ШҚО Шүлбі кентінде "Жастар жылына" орай "Ұлан" әскери-патриоттық және азаматтық тәрбие беру орталығының базасында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жүлдесіне арналған "Aibyn" VI облыстық әскери-патриоттық жастар жиыны өтті.
Жиынға Шығыс Қазақстанның қалалары мен аудандарынан жиналған он әскери-патриоттық топ қатысты. Барлық қатысушылар-қалалық және аудандық кезеңдердің жеңімпаздары.
Екі күн бойы қатысушылар саптық дайындық, физикалық нормативтерді тапсыру, автомат құрастыру мен бөлшектеу, әскерилендірілген кросс сынды жарыстарға қатысып, "Айбын дауысы" вокалдық фестивалінде өнерлерін көрсетті. Жиын аясында "IQazaqstan" зияткерлік ойыны мен робототехникадан "Менің роботым" атты сайыс өткізілді.
– Әскери-патриоттық жиын "Жастар жылы" аясында өткізілуде. Басты мақсат – салауатты өмір салтын насихаттау, жастарға әскери-спорттық және техникалық дайындықты үйрету, – деді ШҚО ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ришат Рамазанов. – Осындай іс-шараларды өткізе отырып, біз болашақ Отан қорғаушыларымызды тәрбиелейміз. Әр команда жеңіске лайық, өйткені жиынға Шығыс Қазақстан облысының мықты топтары қатысуда.
Жарыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Семей қаласының "Жас қыран" әскери-патриоттық клубы, бірінші орынды Жарма ауданының "Жас сақшы" командасы, екінші орынды Зайсан ауданының "Айбын" командасы жеңіп алса, ал үшінші орынды Өскемен қаласының "Жас бүркіт"командасы иеленді.
Енді жеңімпаздардың "Айбын" республикалық әскери-патриоттық ойындарына дайындығы басталады.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылы Қарағанды облысында өткен "Айбын" республикалық жиынының жеңімпаздары Семейден барған топ еді.
Семей қаласының ақпараттық орталығы
Пікір қалдыру