Есенберлин даңғылында 1100 түп, оның ішінде қайың мен қылқан жапырақты ағаштар бар. Жалпы, көшеттерді егу жұмыстары көктемде басталды. Сол кезде 132,8 мың түп отырғызылды. Таяуда облыстағы барлық мектепте экологиялық сағаттар өткізілді. Оған қатысушылар 4 мың түп ағаш көшетін екті. Ағымдағы жыл соңына дейін 150 мың түп ағаш көшеттерін отырғызуды жоспарлап отырмыз.
Айта кетейік, облыс көлемінде сенбіліктер ұйымдастырылды. Көшелерде санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді.
– Осы ағаштар өскен кезде қаламыз бұрынғыдан да көркейе түседі. Біз өзіміз тұрып жатқан жердің экологиясын сақтауымыз керек. Өйткені бұл бізден басқа ешкімге керек емес, – деді "Экосервис-С" ЖШС-нің директоры Ерік Сандыбаев.
Пікір қалдыру