Алматыдағы Бөкейханов көшесі мен Райымбек даңғылының қиылысында жылу құбыры қысым төмендеуінің салдарынан жарылғаны белгілі болды. Бұл туралы оқиға орнына барған Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне Алматы қалалық жылу жүйесі мекемесінің баспасөз хатшысы Наталья Инкина айтты.
Төтенше жағдай орын алған маңда Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті мен "Алматы жылу жүйесі" ЖШС қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.
Наталья Инкинаның айтуынша, жарылған құбырдан аққан суды соруға жылу жүйесі мекемесінен 10 техника, 6 бригада, 18 адам жұмылдырылған.
Қамшы тілшісінің хабарлауынша, судың астында үш жеңіл көлік қалып қойған. Бір адамның жеңіл күйік алғаны белгілі болды. Зардап шегуші ауруханаға барудан бас тартқан.
Су астында қалған көліктерге келген шығынды Алматы жылу жүйесі мекемесі сақтандыру негізінде өтеп бермек. 30 жылдық құбырларды келесі жылы ауыстыру жоспарланыпты.
Бүгін, 14 қазан күні күндіз Алматы қаласындағы Бөкейханов көшесінде жылу құбыры жарылып, көшені ыстық су басып жатқаны хабарланған.
Пікір қалдыру