ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық, су тасқыны алдындағы жағдай және су тасқыны қатерінің алдын алу және оны жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді, деп жазады primeminister.kz.
Е. Тұрғымбаев атап өткендей, ҚР ІІМ министрлік орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту бойынша іс-шаралар кешенін жүргізуде.
«Қазгидромет» РМК-ның алдын ала болжам деректері бойынша елдегі қар қоры мен өзендер бассейндеріндегі ылғал қорының көлемі нормадан айтарлықтай жоғары. Қар басу процесі жалғасуда. Нұр-Сұлтан қаласында, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жағдайдың қиындауы өте ықтимал.
– Қазір елімізде 609 елді мекенді және 675 автомобиль жолын және 259 темір жолды су басу қаупі бар, – деді министр.
Су басуды болдырмау мақсатында жергілікті атқарушы органдар елді мекендерден 8,8 млн текше метрден аса қар шығарды, ЖЖМ (қазір – 13,5 мың тонна), инертті материалдар (152,6 мың тонна), құм салынған қаптар (840 мың) мен жарылғыштар (47 тонна) қоры қалыптастырылды.
Төтенше резервтерде 34 млрд теңге көзделген.
Ықтимал су басу жағдайына эвакуацияланатын халықты қабылдайтын 1700 бекет әзірленді, маршруттар жаңартылды, қажетті көлік бөлінді. Тіршілікті қамтамасыз ету үшін әкімдіктер қажетті құралдарды (палаткаларды, төсектерді), азық-түлік пен ауыз су қорын дайындады.
Су тасқыны жағдайының ықтимал қиындауына жедел ден қою мақсатында ішкі істер органдарынан жалпы саны 9 мың адам және 1730 бірлік техникадан арнайы күштер мен құралдар топтамалары құрылды.
Бүгіннен бастап (биылғы 25-26 ақпанда) Нұр-Сұлтан қаласының басқару штабы «Көктем-2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізе бастады, оның барысында жұмылдырылған күштердің әзірлігі тексерілетін болады.
Су тасқыны қатерлерінің алдын алу және оларды жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған Жол картасы іске асырылуда, бұл өткен 3 жыл ішінде 437 елді мекенде су басу қаупін болдырмауға және 287 елді мекенде су басу қауіп-қатерін барынша азайтуға мүмкіндік берді.
Материалдық-техникалық жарақтау бойынша Жол картасы шеңберінде 900 бірлік техника, оның ішінде мотопомпалар, жүзу құралдары, жол талғамайтын құралдар сатып алынды.
Пікір қалдыру