Бүгін, яғни 6 қаңтарда елорда уақытымен 16:00-де денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп ведомствоның facebook-тегі парақшасы арқылы мәлімдеме жасады. Онда коронавирус инфекциясының Қазақстанда таралуының алдын алу шаралары, Қытайдан елге келген азаматтардың жағдайы туралы, медициналық бетпердені тағу кімге міндетті, кімге міндетті еместігі жайлы айтты.
Қазақстанда коронавирустың таралу жағдайы тіркелмегенін хабарлаған ресми өкіл медициналық бетпердені жаппай тағудың қажеті жоқ екенін, тек суық тиюдің белгілері болғанда ғана тағу керектігін мәлім етті.
Оның сөзінше, бетперде өндіруші қазақстандық компаниялар мен дистрибьюторлар арнайы қорларын Қытайға сатып жіберген. Соның салдарынан ел ішінде бетперде тапшылығы сезілген. Мәселені шешу үшін үкімет бетперде экспортына тыйым салған.
Алматыдағы дәріханашылардың айтуынша, қалада медициналық бетперде әлі де тапшы. Көбінде бірнеше күн бұрын таусылып қалған. Қамшы тілшісі тілдескен дәріхана қызметкерлері бетперделердің әп-сәтте сатылып кетіп жатқанын айтты.
Есімін атамауды өтінген дәріханашы "бетперделер көбірек жетуі үшін жазда алып қойған қорды аз-аздан сатып отырмыз" дейді.
– Біздің дәріхананың тұсында мектеп бар. Бетперделерді алатындардың көбі оқушылар. Біздегі бетперделер жаздағы қордан қалған. Олардың өзі бітуге жақын. Оқушыларға мейлінше жетсін деген оймен әр адамға шектеулі данадан сатып жатырмыз, – деген дәріханашы бағаны 30 теңгеден асырмағанын, алып-сатарлар жиі келетінін айтты.
– Бірнеше мыңдап сұрайтындар көп. Олар бізден арзанға алып, қымбатқа сатқысы келеді. Біз ондай адамдарға бермейміз. Оларға сатсақ, оқушыларға жетпей қалады, – деді дәріханашы.
Садыхан дүкендер желісінің Рано есімді қызметкері "бетперде қоймаларда да қалмады" дейді.
– Бұрын бетперделерді Қарағандыдан, Алматыдан алатынбыз. Тапшылық сезіле бастағанда Қытайдан әкелінді. Бетперде қазір ол жақта да тапшы сияқты. Кеше бізге Үрімші қаласынан қоңырау шалып, 2 млн дана "маска" керек екенін айтты. Түркиядан 50 мың дана іздеп хабарласқан жағдай болды. Тапсырыс беріп қойдық. Қашан келетіні белгісіз, – деді ол.
Дәріханашының айтуынша, коронавирустан қорғануда бетпердеге қарағанда арнайы медициналық бейдж тиімдірек.
– "Маска" жеңіл инфекциялардан қорғамаса, коронавирустан қорғай алмайды. Оның үстіне оны екі сағаттан артық тағып жүруге болмайды. Оданда инфекцияға қарсы арнайы бейдж алған дұрыс. Олар екі айға дейін тағуға жарамды. Бағасы 3000 теңге, – дейді дәріханашы.
Дәрі сатушыларға бір адамға 20 данадан артық бетперде сатпау туралы нұсқау түсіпті.
Айжан есімді дәріханашының сөзінше, үлкен көлемде бетперде іздеп, қоңырау шалып жатқандарда есеп жоқ.
– Соңғы бірнеше күннен бері "маска" саудасы қызып тұр. 1 мың данадан, 1 млн данаға дейін аламыз деп жатқандар бар. Өзіміз алып жүрген фирмада ұзын-сонар кезек. Бәріне бірдей үлгермей жатыр. Тапсырысымыз араған күн салып келіп жатыр, – дейді дәріханашы.
Қамшы тілшісі барып көрген жеті дәріхананың екеуінің есігінде "масок нет" деген жазу ілулі тұр. Төртеуінде бетперде шектеулі мөлшерде 30-50 теңге аралығында сатылып жатыр. Олардың арасында отандық өндірушілердің үш қабатты бетперделері де, қытайлық өндірушілердің бір қабатты жұқа бетперделері де бар. Бәрінің айтатыны біреу: бетпердені қорап-қорабымен, мыңдап сатып алғысы келетіндер көбейген.
Сондай-ақ медициналық бетперделерді ғаламтор арқылы сату жиілеген. Olx сайтындағы хабарландырулардан көз сүрінеді.
Пікір қалдыру