Қазақстанда 2020 жылдан бастап 347 мың отбасыға жәрдемақының жаңа түрі беріледі. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Нұр-Сұлтанда "Атаулы әлеуметтік көмек бойынша мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуы" тақырыбында өткен үкімет сағатында айтты.
Министрдің сөзінше, 2020 жылдың 1 қаңтардан бастап кәмелетке толмаған 4 және одан да көп балалары бар отбасыларға жәрдемақы тағайындалғанда отбасының табысына қарамайды. 4 балаға 42 496 теңге; 5 балаға 53127 теңге; 6 балаға 63 757 теңге; 7 және одан көп балаға 74 388 теңге беріледі.
"Атаулы әлеуметтік көмек алып жүргендердің 60 пайызы көпбалалы отбасыларға тиесілі. Бұл ең әлжуаз топқа жататындары. Баланың саны көбейген сайын ауыртпашылық да артады, осыған байланысты заң жобасы бойынша 2020 жылдан бастап көпбалалы отбасыларға бөлек жаңа жәрдемақы қарастырылды. Яғни 4 және одан да көп кәмелет жасына толмаған балалары бар отбасының табысына қарамастан, жәрдемақы енгізу көзделіп отыр. Есебіміз бойынша жаңа жәрдемақыға жаңа жылдан бастап 347 мың отбасы ие болады. Оның мөлшері 42 500 теңгеден 74 000 теңгеге дейін", - деді Нұрымбетов.
Министр жаңа жылдан бастап "кепілдендірілген әлеуметтік топтама" беріле бастайтынын да айтты. Бұл әлеуметтік топтаманың шарты бойынша, 1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы аз отбасы балаларына азық-түлік және гигиена құралдары, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға мектептерде ыстық тамақ беріліп, оқу құралдарымен және мектеп киіммен қамтамасыз етіледі, мектепке дейінгі жол шығындары өтеледі.
Еске салсақ, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйекте халыққа жолдаған жолдауында тұрмысы төмен отбасыларға арналған атаулы әлеуметтік көмекті "азаматтарды еңбекке ынталандыратын, ашық, әділ жолмен беруді" айтқан.
Пікір қалдыру