"Нұр Отан" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың келісімімен «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы қызметіне Елнұр Бейсенбаев сайланды. Жастар қанаты Орталық кеңесі мүшелерінің қатысуымен өткен жиында партия төрағасының бірінші орынбасары «Jas Otan» жастар қанатының алдында жаңа мақсаттар мен міндеттер тұрғанын алға тартты.
«Еліміздің жарқын болашағы үшін жасотандықтар үздіксіз қызмет етуі тиіс. Елбасы, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев маслихаттың барлық деңгейінде жас депутаттар санын 20%-ға дейін көбейту қажеттігін айтты. Бұл ретте «Jas Otan» Жастар қанатының рөлі ерекше. Аталған тізімде жасотандықтар алғашқылардың бірі болып тұруы қажет. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен 2020 жыл «Волонтер жылы» болып жарияланды. Осы орайда, «Jas Otan» еліміздегі ең ірі жастар ұйымы ретінде, волонтерлік қозғалысты өрлетуде алдыңғы қатарда тұруы тиіс», - деді Бауыржан Байбек.
Сондай-ақ, ол әзірленіп жатқан 2020-2025 жылдарға арналған «Жастар-Отанға!» бағдарламасында білім алу, жұмысқа орналасу, баспана сияқты т.б. жастар үшін өзекті мәселелер қамтылатынын жеткізді. Осы орайда, барша Қазақстан жастарына арналған бағдарламаның жобасын әзірлеу жұмыстарына әрбір ауылдың, ауданның, қаланың жастары атсалысуы қажет екенін ерекше атап өтті.
Елнұр Бейсенбаевтың жастар саясатында тәжірибесі мол. Студенттік жылдары жастар ұйымдарының белсенді мүшесі болған. Ол мемлекеттік қызметте және Үкіметтік емес ұйымдарда да жұмыс істеді.
Осыған дейін «Jas Otan» ЖҚ төрағасы қызметін атқарған Дәулет Кәрібек Президенттік кадрлық резерв тізіміне еніп, енді өзінің жастар саясатындағы мол тәжірибесін мемлекеттік қызмет саласында іске асырады.
Жастарды жан-жақты қолдау мақсатында жастар жылының қортындысы ретінде 300 білікті жастардан тұратын Президенттік кадрлық резерв жасақталды. Бұл – еліміздегі білімді және білікті жастарды қолдауға бағытталған маңызды шешім. Партия мен жастар қанатының мақсаты – бәсекеге қабілетті болуды, қоғамға пайда келтіруді ойлайтын, Отан үшін жауапкершілік алуға дайын жастарға әлеуметтік лифт жасау.
«Әрбір жастың жеке жетістігі – тұтас Отанымыздың табысы» деген Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарға әрдайым айрықша көңіл бөлетінін білесіздер. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Жастар жылы аясында ең көп жастар шоғырланған Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға 3 мың пәтер берілді. Сондай-ақ, алдағы үш жыл ішінде пәтер саны 9 мыңға ұлғайып, басқа аймақтарды да қамтитын болады», - деді Бауыржан Байбек.
Пікір қалдыру