Жеке сот орындаушысы. Ол кім?

/image/2019/11/23/crop-11_-5_211x281_dgeke-sot.jpg

Соңғы бірнеше жылдан бері еліміздің сот, құқық саласында оңды реформалар жүріп жатыр. Қазір бұл өз жемісін беріп жатқаны қоғамдағы өзгерістерден де байқалып отыр. Расында заң қатал болса, адам баласы оны жауапкершілікпен сезіне білсе, онда қоғамда тұрақтылық болады. Қылмыс та болмайды, бейбіт жағдайда тыныш өмір сүреміз. Ең басты мәселе адам мен оның қауіпсіздігі. Сондықтан да басты негізгі құжат Конституция біздің кепіліміз. Ал заңдар заман ағымына, қоғам сұранысына қарай өзгеріп, толықтырылып отырады. Бұл түсінікті.

Қазақстан қоғамында қазіргі уақытта болып жатқан құқықтық реформалар өз нәтижесін беруде. Сот саласының кейбір қызметі бүгінде жекеге берілуде. Ол қандай сала? Атап айтқанда, жеке сот орындаушылардың қызметі. Ал құқықтың бұл саласы неліктен жеке сот орындаушыларына берілді. Бұған дейін бұл сала мемлекеттік сот орындаушыларында болды? Ал жекенің қандай артықшылықтары бар? Бұл туралы әңгіме кейінірек.

Жалпы мемлееттік сот саласына жеке сот орындаушылары институтын енгізу туралы Президент қол қойған жарлық 2009 жылғы тамызда жарыққа шықты. Ал бұл мәселе 2010 жылы алдағы 10 жылға арналған, яғни 2020 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасында айтылды. Сонымен қатар, аталған ережені президенттің 100 нақты қадам, Ұлт жоспары да толықтырды. Мұнан кейін «Жеке сот орындаушыларының құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі туралы ереже» жарияланды. Мұның барлығы бір-бірін толықтырып, сабақтастырып тұрған заңдар. Жеке сот орындаушылар институтының мәртебесі туралы әңгіме  құқықтық саясат тұжырымдамасында бәрінен бұрын атап көрсетілгендіктен,  біз осы мәселені алдымен сөз етпекпіз.

Негізінен 10 жылға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында заңдық мәселелер сөз етіледі және осы тұрғыда алдағы уақытта не істелінуі қажет екендігі атап көрсетілетінін айта кеткен жөн. Сондықтан да біз 2010  - 2020 жылға дейінгі аралықтағы құқықтық саясат тұжырымдамасындағы жеке сот орындаушыларға арналған бапты жолма жол көрсете кетейік.

«Сот ісін жүргізудің аяқтау сатысы сот актілерін орындау болып табылады, сондықтан олардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ететін шаралар қабылдануы қажет. Осыған байланысты мемлекеттік сот орындалуымен қатар жеке сот орындаушыларының институтын енгізу – сот ісін жүргізудің тиімділігін арттырудың маңызды шарасы. Сот шешімдерін орындаудың аралас моделі шеңберінде мемлекеттік сот орындаушылары мемлекеттен өндіріп алу жөніндегі құжаттарды мәжбүрлеп орындату құқығына ие болуға тиіс», - делінген онда.

Жеке сот орындаушыларының алғашқы легі 2011 жылы пайда болса да, 2016 жылдың бастап соттар­дың қызмет көрсету, талап ету туралы құжаттарының басым бөлігі жеке сот орындаушыларының құзырына берілді. Содан кейін барып жеке сот орындаушы қызметіне қарай ойысатындардың саны арта бастады.

Енді бұл түсіндірмеден кейін біз қайтадан жоғарыда өзіміз қойған сауалға қайтадан жауап берейік оралайық.

Жеке сот орындаушылары институтын енгізу қандай қажеттіліктен туды? Оның қандай артықшылықтары мен ерекшеліктері бар?

  1. Аталған институт атап айтсақ, өзін-өзі қаржыландырады. Жеке сот орындаушылары мемлекеттен, яғни бюджеттен жалақы алмайды.
  2. Олар мемлекет қазынасына қайтарылған қаржыдан белгілі бір пайызын алып отырады.
  3. Алимент және төленбеген жалақыны өндіру алу секілді мәселелер орындалған жағдайда ғана оларға сыйақы төленеді.
  4. Жеке сот орындаушыларының қызмет аясы кең: иесі бар, бірақ пайдаланылмай жатқандар жайылым, егістік жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, үйге заңсыз кіргендер, заңсыз жер телімін алғандар, жерге баспана салғандардан бастап, несиесін төлемей қашып жүргендерге дейінгі аралықтағы түйіндерді шешу солардың құзырына кіреді. Оңай жұмыс емес әрине.
  5. Жеке сот орындаушылары ешкімге тәуелді емес. Олар тек қана заңға бағынады, заңның аясында ғана сот шешімдерін жүзеге асыруға тырысады.
  6. Сондықтан жеке сот орындаушылары қатал болып көрінуі мүмкін. Бірақ олар да – адам. Соттың ақырғы шешімі шықты ма, ол сөзсіз орындалуы керек. Сондықтан жеке сот орындаушылары да көп жағдайда заңның орындалуы үшін борышкерден мүліктің немесе қарыздың қайтарылуын талап етеді.
  7. Жеке сот орындаушылары талапшыл. Олар істі неғұрлым тез әрі жедел аяқтаса, өзіне жақсы. Қайтарылған құнның білгілі бір пайызын өзіне алып отырады. Сондықтан да олар істі жедел шешуге немесе аяқтауға тырысады.
  8. Бұл бір жағынан мемлекеттік орындаушыларға жақсы. Өйткені кешегі күнге дейін олардың жүктемесі көп болып келді. Олар сот шешімдерін аяқтап үлгере алмайтын. Ал жеке сот орындаушыларының жұмысы жүзеге асқалы бері олардың жұмысы сәл де болса, жеңілдеді.
  9. Сот саласындағы екі жүйенің қатар орнауы қазіргі уақытта мемлекетке де  тиімді болып тұр. Өйткені жеке мен мемлекеттік сот орындаушылары саласында бәсекелестік күшейді.

Бүгінгі таңда  жеке сот орындаушыларының жұмысы өзінің тиімділігін көрсетіп отырғанын айта кету керек, Қазақстан мемлекеті ТМД елдері арасында жеке сот орындаушылардың институтын алғашқылардың бірі болып енгізген мемлекет. Сондықтан да мұның тиімділігін еліміз ерте көрді.

Расын айтқанда, жеке сот орындаушылары арасында мәселені тез шешетін, пысық, сауатты заңгерлер өте көп. Ал сотқа талап арыз жазып, мәселені тез шешкісі келген адам осындай тәжірибелі, пысық, елгезек жеке сот орындаушыларын өздері таңдайтыны да жасырын емес. Бірақ осы жерде кез келген адам есте сақтайтын бір нәрсе бар: жеке сот орындаушысы қарапайым тілмен түсіндірсек, «шаш ал десе, бас алатын» адам емес. Жалпы олардың әрбір әрекетін мемлекет бақылауға алып отыратынын жасырмауымыз керек.  Негізі «Жеке сот орындаушыларының құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі туралы» арнайы заң да шыққан.  Мұнда жеке сот орындаушыларының құқықтары, міндеттері нақты айтылып,  не істеуі керек, қандай жұмыстармен айналысуы қажет, мұнда барлығы да атап көрсетілген. Тіпті жеке сот орындаушысы қызметінен кеткен күннің өзінде мемлекеттік және адамның жеке өміріндегі кейбір деректерді сақтауға және құпия ұстауға міндетті. Жалпы жеке сот орындаушысы көмекшісінің құқықтары мен міндеттері дейін заңда атап көрсетілген.

Жалпы жеке сот орындаушыларының  жұмысы оңай емес. Бір ғана мысал, дауға себепкер болып отырған адам қызыл сызықтың үстіне үй салған дейік. Бұл үйдің астынан жылу құбырлары өтеді. Бұл жеке тұрғын үй. Қызыл сызықтың үстінде тұрғандықтан ол үй сүрілуі тиіс. Екі тарап мәмілеге келе алмай жүргенде біраз уақыт өтіп кетеді. Мұндай жағдайда түйінді тарқатуға жеке сот орындаушысы келеді. Бірақ оған да қарсы теке тірес басталады. Қайтпек керек? «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», мәселені  шешу қажет. Тек заңның аясында...

 

     

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар