Қытайда вирустан көз жұмғандар саны артты, вирус Еуропаға да жетті

/image/2020/01/25/crop-13_9_697x1239_2020012212552495854__110571958_059280500-1.jpg

Қытайда коронавирусты жұқтырғандар мен одан көз жұмғандар саны күрт ұлғайды. Қытай билігі 25 қаңтарда вирустан 41 адам көз жұмып, 29 провинцияда кемінде 1 287 адам вирусты жұқтырғанын хабарлады. Қытайлық БАҚ-тың жазуынша, вирус жұқтырғандардың арасында  237 науқастың жағдайы ауыр.

Соңғы ақпаратқа сәйкес, Хубэй провинциясында - 39 адам, Хэбэй провинциясында - бір адам, Хэйлунцзянда - бір адам көз жұмған. 

25 қаңтарда белгісіз вирустың Австралия мен Францияға да жеткені хабарланды. Бірақ  Қытайдан басқа жерде вирусты жұқтырғандар арасында адам өлімі болған жоқ.

Франция үш адамнан вирус табылғанын хабарлады. Бұл Еуропада тіркелген алғашқы жағдай. Ресми тұлғалар екі науқастың Париж ауруханасына жатқызылғанын хабарлады. Біреуі елдің оңтүстік-батысындағы Бордо қаласында емделіп жатыр.

АҚШ-та екі жағдай тіркелген: бірі - елдің солтүстік-батысындағы Сиэтл қаласында, екіншісі - Чикаго қаласында. Екі адам да Қытайға саяхаттап, жақында оралған.

Австралияның денсаулық сақтау саласы мамандарының айтуынша, 25 қаңтарда Виктория штатында 50 жастан асқан Қытай азаматынан вирус табылған. Штаттың денсаулық сақтау министрі Дженни Микакостың айтуынша, науқас 19 қаңтарда Қытайдың Гуанчжоу қаласынан ұшып келген.

"Алаңдауға негіз жоқ. Пациент оңаша жерде емделіп жатыр және бұдан басқа жағдай тіркелмеді" деді ол.

Өткен жылдың аяғында Қытайда белгісіз вирус тарап жатқаны айтыла бастады. Короновирус деп аталған бұл вирус Қытайдың Ухань және Хуанген қалаларында көптеп таралған. Соған байланысты Қытай билігі бұл екі қаланы жапты. Әзірге пневмонияға ұқсас дертке шалдықтыратын вирустың қайдан шығып жатқаны белгісіз. 2002 жылы осыған ұқсас вирустан Қытай мен Гонконгте 600-ден астам адам өлген.

23 қаңтарда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Қытайда инфекцияның таралуына байланысты денсаулық сақтау саласында төтенше жағдай жариялаудан бас тартты. ДДСҰ-ның басшысы Тедрос Адзхном Гебрейесустың айтуынша, мұндай шешім қабылдау үшін әлі көп дерек жинақталуы тиіс. 


 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар