Ақордадағы ауыс-түйістің астары неде? Сарапшылар пікірі

/image/2019/12/18/crop-12_11_731x974_mycollages.jpg

Бүгін билікте бірқатар кадрлық ауыс-түйістер болды. Президент Қ.Тоқаевтың жарлығымен Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов зейнет жасына толуына орай қызметтен кетсе, Қанат Бозымбаев энергетика министрі қызметінен босатылып, президент көмекшісі болып тағайындалды. Дархан Кәлетаев президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары қызметінен босатылды. Оның қандай қызметке тағайындалғаны әзірге белгісіз. Кәлетаевтың бұрынғы қызметіне президент көмекшісі міндетін атқарған Мәулен Әшімбаев келді. Сондай-ақ Мадина Әбілқасымова ұлттық банк төрағасының орынбасары қызметінен босап, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы болып тағайындалды. Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі сарапшыларды сөзге тартып, кадрлық тағайындаулар туралы пікірлерін біліп, Ақордадағы ауыс-түйістің астарына үңілді.

а

Ермұрат Бапи / datnews.info

Оппозициялық саясаткер, журналист Ермұрат Бапидың пікірінше, Иманғали Тасмағамбетовтың саяси карьерасы біткенімен, оның саясаттағы қызметі енді басталды.

– Егер ол өзінің қоғам алдындағы азаматтық парызы бар деп есептейтін болса, онда ол тәуелсіз саяси қызметке біртіндеп ауысуы қажет. Ол үшін әлбетте азаматтық батылдық пен билікке таласуға жігер керек. Тасмағамбетов оппозиция болмай-ақ, билікке қарсы шықпай-ақ қоғамға қызмет етуі мүмкін. Иманғали Тасмағамбетов зейнет жасына шыққанымен, қаусап тұрған жоқ, керісінше кемелденген, үлкен дәрежедегі лауазымдарды атқара аларлықтай шақта. Сондықтан ол зейнетке өз құлшынысы бойынша шықты деп ойламаймын. Оның үлкен саясатта болатын уақытын, президент болатын уақытын Назарбаевтың 30 жылдық құзыры жеп қойды. Егер біздің елде демократияның негізінде тәуелсіз саясат салтанат құрған жағдайда Тасмағамбетов қана емес, Әкежан Қажыгелдин де, Мұхтар Әбіләзов та, Ғалымжан Жақиянов та, Болат Әбілов та, өзге саясаткерлер де елдегі ең жоғарғы лауазымға бақтарын сынап, қоғамдық өмірге өзгеріс әкелуге мүмкіндіктері болар еді. Сондықтан ол қызметтен болдым-толдым деп кетіп отырған жоқ. Тасмағамбетовтың "бұл жүйеде бұдан ары түк шықпайды" деп салы суға кеткендей кетуі мүмкін немесе "кітапхананың" кіріптарлығынан шығып, ақырындап, бірте-бірте тәуелсіз саясаткер ретінде карьерасын бастауы мүмкін, – дейді ол.

Ермұрат Бапи Дархан Кәлетаевтың президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметіне келгеніне 5-6 ай ғана толғанда орнын босатуын оған қатысты жасалып жатқан ақпараттық шабуылдармен байланыстырады.

– Әлеуметтік желілерде таралып жатқан ақпараттың қаншалықты рас, я өтірік екеніне баға бере алмаймын. Бірақ оны кетіруге ынталы күш болды. Бірінші ол күш Қырымбек Көшербаевты кетірді. Екінші Кәлетаевтың кетуіне ықпал етті. Ол "кітапханашыл" топ тарапынан жасалуы мүмкін. Өйткені олар Ақорданың білімді, білікті саяси технологтармен күшейгеніне мүдделі емес. Бұл – Тоқаевты "жалаңаштау" жолындағы әрекеттердің бірі. Аталған ойдың дұрыстығын Көшербаевтың кетуі дәлелдей түсті, – деді Бапи.

Оның ойынша, Дархан Кәлетаев "кітапхананың" Ақордадағы адамы емес.

– Кәлетаев "кітапхана" адамы болса, оған қанша жерден "шабуыл" жасалса да, мұрты қисаймастан сол қызметінде отыра берер еді. Мәселен, Дариға Назарбаева шетелдегі миллиардтаған есепшоттарының бары анықталғанына қарамастан, орнында былқ етпей отыр. Енді Кәлетаев тағдыры үш сценарий бойынша өрбуі мүмкін. Егер ол елшілікке, Тасмағамбетовтың орнына кетер болса, онда "кітапханаға" керегінің шамалы болғаны. Онда бұл Ақордадан аластату үшін ғана жасалған болып шығады. Ал егер әлеуметтік желіде таралып жатқан ақпараттың қандай да бір бөлігі шындық болса, онда оның үстінен қылмыстық іс қозғалады. Үшінші нұсқа – Кәлетаев "кітапханаға" қажет бір қызметке қонжияды, – дейді Бапи.

Оның сөзінше, президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған Мәулен Әшімбаев "кітапхананың" сынақтан өткен, соның шеңберінен шықпайтын қызметкері.

– Әшімбаев осы уақытқа дейін қайда қызмет етсе де, біріншіден "бас кітапханашының" мүддесіне жұмыс істеді. Әшімбаевтың Кәлетаевтың орнына келуі – Тоқаевтың аттап басқан қадамына тұсамыс болады, – деді ол. 

Бапи Бозымбаевтың қызмет ауыстыруын биліктегі "кландық жүйемен" байланыстырды.

– Әлеуметтік желілерде тараған ақпараттарда Қанат Бозымбаевтың да аты аталған. Оған қатысты да жалалар жабылуда. Сондықтан ол қызметінен кете тұруға мәжбүр болған сияқты. Ал ол жалайырлар кланынан болғандықтан, президент кеңесшілігіне бара тұруға тура келген секілді. Тоқаевтың кландық жүйеге қаншалықты ынталы екенін білмеймін, бірақ жалайырлар кланына жататын топ өкілдері, президент айналасына шоғырланып, өз саясатын жүргізуге тырысуы мүмкін, – дейді журналист.

а

Шалқар Нұрсейтов / фото саясаттанушының жеке мұрағатынан алынды

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейтовтың пікірінше, Тасмағамбетовтың зейнетке шығуы күтілген шешім.

– Екі үш апта бұрын Ақорда мен "кітапхана" yyedilov арқылы "Тасмағамбетов зейнетке шығады" деген инсайдты қоғамдық талқылауға тастады. Бүгінгі шешім – соны жай ғана растау, бекіту ғана. Бұл – Тасмағамбетов келесі президент болуы мүмкін, ашық бәсекелестікке шығады деген негізсіз әңгімені қоғамдық дискурстан біржола алып тастайды деп ойлаймын. Өйткені Тасмағамбетов өзі айтқандай, Назарбаев режимінің өнімі. Сондықтан ол бұл жүйеде президент болуы мүмкін емес, тәуекелге де бармайды деп ойлаймын. Өйткені тәуекелге бару үшін амбицияны ашық білдіру керек, биліктің шешімдерімен келіспеу керек. Ал Тасмағамбетовтың осы уақытқа дейін фундаменталды мәселе бойынша билікке қарсы шықпағанын ескерсек, зейнетке шыққан уақытында режимдегі адамдарға қарсы тұруы екіталай. Тасмағамбетовтың зейнетке шығуға келісуі – оның саяси карьерасының аяқталғанын аңғартады деп ойлаймын, – дейді ол.

Оның пікірінше, Тасмағамбетовте президент болатын мүмкіндік болды.

– Тасмағамбетов үшін бастығы – Назарбаевтан бұрын зейнетке шығып кету саясаткер ретінде ауыр соққы. Бірақ Тасмағамбетовтың танымалдығы бұдан да жоғары болып тұрған кезде президент атануға мүмкіндігі болды. Алайда оны ол пайдала алмады. Енді ондай мүмкіндіктің тууы екіталай, – деп атап өтті Шалқар Нұрсейіт.

Сондай-ақ саясаттанушы бүгінгі ауыс-түйістерді қатардағы, кезекті тағайындаулар, олар ешқандай өзгеріске бастамайды деген пікірде. Оның сөзінше, шынайы тағайындау – саяси жүйе өзгерген кезде, саяси жүйенің архитекторы – Назарбаев биліктен кеткен кезде ғана жүзеге асады.

а

Жанболат Мамай / kz.media

Тоқаевтың кадрлық тағайындаулары туралы әлеуметтік желіде видео жариялаған оппозициядағы саясаткер Жанболат Мамай Тасмағамбетовтың "Назарбаев жүйесінің өнімі" екеніне, жемқорлық әрекеттері үшін қоғамда жиі сыналғанына, ол Алматыны басқарып тұрғанда Шаңырақ оқиғасының болып, соны ұйымдастырғандардың түрмеде отырғанына назар аударды. Мамай саясаткердің зейнеттік демалысқа кетуі келісілген сценарий бойынша жүрді деген ойда.

– Менің ойымша, Иманғали Тасмағамбетов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың арасында үлкен келісім болған. Тасмағамбетов бұл жүйедегі ең беделді саясаткерлердің бірі. Оның зиялы қауым арасындағы ықпалы, беделі өте күшті. Халық арасындағы беделі де күшті. Ол – Назарбаев жүйесінің өнімі бола тұра, Назарбаевқа бәсекелес бола алатын адам. Сондықтан бұл жерде үлкен саяси келісім болуы мүмкін, – деген Жанболат Мамай үлкен ойын сценарийі бойынша Тасмағамбетовқа үлкен саясатты қойып, басқа нәрсемен шұғылдануына жол ашылуы мүмкін екенін айтты.

Қоғам белсендісі саяси ойын басқа сценарий бойынша өрбуі де ғажап емес дейді. Оның көзқарасынша, Тасмағамбетовты саяси өмірден, кеңістіктен сызып тастау мүмкін емес. Оның да саяси амбициясы бар екені анық. Сондықтан ол әлі де саясатқа оралуы бек-мүмкін.

Жанболат Мамай Дархан Кәлетаевты президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметінен алып тастап, орнына Мәулен Әшімбаевты қоюына қатысты мынадай пікір білдірді.

– Дархан Кәлетаев шындығы керек биліктегі ең жағымпаз саяси функционерлердің бірі. Оның билікке жасаған ең үлкен жұмыстарының бірі – Елбасы туралы заңның негізгі авторларының, бастамашысының бірі болуы. "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары болып тұрған кезде Нұрсұлтан Назарбаевты "Елбасы – Лидер нации" қылайық деген адамдардың бірі осы Дархан Кәлетаев, – дейді ол.

Мамайдың сөзінше, Кәлетаев Назарбаев режиміне әлі де қажет, ал Мәулен Әшімбаев басынан бақайшығына дейін Назарбаев режимінің адамы. Оның бойында халыққа жақындық, ұлттық мүдде үшін күресу ұмтылысы байқалмайды.

– Мәулен Әшімбаев – белгілі қоғам қайраткері, ұлтжан азамат Сағат Әшімбаевтың ұлы. Бірақ Мәуленде халыққа жақындық, ұлтжандылық, ұлттық мүдде үшін күреске деген ынта байқалмайды. Оның президент әкімшілігіне қызметке тағайындалуы – сайлау жақындап келе жатқанының бір белгісі. Өйткені өткен сайлауда Әшімбаев белсенді түрде Тоқаевтың сайлау компаниясын жүргізген адам – деді Мамай. 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар