Үйдің сандығында жатқан асыл мұра музейге оралып жатыр. Оралда жұрт көне Құрандар мен қолжазбаларды жаппай өткізіп, облыстық музей қорын 200-ге жуық жәдігермен толықтырды.
200-ге жуық артефакт музейге түсті
2025 жылы басталған қоғамдық бастамаға өңір тұрғындары үн қосты. Музей қызметкерлері әкелінген дүниелерді қабылдап, тізімге алу мен ғылыми сипаттама жазу жұмысын жүргізіп жатыр.
Жиналған экспонаттардың қатарын көне Құран басылымдары, ғасырлық тарихы бар кітаптар және әртүрлі жазба ескерткіштер құрады.
Қорға қалай өткізіледі
Иелерінің қалауымен құжаттар мен кітаптар музейдің тұрақты не уақытша қорына қабылданады. Осылайша, отбасылық шежіре мен ел тарихына қатысты сирек дүниелер кәсіби жағдайда сақталады.
Каталогтар қазақ тілінде, QR-кодпен шығады
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Жантас Сафуллин каталогтар туралы мәлімет берді: «Каталогтарды QR-кодпен шығарамыз. Негізгі нұсқаны қазақ тілінде әзірлейміз, ал ілеспе аудармаларды QR-код арқылы ұсынамыз. Ғалымдар каталогтармен танысып, кейін қордағы түпнұсқамен жұмысын жалғастыра алады», – деді ол.
Мәлімет парақшалары қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде дайындалып, жинақ күйінде басылып шықпақ.
Ұлттық мұраны бірге сақтайық
Зерттеушілердің айтуынша, халық қолында әлі де анықталмаған құнды жазбалар мен кітаптар көп. Музей мамандары иелерімен байланысып, жәдігерлердің шығу төркінін анықтап, ғылыми айналымға қосу жұмысын жалғастырып жатыр.
Тарихқа немқұрайды қарамаған жұрттың арқасында өңірлік қор толықсып, ұлттық жадының жазба айғақтары сақталып жатыр.
Бұл туралы аймақтағы телеарна сюжетінде хабарланды.
Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.