Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауылында полиция инспекторы жаяу адамды көлікпен қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Бұл туралы Tengrinews.kz сайты хабарлады.
Сайттың жазуынша, Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті оқиға 2 желтоқсан күні таңғы сағат 6.00-де болғанын мәлімдеген. Жаяу жүргінші рұқсат етілмеген жерден өтіп бара жатқанда полиция қызметкері "Нива Шевроле" маркалы жеке автокөлігімен оны қағып кеткен.
"Автокөлік жүргізушісі Тасқала аудандық полиция бөлімінің жол-техникалық инспекциясы тобының аға инспекторы Сәкен Қожанов болған. Қазір оған қатысты Қылмыстық кодекстің "Жол қозғалысы ережелерін бұзу" және "Жол апаты болған орнын қашып кетту" баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жеке қауіпсіздік қызметі қызметтік тергеу жүргізіп жатыр", - деген облыстық ішкі істер департаментінің өкілі Александр Плешаков.
Сот-медициналық сараптамасы инспектордың қанында алкоголь болмағанын анықтады. Қазір ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 56 жастағы зардап шегуші қалалық көп салалы ауруханаға жеткізілген. Ол қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр.
Бұл - соңғы айда БҚО полиция қызметкерлерінің қатысуымен болған үшінші жол апаты.
Пікір қалдыру