Туған жердің мерейін үстем ету мақсатында «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы «Туған жер» шығармашылық байқауын жариялаған еді. Қатысушылар «Үздік мақала» , «Үздік поэзия» , «Үздік бейнелеу өнері» , «Үздік өнертабыс» , «Үздік бейнеролик» және «Үздік дәстүрлі музыка орындаушысы» номинациялары бойынша бақтарын сынай алады. Қатысушылар туған жерін жырға қосып, көркем сөзбен өрнектеп, ал бірі сурет арқылы Отанымыздың байлығын көрсетуге тырысуда. «Үздік бейнелеу өнері» номинациясы бойынша келіп түскен еңбектер саны күннен күнге артуда. «Туған жерім – Қазақстаным», «Ауыл көрінісі», «Пейзаж», «Туған жер», «Ауылым – алтын бесігім», «Ұлытау – ұлт ұясы», «Көкшетау», «Ел ордам – Нұр-Сұлтан», «Алтын ордам – Атырауым», «Қызылорда», «Қазақ қызы», «Қазақстан – менің Отаным», «Қыран құс», »Бәйтерек», т.б. сынды көптеген суреттер туған жердің бейнесін сөзсіз сипаттап беруде.
Бірінен бірі асып түсетін суреттер адамды таң қалдырмай қоймасы анық. Мәселен, ұясына батып бара жатқан күн, оның тіпті туған жерді қимай тұрған бейнесінің өзін әсерлі бейнелей білген. Ал туған жерінде еркін қалықтап ұшып жүрген қыран құс, жайқала өскен мәуелі ағаштар, алаңсыз алтыбақан ойнап жүрген жігіттер мен қыздар, анасының құшағында еркін ұйықтап жатқан сәби, Желмаясына мінген Асан Қайғы секілді қарияның Нұр-Сұлтан жеріне тұрақтап, қарап тұрғандығы, үш жүздің басын қосқан Абылай хан бейнесі, туған жеріне бар мейірімімен, оны қатты жақсы көретіндігін көзінен аңғартатын қазақ қызының бейнесін ғажап бейнелей білген. Қорқыт ата, Абай Құнанбайұлы, Ғабит Мүсірепов сынды тұдлғалар бейнесін аша білген қатысушылар талабы адамды қызықтырмай қоймайды. Осы еңбектердің өзіне қарап-ақ Отанымыздың жас суретшілерінің жүрегіндегі патриоттық сезімнің барын білеміз. Өсе бер, өркендей бер, жас талапкер!
"Адырна" ұлттық-этнографиялық бірлестігі
Пікір қалдыру