СДУ студенттері кітаптары жарыққа шықты

/image/2019/12/20/crop-9_5_953x1270_whatsapp-image-2019-12-19-at-21.50.30.jpeg

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Cулейман Демирел университеті студенттерінің төрт кітабы жарыққа шықты. Кітаптар алты түрлі жанрдағы, атап айтқанда, әңгіме, аударма, пост, сатира, эссе және хаттар жанры бойынша жазылған әдеби шығармалардан тұрады. 4 кітаптың әрқайсысы 1000 данамен «Самға» баспасынан басылып шықты. Жоба жетекшілері әдеби кітаптардың заманауи жастарға жол тартып, өскелең ұрпақтың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттырарына сенімді.

а

– Мақсатымыз – қазақ тілін жастарға насихаттау, қолдану аясын кеңейту, қаламгерлікті дамыту, жаңа сарында жазатын жас авторларды, жаңа есімдерді табу. Заман ағымына байланысты жаңа көзқарастағы жастарды анықтап қолдау көрсету, әдебиет әлеміне серпіліс, жаңа леп әкелу, жастардың заманауи сұранысына ие бағыттарды қолдана отырып, қазақ тілді контентті дамытуға үлес қосу. Біздің білімгерлер басқа да жастарға үлгі-өнеге болсын, кітап оқуға, жазуға деген ынтасы артсын деген ниетте осы «Жас қаламгер» және «Оқырман бәйгесі» жобаларын қолға алып отырмыз, – дейді жоба жетекшісі, СДУ оқытушысы Қанат Ибрагимов.

– Бұл жинақтарда әдебиет әлеміне алғаш қадам басып, өз ой-сезімдерін қағаз бетіне түсірген жас қаламгерлердің туындылары берілді. Жас буынның өзіндік көзқарастары, тың ойлары оқырмандарына жаңа өріс ашады деген сенімдеміз. Алдағы уақытта жас дарындардың көкжиегін кеңейтетін осы екі сайысымызды республикалық деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз, – деген факультет деканы Ещжанов Талғат мырза студенттерге үлкен қолдау көрсетіп келеді.

«Жас қаламгер» және «Оқырман бәйгесі» сайыстары бастапқы кезде бір пән мен топ аясында өткізіліп, әрі қарай кафедра, факультет және университет деңгейіне шығып, кезең-кезең бойынша өз жалғасын тапты. Нәтижесінде сайыс жеңімпаздары мен қатысушыларының еңбектері толық жинақ болып 5 кітап ретінде жарыққа шығып отыр.

Екі сайысқа университет тарапынан 156 студент қатысып, олардың ішінен үздік шығармалар анықталып, жеңімпаздар марапатталды. Атап айтқанда, «Әңгіме» жанрында: «Қара ниет», «Шытынаған тағдыр», «Өзім білмейтін құпиям», «Мені өзгерткен махаббат», «Адам боп өмірге келген соң...», «Панам сенсің», «Балалық шаққа саяхат», «Тар үй», «Жақсылық», «Дос керек пе?», «Салауатты бол!»; «Эссе» жанрында: «Өмірдегі қиындыққа қалай қарсы тұра аламыз?», «Оқиғадан түйген ойым», «Жетімді жылатпа!», «Оқиғадан түйген ойым»,«Өткен дәуірдегі қазақ даласындағы мәселелерді бүгінгі күнмен ұштастыру» «Мейірімділік – әлемнің жарығы»; «Хаттар» жанрында «Ана сенің әлдиің жүрегімде....», «Ең қадірлі жанға хат», «Жүрек төрінен орын алған теңдессіз тұлғаға хат», «Сол бір жанға», «Анашыма хат», «Жауапсыз хат», «Әкеге хат»; Аударма жарында: «Тоқаш ұрысы», «Бейбітшілік деген не?», «Зеректік», «Өмірдің мәні», «Жаңғырық», «Ханшайым және бұршақ», Сүйіспеншілік шыңы, Тәтті ботқа; Пост жанрында: «Тағдырыңның алдын орап асықпа», «Сен де – бiр боқ көтерген боқтың қабы», «Айналандағы өмір сені қажет етпейді, өмір саған қажет…», «Мені жазуға қызықтырған жан...», «Телефон менің, сенің, оның балалық шағын ұрлады!», «Ел болам десең...»; Сатира жанрында: «Бос мақтаншақтық», «Алманың құрты» туындыларының авторлары жүлделі орындарға ие болды. Үздік шығармаларды анықтауда қазылар алқасы әр жанр бойынша қаламгерлердің тілдік қолданысына, сөз саптау шеберлігіне, логикалық ойлауына ерекше мән берген.

а а

а а

Ұйымдастырушылар жобаның келесі кезеңін Алматы қаласының жоғары оқу орындары арасында ұйымдастырып, жастардың сұранысына ие болған жағдайда, Республика көлемінде ауқымды іс-шара ретінде өткізуді көздеп отыр. Мұндағы мақсат – жобаға мектеп оқушыларын, студенттерді, жас қаламгерлерді, тіпті ересек авторларды тарту.

– «Бір ұлттың тілі – сол ұлттың тарихының айнасы, сезімінің жауһары» дегендей, бұл әдеби сайыстар жазуға деген құштарлығымды арттырып, шығармашылық әлеммен ұштастырды. Мен әңгіме жанрында жазылған «Қара ниет», «Шытынаған тағдыр» атты туындыларымды бәйгеге тігіп бас жүлдеге ие болдым. Әңгімелерге арқау болған оқиғалар өмірден алынған, себебі шығармаларымыздың ең басты ерекшілігі – шынайылық, – деп бөлісті «Қазақ тілі және әдебиет» мамандығының 3-курс студенті Гүлден Әзілбек.

Ал осы мамандықтың 4-курс студенті Мәліке Серғалы, болса, жобаға қатысу арқылы, жас жеткіншектерге қиял-ғажайып жанрда туындылар жазуды машықтап жүр.

– Қазір болашақ мамандығым бойынша балаларға білім беру орталығында қосымша жұмыс істеймін және оқушыларға жазу дағдысын қалыптастыруды үйретіп жүрмін. Мақсатым – оларды еркін ойлауға, қиял-ғажайып оқиғалар жазуға ұмтылысын арттырып, жаңа жанрдағы туындыларды дүниеге әкелуге себепші болу, – деген көзқараста жас қаламгер Мәліке.

Ал бірнеше жанр бойынша жүлделі орын алған Айдана Қуанышбек өзінің жазба жұмыстарымен әрдайым құрбыларымен бөлісіп отыратынын, оларға достық ақыл-кеңесін беріп отыратынын жеткізді.

«Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, жас қаламгерлердің шығармашылық қабілетін жетілдіріп, оларға бағыт-бағдар беріп отырған «Шабыт» қаламгерлер клубының «Мені өзгерткен махаббат», «Жасырмаймын», «Өмірдің мәні не?» және «Сағындым ғой...» атты кітаптарының тұсаукесері университет қабырғасында өтті. Тұсаукесер салтанатына SDU ректоры Қуаныш Ерғалиев, факультет деканы Талғат Ещжанов, кітап редакторлары Береке Жұмақаева, Ақбота Абиыр, Баян Керімбекова, Жайнагүл Дүйсебекова және университет оқытушылары мен студенттер қатысты.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар