Иран билігі украиналық Boeing 737 жолаушылар ұшағы апатының себептерін анықтауға америкалық мамандардың араласуына рұхсат беріп, АҚШ-тың көлік қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық кеңесінің өкілін арнайы комиссия қатарына қосты, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі golos-ameriki.ru сайтының дерегін негізге алып.
Сондай-ақ құлаған ұшақта азаматтары болған Канада да комиссия құрамына өз сарапшысын қосты.
Азаматтық авиация жөніндегі халықаралық ұйымның ирандық өкілі Фархад Парвареш ұшақ бортында Ауғанстан мен Швеция азаматтары да болғандықтан, аталған елдердің өкілдері де комиссия құрамына енуі мүмкін екенін айтты.
Апатты тергеуге франциялық мамандар да жұмылдырылуы ықтимал. Өйткені ұшақ қозғалтқышы Францияда жасалған.
Сондай-ақ Парвареш ұшақ атып түсірілген болуы мүмкін деген АҚШ мәлімдемесін терістеп, Иран мемлекетінің ашық тергеу жүргізуге әзірлігін жеткізді. Оның сөзінше, қандайда бір қорытынды жасауға әлі ерте.
176 адамның өмірін жалмаған қайғылы оқиға ирандықтарды да күйзелткенін айтқан ол қайтыс болғандардың отбасыларына көңіл айтып, апатты өңірдегі саяси шиеленіспен байланыстырмауға шақырды.
Пікір қалдыру