Нан бағасы мәселесін мүлде басқа қырынан қарайық

/image/2020/01/20/crop-76_24_469x625_071544052500.jpg

Қазір елімізде нан бағасы қымбаттап жатыр. Оған билік те, қарапайым азаматтар да алаңдаулы. Журналистердің зерттеуіне қарағанда "әлеуметтік нан" аталатын қарапайым 550 граммдық нанның өзіндік құны 45,98 теңге болып, тұтынушылардың қолына жеткендегі бағасы Қазақстанның қалаларында 70-90 теңге арасында саудаланады екен. Ең арзан нан – Шымкентте, ең қымбаты – Алматы мен Нұр-Сұлтанда көрінеді. Қазақстанның әлемдегі бидай экспорттаушы елдердің бірі екенін ескергенде нан бағасының жұрттың қалтасына салмақ салмайтындай деңгейде болғаны дұрыс. Мәселенің екінші шетінен қарағанда нанның бағасы қымбат емес, керісінше халықтың ақшалай табысы төмен болып тұрған секілді.

Мәселені қалай шешу керек? Мен өзімнің ұстанымым бойынша кез келген мәселенің ішінен емес, сыртынан үңілем. Мәселені өзімнен бөліп алып, сыртынан қараймын. Сонда, мәселе анық әрі жан-жақты көрінеді. Ал ішіне кіріп алсаңыз, онан шыға алмай басыңыз қатады. Сырттан қарап, сұрақты тосын әрі мүлде басқа қырынан қойып көрейік:

– Нан өндірісі керек пе өзі? –  бұл сұрағымды естіп, мынаның есі дұрыс па? – деген ой келуі мүмкін басыңызға. Әрине ес-ақылым орнында. Бірақ, сіз мынаны ескеріңіз. Нан өндірісі барлық елде бар өндірістік сала емес. Тіпті, нанның өзін білмейтін мемлекеттер бар. Алайда, экономикалық жағдайы бізден көш ілгері. Сіз, "Әлемдегі ең халқы көп Қытай Халық Республикасы нан өндірісін қалай жолға қойып отыр екен?" деген сұрақты ойланып көрдіңіз бе?

Қытайдың 1,4 млрд шамасындағы халқы күніне (егер әр адам күніне 0,5 кг астық тұтынса) 700 мың тоннан астық тұтынады. (Грузия бір жыл бойы осындай шамада астық тұтынады). Бұл жылына 255 млн т астық деген сөз. Оның 110 млн тоннасы – бидай ұны. Қазақстан жылына орташа 20 млн тонна астық жинайды, оның 8 млн тоннаға жуығы 35 мемлекетке экспортқа шығады. Егер күніне әр адам 0,5 кг астық тұтынса, халқымыз күніне 9 мың тонна астық пайдаланады. Енді 700 мың мен 9 мыңды салыстырып көріңіз. Айырмасы аса үлкен. Күніне 700 мың тонна астық пайдаланатын елде нанның мәселесі қалай болып жатыр? – деп сұрасаңыз, жауабым мынау:

– Ешқандай мәселе туындап жатқан жоқ. Себебі, ол елде нан өндірісі жоқ. Ал нан өндірісі болмаса, ол қалай болғаны? – дейсіз ғой. Олар нан мәселесін әркім өз отбасында шешіп алған. Қытай фильмдерінен көріп жүргеніміздей "Бу нан" осы млрд халықтың нан мәселесін шешіп отыр. Әркім өз үйінде күніне бір рет осы бу нанды пісіреді немесе асханалардан сатып алады. Оңтүстік аймақтарында климаттық және дәстүрлі ерекшелікке байланысты мүлде нан тұтынбайды десек те болады. Астарына көбінде көкөніс пен күріш арқау болады. Солтүстік аймақтарында, әсіресе Шынжаң өлкесіндегі ұйғыр, қазақ секілді халықтар нан тұтынады. Бірақ, нан өндірісі қалыптаспаған. Ауылды елді мекендердегі халық түгелдей өздерінің тандырларына нан жауып алады. Ал қаладағылар базардан сатып алады немесе бу нан жейді. Нанды өздері дайындайтындар нанның құрамына жұмыртқа, сүт немесе май қосып дәмді, пайдалы нан жасап алады. Ал бу нанды да, ашыған ұннан бауырсақ пісіретіндей етіп дайындап, ішіне жеміс немесе май жағып дегендей дәмді етіп жасап алуға болады. Базардың наны жеуге емес, сатуға арналған нандар екенін ұмытпағанымыз жөн. Осы сәт ашытқы (дрожжи) туралы да айта кетейін. Қазіргі химиялық ашытқылардың адам денсаулығына залалы туралы айтылып жатыр. Біздің бала кезімізде аналарымыз сол ашытқыны кәдімгі ұннан өздері жасап алатын да, жартысын істетіп, қалған жартысына ұн қосып илеп, қайтадан қалтадағы ұнның ішіне салып қоятын. Оның сырты қабыршықтанып жата беретін. Кезі келгенде ішіндегі ашытқысын пайдаланатын.

Қазақстанда ауыл, қала халқының бәрі де дүкеннен нан сатып жеуге еті үйренген. Қаладағыларды нан жауып аларына жағдай жар бермеді десек те, бу нан пісіріп алуына болады ғой. Оны да үйреніп алуға болады. Ал ауылдағы ағайындар 20 шақты кірпішпен шағын тандыр жасап алып, тіпті, дайын тандырлар да бар, соны сатып алып өздері қалағанынша нан жауып алуына болады. Ол қолдан піскен нан қандай нәрлі де, дәмді болады десеңізші. Осылай істегенде нанның бағасы өсе ме, өше ме оған басыңыз қатпайтын болады. Нанды сатып алушылар азайған соң, оның бағасының да арзандары анық.

Нан – тамақ өнеркәсібінің маңызды саласы. Онда көптеген адамдар жұмыс жасап жатыр. Нан өндірісі арқасында өзге де салалар дамып отыр. Алуан түрлі нан өнімдерінің болуы да тұтынушылар үшін де жақсы. Бірақ, ол маңызды әлеуметтік мәселе болып, үкіметтің бас ауыруына айналар болса, оның өзге де жолын қарастыру артық болмас. Біздің биліктің қалыптасқан қашанғы әдеті сол – екі-ақ жолды көреді. Бірі – сол күйінде қалу, екіншісі – оны алып тастау немесе жоғалту. Үшінші, төртінші, бесінші.... дегендей шығар жолды іздестірмейді. Кез елген тығырықтан шығудың кемінде екі түрлі жолы бар. Нанның мәселесі де сондай. Одан шығудың жолы көп. Менің айтқаным бір немесе екі жолы ғана. Одан басқа да мүмкіндіктері бар. Мен 3-4 жылдық ізденістер арқылы "Ешқашан жоқ деме" атты кітап жазып, тұтас қазақ даласына тарату үстіндемін. Сол кітапта көптеген проблемалар және олардың шешу жолы ортаға салынған. Ол мемлекеттік мекемелер мен жеке азаматтар үшін де керекті құндылықтарға ие кітап.     

Мақаланың байыбына бармастан, тырнақ астынан кір іздейтіндер де бар. Олар: "Қытайшыл идея" немесе "Енді қалғаны сол қытайдың бу нанын үйрену еді" – деп пікір жазуы мүмкін. Менің оларға айтарым: Кімнен болса да, керек болса, үйрену қажет. Қытайдан басқа да халықтарда осы нан секілді әлеуметтік мәселені қалай шешіп жатыр екен, пайдалы тәжірибелері бар ма? Ол туралы сіз білесіз бе? Білсеңіз, ортаға салыңыз. Бар жауапкершілік пен міндетті үкіметке артып қойып отырудың қажеті шамалы. Біз де азамат ретінде пікірімізді, ұсынысымызды ортаға салуымыз тиіс. Тыңдау, тыңдамау ол енді бөлек тақырып.

Қастер Сарқытқан,

ғалым-ұстаз



Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар