Коронавирус жұқтырғандарды емдейтін дәрігерлерге бір миллионға дейін төленеді

/image/2020/03/30/crop-41_7_465x620_1534394370_article_b.jpeg

Президенттің тапсырмасымен эпидемияға қарсы шараларға жұмылдырылған дәрігерлерге үш ай бойы төленетін үстемақының мөлшері белгілі болды. Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді.

Медицина қызметкерлері жұмысының қауіпіне қарай 3-топқа бөлінген.

– Бірінші топ – реанимация бөлімдерімен қоса алғанда, жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Барлығы 3 284 маман. Олардың жалақысына үстемақы айына 850 мың теңгені құрайды. Яғни, орташа айлықты қосқанда, олар айына шамамен бір миллионның үстінде алады, – деді министр.

Екінші топ – провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем қызметкерлерінің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Барлығы 11 951 маман.

Министрдің сөзінше, олардың үстемақысы айына 425 мың теңгені құрайды. Яғни орташа жалақысын қосқанда, айына шамамен 600 мың теңге алып тұрады.

Ал үшінші топ –карантиндік стационарлар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілері және тағы басқалары. Барлығы 10 994 қызметкер.

Олар айына 212 мың теңге үстемақы алады. Яғни орташа айлығын қос есептегенде, ай сайын 380 мың теңге төленеді.



 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар