Қастер Сарқытхан: Жастарға "мен сені байлыққа жеткіземін" деуден аулақ болуымыз керек

/image/2019/12/09/crop-7_2_363x484_070859443500.jpg

11 желтоқсанда Қастер Сарқытханның "Ешқашан жоқ деме" атты психологиялық кітабының тұсаукесері өтеді. Осыған орай Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Қастер Сарқытханмен кездесіп, сұхбат алды. 

Қастер Сарқытқан, Қытай Халық Республикасының, Іле қазақ автономиялы облысы, Талды қалашығында 1969 жылы өмірге келген. Ол 1985 жылы облыс орталығы Құлжа қаласындағы № 1 қазақ орта мектебін бітіріп, сол жылы Үрімжідегі Шынжаң университетінің  география факультетіне оқуға түсті. Қастердің бұл оқу орнына түсуі де, осы күнгі түлектерге үлгі боларлық оқиғамен ерекшеленеді. Бұл туралы автор өзінің "Ай сәулелі әлемім" -атты кітабында былай деп жазды: "Әкем 1983 жылы қазан айында өмірден өтті. Ол кезде мен 9-сынып оқушысы едім. Анама ес болайын деп шахтер болып, көмір қаздым. Жеті қат жер астында жүрсем де, «жоғары оқу орнын оқысам» - деген бір арман көкірегімнен өшпеді. Ақыры жұмыстан бір жыл рұқсат алып, мектебіме келдім.  Сыныптастарым 10-сыныпқа өткен, директор мені 9-сыныпты оқуымды бұйырды. 9-сыныпты екі-ақ ай оқып кеткен мен үшін оның айтқаны жөн еді. Бірақ,   намысқой басым оған көнбей, өз құрдастарыма қосылдым. Сөйтіп екі жылдың сабағын бір жыл оқып университеттен бір-ақ шықтым. Шынжаң университеті маған мол білім мен көзаямның есігін ашты. Мамандығым экономикалық география болғандықтан тұтас Қытай елін аралап, қаласы мен даласының сырына қанықтым".

– "Ешқашан жоқ деме" атты кітабыңызды жарыққа шығарудағы негізгі мақсатыңыз қандай?

– Осыған дейін 13 кітап шығарыппын. Оның арасында оқулығы, аудармасы бар, қалыңы мен жұқасы бар. Ал енді 14-кітабым – психологиялық кітап. Әлемдегі әр адам – бөлек әлем. Қазіргі уақытта мотивациялық кітаптар жоғары сұранысқа ие. Бұл кітап «Самға» атты баспадан шығады. Адамның миы жалқау, біз жүректің қалауын мүлтіксіз орындауымыз керек деген мақсатта шығардық. Бұл кітапты өзімнің басымнан өткен оқиғалар негізінде жазып шығардым. Менің ата-бабаларым кезінде аман қалу үшін мал-жанын алып Қытайға қашып өткен ғой. Сол кездегі оқиғаларға да шолу жасау арқылы, өз тәжірибемдегі оқиғаларды баяндап, осыған дейінгі оқыған кітаптарымнан алған біліміме шолу жасау арқылы жазылды. Кітапты 3 мың тиражбен шығарғалы жатырмыз. Жалпы қазіргі кезде «осы кітапты оқысаң миллионер болсаңыз, мықты бизнесмен боласың» деген сарындағы кітаптар көбейіп кетті. Мен негізі бұған түбегейлі қарсымын. Адам байлыққа жету арқылы бақытты болмайды. Адам табысқа жету арқылы ғана бақытты болады. Кез келген адам өзі рахат алатын жұмысты істеп, өзі жақсы көретін кәсіппен айналысу арқылы табысқа жетеді. Өмірдің мақсаты байлық емес. Адам деген екі мен бірдің қатынасы. Бір деген дене, ал екі дегеніміз рух пен жан. Адамды сыртынан қарасақ тән деп айтуға да болады, бірақ адам – тән емес, рух. Ал адамның рухына материалдық дүниенің ешқандай қажеті жоқ. Рух – Құдайдан келген құдіретті дүние. Біз денемізді емес, рухымызды қанағаттандыруымыз қажет. Абай атамыз айтқандай, бір кірпіш болып дүниеге қалануды мақсат тұтуымыз керек. Ал егер байлықты қуатын болсақ, бақытсыз боламыз. Сондықтан жастарға «мен сені байлыққа жеткіземін» деуден аулақ болуымыз керек. Себебі бұл маңызды емес. Адам табысқа жетсе ғана бақытты әрі сол бақыты баянды және ғұмырлы болады.

– Қазір мотивациялық кітаптар жоғары сұранысқа ие. Бірақ барлығының айтары бір секілді болып көрінеді. Сіздің «Ешқашан жоқ деме» атты кітабыңыздың басқа кітаптардан ерекшелігі неде?

– Біріншіден, бұл кітап жоғарыда айтып өткендей біз ешқашан адамдарды бай болуға шақырмаймыз. Әркімнің өз қызметін сүюді, рухани дүниені басты орынға қою керек дейміз. Адамдар өмірді материалдық жақтан ғана қарап, моральдік жағынан түсінбегендіктен өз-өзіне қол жұмсап, суицидке барып жатады. Өмірдегі негізгі проблемалардың көбісі материалдық мәселелерден бастау алады. Мен ақша табуды үйретемін деп айтпаймын. Адамның бақытты болу, болмауы көптеген жайттарға байланысты. Адам болмашы оқиғадан кейін өзін бақытсыз немесе бақытты деп есептеуі мүмкін. Сол себепті бақыт пен ақшаны ештеңе байланыстырмайды. Ал табыс тұрақты дүние. Ал бақыт бөлек ұғым. Әйел адам күйеуінің себебімен бақытқа жетсе, ер адам ата-анасы мен балаларының қасында өзін бақытты сезінуі мүмкін. Ал табысты әркім өзінің еңбегі арқылы жетеді. Кез келген адам маңдай терін төгіп жұмыс істесе ғана табысты болмақ. Адам өмірге даму үшін келді. Сол себепті кез келген адам биікке өрлеу керек.

Екіншіден, бұл кітап менің және ата-бабамның басынан өткерген әңгімелері арқылы жазылған. Осы арқылы оқырманға ой салуды жөн көрдім. 

– Қазіргі мотивациялық кітап авторлары жазған кітаптары мен өзі өткізетін тренингтер арқылы ақша  табатыны жасырын емес. Ал сіздің сүйікті ісіңіз қандай? Қалай табыс табасыз?

– Сүйікті ісім – шығармашылық және оқытушылық. Мен кәсіпте де жүрдім.  Бірақ сол салада өз орнымды таба алмадым. Қазақстанда таза, адал ниетпен кәсіппен айналысу қиынның қиыны. Сол себепті жан дүнием мұны қаламады. Кейін өзім басқарған компаниялардың өткізетінін өткізіп, жабатынын жауып 2014 жылы даму жолында Европаға кеттім. Бұл кітапты 4 жыл жаздым.

Адамға "мына кітап керек, мына кітап керек емес" – деп айта алмаймыз. Себебі адам бөлек әлем, бір-біріне ұқсамайтын ерекше жаратылыс. Басқа бір адамға көмектескен кітап  сізге көмектеспеуі мүмкін. Бірақ өзінің қажеттілігін өтеу үшін адам бір кітаппен ғана шектеліп қоймауы керек. Жалпы сіз бір кітап оқысаңыз, бір бөлмелі үйде тұратын адам секілдісіз, ал екі кітап оқыса екі бөлмелі үйде тұрғанмен бірдей. Осылай кете береді. Мен кітап оқымаған адамнан қорқамын. Шетелде ағашты кеспейді. Олар содан кітап сөресін жасап қояды. Кез келген адам өзі қызыққан кітапты алып кетеді де, қаласа өзінің қолындағы кітапты өзгелердің қажетіне жарасын деген ниетпен кітап сөресінде қалдырады. Метрода шетелдіктердің 80 пайызы кітап немесе газет оқып отырады. Ал біздің метродағы 100 пайызы телефон ұстап отырады. Бұл жақсы емес. 

– Сіз кітапқа өзіңіздің бастан кешкен оқиғаларыңыз арқылы оқырманға ой тастағыңыз келеді. Сол оқиғалардың бірімен бөліссеңіз. 

– Біз армандау керектігін айтамыз. Мен Қытайдағы шахтер кенінде туып өстім. Содан 9-сынып оқып жүргенде әкем науқастанып, қайтыс болды. Кейін "отбасыма, анама көмектесейін" деп 16 жасымда шахтер болдым. Қаланың сыртында орналасқан жерге автобуспен алып кетеді. Ішіндегі будақ-будақ түтінді көріп үрейленіп қалғаным әлі есімде. Кеннің ең тереңінде ең ауыр жұмысты істедік. Бұл өте қауіпті жұмыс еді. Адамдарды тау жыныстары басып қалу, тоқ соғу, көмір басып қалу секілді оқиғалар өте жиі болатын.  Мен сол уақытта қабырғамды санап алатындай арық болдым. Өзім мұндай жұмысты істеп көрмегенмін. Бұл жерден мені асқақ арманым алып шықты. 

Бала кезімде кітапты көп оқитын едім. Әкем мансапты адам еді. Кітапханадағы кітаптарды емін-еркін үйге алып кететін едім. Жұмыстан шаршаған кезде қиялыма ерік беретінмін. Өзімді керемет жазушы, ақын секілді елестетін едім. Бірақ бай болуды армандағаным жоқ. Жер астына  түскен кезде барлық үмітім өшкендей болды. Әкем қайтыс болды, анам да жоқ. Енді қиялдағы көрініс көзімнен бал-бұл ұшқандай күй кештім. Әбден жұмыстан шаршаған кезде бұрынғыдай қиялға ерік беретін болдым  Шаршағанымды солай басатынмын. Қызыл галстук тағып, костюм шалбармен елдің алдында өлең оқып тұратын кезімді елестетінмін. Осылай қиялдап отырып жұмыс істей беремін. Жер астында күн-түн деген болмайды. Міндетті тапсырманы орындағаннан кейін ғана жұмысың аяқталады. "8 сағат істедім, енді түскі асымды ішемін" деген секілді біздегідей еркіндік мүлдем жоқ. Өлсең де, тірілсең де тапсырманы орындап бітіру керек. Сол қиялым шындыққа айналды. Қанша адамның алдына шығып сөз сөйледім, студенттерге лекция оқыдым. Арман алдамайды дегеннің рас екеніне көзім жетті. 

– Адам бойындағы жалқаулық пен еріншектіктен қалай құтылуға болады?

– Миды тазалап тұру керек. Қажеттіз ақпараттан  компьютерді тазалаған секілді миды да тазалап, жаңартып отыру керек. Кек сақтамау керек, жүректі ашық ұстаған жөн. Мен бұрын кекшіл едім. "Жетім бала кекшіл болады" демекші, кегімді қайтармай қоймайтынмын. Кейін кітапты, оның ішінде діни әдебиеттерді оқу арқылы бұл мінезден арылдым. Мұның бәрі адамның жасы ұлғайған сайын ауыр болады. Ал жалқаулықтан құтылу үшін адамда мәжбүрлік деген нәрсе болуы қажет. Мәжбүрлік болмаса қандай жұмыс, қандай мотивация болсын орындалуы қиынға соғады. Бізде жергілікті қазақтар «Қытайдан келгендер, Өзбекстаннан келгендер не деген пысық» деп айтып жатады. Себебі олар жұмыс істеуге, кәсіп ашуға мәжбүр. Олардың сенетін ешкімі жоқ. Ал жергілікті қазақтардың ағасы-көкесі, сенер адамы бар. Адамдар өздерінің күн тәртібін әдемілеп жасайды. "Таңертең ерте тұрып жаттығу жасаймын" дейді. Бірақ бір күн істейді, кейін сол күйі қалады. Адамда мәжбүрлік болып, қатты қалау керек.

– Табысқа қалай қол жеткізуге болады?

– Табысқа үңілген жан оның ешқашан өзін күтіп тұрмайтынын біледі. Ол кенет келуі, аяқ асты кетіп қалуы мүмкін. Бірақ ол адам өмірінде бір- ақ рет келетін, қайта айнанып соқпайтын ғажап құбылыс емес.Ол адам үшін өмір бойы, әлде неше мәрте келетін, қайталанатын мүмкіндіктер. Бұл мүмкіндіктер адамдарға әр түрлі кездеседі және кездесу реті де түрліше болады, біреуге тұтас дайын күйінде кездессе, біреулерге елес беруі, ал енді біреулерге жолы ғана көрсетлуі мүмкін. Табыстың адамға кездесу рет саны да алуан түрлі. Біреулерге жиі, ал енді біреулерге сирек, тіпті, кей адамдарға кездеспеуі де мүмкін. Оны адам баласы көзімен көріп, қолымен ұстай алмайды. Табыс та Алла тағаланың жүрекке жасырған құпиясының бірі. Оны іздеу керек, оған бастар жолды білмек керек, сонда ғана оның келген сәтін сезіп білуге болады. Ал ізденбеген жерде адам оның келгенін, қасынан өтіп бара жатқанын, тіпті, қолын созса құшағына құлауға шақ тұрғанын да сезбейді. Ал ізденіп жүрген жан табыстың өзі түгіл елесін көріп, исін сезеді. Кім де болса, табысқа жетудің мүмкіндігін көбірек алғысы келеді, бірақ оған өзін дайындамайды. Дайындау үшін адам өмір бойы өзін дамытып отыруы шарт. Себебі табыс, сәттілік адамға айтып келетін қонақ емес. Сондықтан кез келген уақытта келетін табыс сәтін күтіп алуға дайын болуымыз тиіс. Кімде- кім ізденісте болып, табыс келерін күтіп жүрсе табыс та оны іздейді, онымен қауышуға асығады. Өмірде де бір -бірін ұнататын адамдар ғана бірін-бірі сағынады. Алла тағала кім өзін іздесе, ол да соны іздейтінін, кім өзіне қарай бір қадам баса, ол оған қарай он қадам басатынын, кім оған қарай жүрсе, ол сол пендесіне қарай жүгіретінін айтқан емес пе? Табыс та сол, кім оны іздесе, ол да соны табады. Себебі, табыс та Алланың құпиясы мен құдіретінің бірі. Іздеген жанның табыспен қауышуға реті мен мүмкіндігі жиы, іздемеген жанның табыспен қауышу реті де аз болады. Олай болса, қандай адамда онымен кезесуге мүмкіндігі болмайды? Ол ақыл есі кем ауру адамдар ғана, басқа адамдардың барлығы да, ол мейлі денелік тұрғыдан кемтар, кембағал болсын, мейлі, кедей, әлеуметік жағдайы нашар қоғамның әлжуаз топтары болсын, олардың барлығының да табысқа кездесуге мүмкіндігі болады. Алайда, шындығы сол олардың табыспен жолығудағы реті аз болады. Онда оны Құдайдың әділетсіздігі деуге бола ма? - Жоқ олай емес, мәселе табысты кімнің қалай қабылдауында жатыр. Табыс мейлі қалай болмасын, кез келген адамды ұзақ күтпейтінін айттық, себебі, онда үш түрлі қасиет бар. Біріншіден, табыс та Алланың сипаты бар, ол Алланың сынағы, ал сынақ ұзақ болмайды. Екіншіден, табыста материалдық қасиет бар. Ол қымбат құндылық, ол қысқа уақыт ішінде өз құнын төмендетпейді. Үшіншіден табыста адами сипат бар, ашығын айтқанда табыс сұлу да, такаппар әйел іспеттес, ол сені сарыла күтіп отырмайды. Сенен де мықты адам кездессе, сонымен ілесіп кете барады. Сондықтан табыс осы шақтың нәтижесі, осы жер, осы сәт және өзің ғана, осы үшеуі табысты құрайды. Осы үшеуінің ішінде жер де, уақыт та маңызды. Жер қолайлы болып, уақыт сай келмесе, онда табыс сенен алыстайды. Жер қолайлы болып, уақыт тиімсіз болса, онда да табыс жырақтайды. Бірақ, осылардың ішінде басты фактор сенің өзің. Себебі, уақыт қаншама қырын қараса да, мекен қаншама қолайсыз болса да, адамның ақыл ойын тұншықтырып, тұтқынға ұстай алмайды. Адам санасы Алланың нұрындай шексіз және күшті. Сол үшін де Адам өзін-өзі дамытып, ақылын кемелдендіріп отыруы тиіс ақ. Міне табыс дегеніміз осы. Бастысы жеткен табысты ұстай білуде. Кімде кім жеткен биігінде қалып қойса, сол ғана нағыз табыскер. Өмір өзінің сыйлығын басында емес, соңында береді дегеніміз осы.

– Қазір өзгеріс керек деп жиі айтып жатамыз. Өзгеру үшін не қажет?

– Кезінде бір адам айтыпты: "Мен әлемді өзгертемін дедім, өзгерте алмадым, елімді өзгертемін дедім, бірақ өзгерте алмады. Осы жасқа келгенде өзімді өзгертуім керек екенін түсіндім. Бірақ бәрі кеш". Сол себепті әр адам өзін өзгертуі керек. Адамның досы да, жауы да  өзі. Осыны түсініп адам өзгеруі керек. Бірақ көп адам  "таңертең ерте тұрам" деп оятқышын сағат 6:00-ге қойып жатады. Бірақ бұл дұрыс емес. Ақырын жүріп, анық басқан жөн. Күнде таңертең 5-10 минутқа ерте тұр. Осылай жаймен адам өзгере бастайды. Кейін өзін өзгерте бастаған адам билігі жүретін адамдарды өзгерте алады. Өзін өзгерте алмайтын адам мемлекетті, әлемді өзгерте алмайды.

– "Қазақ жалқау, қазақ еріншек" деген пікірлер жиі айтылады. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Қазақтар туралы айтылатын сөздің шындық тұсы да бар. Оның да тарихи себебі бар деп ойлаймын. Біз Еуразия даласында кең даланы иеленіп жаттық. Сонымен бірге көшпелі мал шаруашылығымен айналыстық. Ал мал деген өздігінен жайылады. Біз сол малды жайып қойып, жантайып жаттық. Ал отырықшылықпен айналысатындар таңмен таласа тұрады. Бәсекелесіп жұмыс істейді. Бәсекелестік оларда бізден бұрын дамыған. Біз жан жағымызда шүршіттер, қоқандар, орыстар барын білдік. Сол себепті дүние танымымыз горизанталь емес, вертикал бағытта дамыды деп ойлаймын. Біз рухани жағынан дамыдық. Сол себепті біздің еріншек, жалқау болуымызға географиялық орын мен кәсіп себепкер болды. Сондай-ақ бізде бәсекелесіп өмір сүру деген де кейінірек дамыды. Біз бұрын ешкіммен бәсекеге түспейтін едік. Бай болса кім бай болды? Өзіміздің туысымыз бай болды. Әйеліміз оның қойын сауды. Сондықтан біз еттен не сүттен қиналмадық. Олар не ішсе, біз де соны іштік. Бізде "көштен қалып қалдық -ау" деген ой болмады. Ал "қала салған, отырықшы халықтар күнімді қалай көремін?" деумен өмір сүрді. Олар сол кездің өзінде бір-бірімен бәсекеге түсетін. Бірақ біздің халық рухани жағынан бай болды. Ән-күйіміз бен әдебиетіміз бай болды. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар