"Дулат Ағаділдің жүрек талмасы ұстап қалды дегенге сенбеймін"

/image/2020/02/25/crop-23_110_579x771_2b12a095-dc80-40cf-987c-874e29ccaa63.jpg

Ақпанның 24-і күні сағат 21.00-де Дулат Ағаділді полиция қызметкерлері өз үйінен тергеу изоляторына күштеп алып кеткен болатын. 25-ші ақпан күні ішкі істер министрлігі қоғам белсендісі кенеттен жүрек талмасы ұстап қайтыс болды деп мәлімдеді. Қаралы оқиғаға қатысты әлеуметтік желі қолданушылары әрқилы пікірде. Бірі "белсенді арнайы тапсырыспен өлтірілді" десе, екінші тарап "кенеттен жүрек талмасы ұстап қайтыс болды" деуде. Qamshy.kz ақпарат агенттігі осындай бірқатар пікірді оқырман назарына ұсынады.

"Демпартия" құрғысы келетін бастамашыл топтың жетекшісі, қоғам белсендісі Жанболат Мамай "Дулат Ағаділдің жүрек талмасы ұстап қалды" деген министрліктің мәлімдемесіне сенбейтінін facebook парақшасында видеоүндеу арқылы жариялады.

– Оның тергеу изоляторында қайтыс болғаны өте қаралы хабар. Кеше ғана бүкіл әлеуметтік желілерден Дулат Ағаділдің тұтқындалғаны жөнінде ақпаратты көрдік. Ресми, ішкі істер министрлігінің ақпараттарына сүйенетін болсақ, "мас болып келіпті", "жүрегі тоқтап қалыпты" сынды ақпараттар таралды. Бірақ кеше ғана көргеніміздей, Дулат Ағаділ құқық қорғау органдарының үйіне келгенде өз аяғымен барып, өз еркімен киінгенін білеміз. Ол кісінің мас екен немесе ішіп алған деген жалған ақпараттарына ешкім сенбейді. Жап-жас жігіт аяқ астынан жүрегі тоқтап қалуы және түрменің ішінде қаза тапты деуі күмәнді, күдікті ақпарат. Мен ол кісінің өзі қайтыс болды немесе жүрек талмасы ұстап қалды дегенге сенбеймін, – деді Жанболат Мамай.  

Сондай-ақ ол бұрындары Дулат Ағаділді Қазақстанның полициясы қудалап, үнемі түрмеге қамап, тергеу изоляторларына апарып қысым көрсетіп жүргенін жақсы білетінін айтты. 

–  Менің күдіктенуімнің себебі заң органдары азаматты қамауда немесе тергеу изоляторында ұстағаннан кейін, оның өміріне, оның денсаулығына, дін-амандығына тергеу изоляторының басшылығы, дәрігерлері, қызметкерлері толықтай жауап беруі тиіс, – деді ол.

Қоғам белсендісінің пікірінше, Дулат Ағаділ өлімінің себебін қазақстандық дәрігерлер емес, шетелдік тәуелсіз медициналық сараптама анықтауы керек.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов "Дулат Ағаділді ұстап әкету процесі мен бүгін "МВД"-дан жауапкершілікті талап еткен азаматтарды ұстауы биліктің өз үстемдігін сақтап қалу үшін бәріне дайын екенін дәлелдеді, деп атап өтті.

–  "FUD”-тен Жаһандық Магнитский Заңына дейін... Маркетинг, пропаганда және саясатта "FUD" деп аталатын тактика бар. Тарқатып айтсақ, F-fear (үрей), U-uncertainty (белгісіздік), D-doubt (күмән). Демократиялық елдерде саясаткерлер түрлі тәсілмен (дезинформация, журналистік зерттеу, негатив жарнама) қарсыластарын дискредитациялап, сайлаушылардың бойында үрей, белгіздік және күмән туғызу арқылы сайлауда жеңу үшін "FUD"-ке жүгінеді.

Авторитарлық мемлекеттерде де билік "FUD"-ке сүйенеді. Демократиялық елдерден айырмашылығы – авторитарлық жүйедегі билік етуші топ азаматтарды саяси оппонент және сайлаушы деп бөлмейді. Оларға биліктің саясатын сынайтын адамның бәрі жау. Сол себепті биліктен айырылып қалмас үшін авторитарлық билік барлық амалды жасайды. 

Заңды да, заңсыз да әрекетке барады. Азаматтарды жазықсыз қамау, құқық қорғау органдары арқылы қудалау және өміріне қауіп төндіру арқылы саяси белсенділердің бойындағы және қоғамдағы үрейді күшейтуге тырысады. Одан қалса автократиялық/диктатуралық елдерде биліктің саясатына қарсы шыққан адамдардың жұмбақ өлімі қалыпты жағдай. Ал бұл тәсілдер "саяси реформалар" үшін құрылатын "Ұлттық сенім кеңесі" және "құқық қорғау органдарын реформалау" секілді бітпейтін саяси уәделермен үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын дүниелер.

Сондықтан саяси белсенді Дулат Ағаділдің қазасы марқұмның отбасы мен жақындары үшін ауыр қайғы ғана емес, азаматтық қоғам үшін, Қазақстанның демократияға қарай бет түзеуі үшін өте қауіпті сигнал. Д.Ағаділді ұстап әкету процесі мен бүгін "МВД"-дан жауапкершілікті талап еткен азаматтарды ұстау арқылы билік өз үстемдігін сақтап қалу үшін бәріне дайын екенін тағы да бір рет дәлелдеді.

Дулат Ағаділдің қазасы саяси белсенділердің бірінің бойында күмән мен үрейді күшейтсе, екінші бірінің саяси белсенділігін арттыруына себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ осы қайғылы оқиғадан кейін биліктің бойында да өз болашағы үшін қорқынышы артпаса, азая түседі деп ойламайын. Өйткені саяси белсенділерді "НКВД-ша" қудалау – өз күшіне сенімді мықты биліктің әрекеті емес. Бұл – өзін саяси элита санайтын, өзіне сенімсіз әрі қорқақ адамдардың әрекеті.

Қалай десек те, осындай әрекеттері арқылы билік өзінің түбіне өзі жетуі мүмкін. Биліктің кейбір өкілдері "FUD"-пен қатты әуестеніп кетіп, бір күні өзінің Жаһандық Магнитский Заңы (Global Magnitsky Act) бойынша санкцияланатын адамдар тізіміне кіріп кеткенін байқамай да қалуы мүмкін.

Ол үшін саяси белсенділер және Қазақстанның болашағына бейжай қарамайын азаматтар Қазақстанның Мәжілісі мен Сенатындағы депутаттармен емес, АҚШ конгрессмендері мен сенаторларымен достасуға күш жұмсауы тиіс. Әсіресе, демократ Бен Кардин және республикалық Марко Рубио секілді сенаторлардың жүрегіне жол табуы қажет.

Мүмкін, сонда ғана өзін "құдай" сезінетін абсолютті билік және оның өкілдері сабасына түсер, –  дейді саясаттанушы.

Атыраулық белсенді Талғат Аян өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Дулат Ағаділ "азаматтық белсенділігі" үшін қаза болды дейді.  

– Дулат Ағаділ азаматтық белсенділігі үшін қаза болды. Сот сараптамасы кезінде Дулаттың алақаны мен табанында тексеру қажет. Түрмелерде ең кең тараған азаптаудың бір түрі алақаны мен табанынан ұру. Ондай азаптау кезінде бірден жүрекке әсер етеді, әрі ізі анық көрінбеуі мүмкін. Түрмеде 2 жыл отырған адам ретінде түсінгенім сол, – деп жариялады желідегі парақшасында.

Саясаттанушы Досым Сатпаев болған оқиғаға байланысты былай деп пікір білдірді.

Ұсталған белсенді Дулат Ағаділ түрмеде қайтыс болды. Ресми ақпараттардың нұсқасы –  "Жедел жүрек-қантамыр жеткіліксіздігі". Тіпті солай болған күннің өзінде де, белсендінің өліміне мемлекет жауапты, себебі демократиялық қоғамда белсендінің тұтқындалуы негізсіз. Егер уақытша қамау изоляторында және басқа да Қазақстан түрмелерінде адам өле беретін болса, ертелі кеш біздің елде Ресейдегі Магнитский оқиғасы қайталануы мүмкін. Түрмеде жатқан Мұхтар Жәкішевтің де денсаулығы сыр бере бастаған. Егер 3 наурызда сот тағы бір рет шартты түрде босату туралы шешім қабылдамаса, тұтқын ауруын "жүрек жеткіліксіздігіне" немесе тіпті "созылмалыға" жатқызуға болатын "табиғи" нәрсеге әкелуге тырысады және де мұның бәрі бостандыққа шығармау үшін, – деп атап өтті Сатпаев.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар