Алматы облыстық полиция департаментінің көші-қон басқармасына барып, босқын мәртебесін сұрамақ болған екі этникалық қазақ — Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлын ҰҚК шекара қызметінің адамдары алып кетті деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Азаттықтың дерегін негізге алып.
— Алматы облыстық полиция департаментінің көші-қон басқармасынан босқын мәртебесін сұрауға келіп, түскі үзіліс кезінде тамақтанып отырған Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлын өздерін "шекара қызметінің қызметкеріміз" деп таныстырған үш адам келіп, құжатқа қол қоясыздар деп мәжбүрлеп әкетті, - дейді тіркелмеген "Атажұрт еріктілері" ұйымының мүшесі Гүлжан Тоқтасынқызы.
Оның айтуынша, Қытай қазақтарының "адвокатымызды шақырайық" деген өтінішіне де құлақ аспаған. Оларды Алматы қаласындағы Бөгенбай батыр мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысында тұрған ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің 2040 бақылау-өткізу пунктіне алып барған.
Гүлжан Тоқтасынқызының сөзінше, Қытайдан келген екі этникалық қазақпен бірге тіркелмеген "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтханұлы да кірген. Қазір Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлының адвокаты Бауыржан Азановты ҰҚК ғимаратына кіргізбей тұр.
Бүгін, 14 қыркүйекте адам құқығы бойынша халықаралық бюроның Алматыдағы кеңсесінде Қытайдың Шыңжаң ауданынан Қазақстанға "қашып келдік" деген екі этникалық қазақ –Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлы және олардың қорғаушылары Бауыржан Азанов баспасөз мәслихатын өткізген еді.
Өздерінің айтуларына қарағанда, 1989 жылы туған Қастер Мұсахан мен 1994 жылы туған Мұрагер Әлімұлының Қытайда отбасы қалған. Қытай шекарасынан қазанның біріне өткен олар Қазақстанның мемлекеттік шекарасы аралығындағы бейтарап аумақта 5 күндей жүріп, 6 қазанда Шығыс Қазақсан облысының Зайсан, Шілікті, Маңырақ ауылдарының тұсынан Қазақстанға өткен.
Қастер Мұсаханұлы Қытайда «4 жыл 8 ай саяси лагерьде отырдым, қысым жасады, үш рет ауыр соққы алғандықтан шыдамай Қазақстанға кетуге бел будық» дейді. Қытайда қысым көргенін, ұрып соққанын айтқан Мұрагер Әлімұлы екеуі «Қазақстан қандай жазаға тартса да көнеміз, тек Қытайға қайтармаса болды» дегенді айтады.
Алматыға келгендеріне төрт күн болған олар бүгін көші-қон полициясына барып арыз түстерінін, саяси босқын мәртебесін сұрайтынын мәлімдеген болатын.
Адам құқығы бойынша халықаралық бюро қызметкері Инга Иманбай оларға құқықтық тұрғыда қолдау көрсететінін айтты. Адвокаттары Бауыржан Азанов бүгін көші-қон басқармасына арыз тапсырылған соң босқын мәртебесін алуға заң жүзінде әрекеттенетінін мәлімдеген.
Қытайдағы саяси үйрену лагерьінде қысым көріп, Қазақстан шекарасынан заңсыз өтуге мәжбүр болдым" деген тағы бір Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбай ісі 2018 жылы Қазақстан қоғамын елеңдеткен.
2018 жылы мамыр айында «Қорғас кеден бекетін заңсыз бұзып өтті» деген айыппен қамауға алынған Сайрагүл Сауытбайға Қазақстан Қылмыстық кодексінің 392 - бабы ("шекараны заңсыз бұзып өту") бойынша айып тағылған. Ол сот процесі басталар қарсаңда және одан кейін Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмаған. Оған Алматы облыстық полиция департаментінің көші-қон басқармасы оған "пана іздеуші тұлға" куәлігін берген еді.
Сот Сайрагүл Сауытбайды алты ай бас бостандығынан айыруға, бірақ оны "жазасын жеңілдететін ерекше жағдайына" байланысты шартты жазаға алмастыруға үкім еткен. Осылайша сот Сайрагүл Сауытбайды Қытайға депортацияламай, Қазақстанда қалдырған. Бұдан кейін Сайрагүл Сауытбайды Швеция қабылдаған болатын.
Пікір қалдыру