Вологда облысындағы Череповец металлургия комбинатының өндіріс алаңында Қазақстанның екі азаматының жан тапсырғаны белгілі болды. Бұл жағдай еңбек қауіпсіздігі мен шетелде нәпақа тауып жүрген отандастардың құқығына қатысты сұрақты көбейтті.
Не белгілі
14 қаңтар күні ЧерМК деп аталатын өндіріс алаңында мердігер ұйымдардың екі қызметкерін, Қазақстан азаматтарын, тіршілік белгілерінсіз тапқанын «Северсталь» компаниясы мәлімдеді. Оқиға орнына арнайы қызметтер барғанын, тексеріс жүріп жатқанын компания хабарлады.
Череповецтегі ЧерМК – «Северсталь» тобының негізгі активі саналады. Вологда облысы бойынша Ресей Тергеу комитетінің жедел-тергеу тобы оқиғаға бағасын беріп жатыр. Қазаға не себеп болғанын сараптама мен тергеу анықтамақ.
Компания мен тергеудің ұстанымы
«Северсталь» марқұмдардың туған-туыстарына көңіл айтты. Қауіпсіздік талаптарының сақталу-сақталмауын және өндіріс процесіне байланысты тәуекелдерді мамандар тексеріп жатыр. Ресми ақпарат толықтырылған соң қосымша мәлімет беріледі.
Контекст
Еңбек қауіпсіздігі тақырыбы Қазақстанда да өзекті болып тұр. Бұған дейін Астанада құрылыс нысанында аспалы көтергіштің тросы үзіліп, ішіндегі 41 жастағы жұмысшы оқиға орнында көз жұмғаны хабарланған. Полиция бұл дерек бойынша тексерісті бастаған.
Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.