Анар Фазылжан: Әліпби бір ізге келді

/image/2020/04/04/crop-8_1_488x628_11cc58555f261e4322eea3a3840bc1ee_generic.jpg

Ел ішінде әлі де латын таңбалы жаңа әліпбиге байланысты ойталас көп. Әркімнің өз шындығы бар. Десек те ел үшін ортақ мәмілеге келетін сәт. Тіл мәселесімен айналысатын тілші ғалымдар арасындағы пікірталастың шешімі табылар сәт туды. Тілді тек тіл мамандары жасауы керек. Бұл ақиқат және талас тудырмайды. Сондықтанда біз бүгін осы мәселемен айналысып жүрген  республикамызға танымал тілші-ғалым, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанды сұхбатқа тарттық.

– Сонымен, латын графикасына негізделген жаңа әліпбиді енгізудің алғышарттары қандай?

Қазақ қоғамы әлеммен құрмаласқан заман оның ұлттық рухын жаңғыртуы, бодан санадан бостан санаға өту кезеңімен дөп келді. Бір қарағанда, жаһандану үдерісі ғана жүріп жатқандай көрінеді, барлық мемлекет бір-бірімен экономикалық жақтан ғана емес, мәдени тұрғыдан да құрмаласып, адамзат бұрынғыдай әртүрлі таным, ұстаным, тұрмыс-тіршілік иесі болған алуантүрліліктің, сан түрлі мәдениеттен, енді киім киюде, ресми қатынас этикасында,  гастрономиялық, тұтынушылық талғамда, сол сияқты қоғамдық өмірдің көптеген саласында бірүлгі стандартқа, батыстық модельге басымдық беруші біртұтас қоғам – жаһаниятқа айналып отыр. Қазіргі экономикалық құрмаласу мен ақпараттық технологиялар өз жемісін берді – бүкіл әлем қалтаңызда қолтелефонда жүр, жер шары кішкентай ауыл сияқты, оның кез келген нүктесінде не болып жатқанынан хабардар болуға ғана емес, тіпті соған әсер ете алуға да зор мүмкіндік жасалды. Міне, бұл жаһанданудың жемісі. Оның кесірі де жоқ емес. Бұл басқа тақырып. Әңгіме мына сұраққа байланысты: осы жаһандану үдерісі біржақты ма? Бұған ғалымдар адамзат қоғамындағы үдеріс, табиғаттың метафизикалық болмысына ұқсас, тек бір бағытта өтпейді, оның қарама-қарсы екінші жағы болады, жаһандану бар жерде, ұлттану да жүреді деп жауап беріп отыр. Ел-елде өз ұлттық бет-бейнесін сақтап қалу үдерісі күшейіп келеді. Қазақтану соның біздегі көрінісі. Олай болса, латын графикасына негізделген жаңа әліпби арқылы ұлттық жазуымызға жасалған реформа, бір жағы, жаһандану, екінші жағы, ұлттану талаптарына да толық жауап бере алады деп бағалап отырмыз. Қалай? Латын графикасындағы қазақ мәтінінің танымалдағы артады, себебі латынды білетін жер шарының кез келген азаматы тілімізді түсінбесе де, оқи алатын болады, оның үстіне халықаралық алаңдарда ұлттық брендке айналған сөздеріміздің графикалық бейнесі түсінікті кескін алады, түркі жұртымен бірегейлігіміз артады.

Ал ұлттану тұрғысынан алсақ, оның мәні зор. Кирил графикасы шет сөздерді тек орыс тілінің орфографиясымен жазып, орфоэпиясы бойынша дыбыстау керек деген стереотипті санамызда берік орнатқаны соншалық, тәуелсіздік алған отыз жылда да оны жеңе алмай келеміз. Бодан тілдердің бәрінде шет тілінен енген сөздер жазуда игеріледі, төл тілдің графикалық ережесі бойынша жазылады. Қазақ тілі де сырт әсерді жазба тілде игерудің тетіктерін жасаған болатын: бөкебай, атбекет, кірпіш, жәшік, т.б. сөздер тек дыбысталуы қазақша болған жоқ, жазуда да солай игерілді. Ал кирил әліпбиімен шет тілінен енген сөздерді орысша жазу күштеп енгізілген соң, осы тетіктер жұмыс істемейтін болды, себебі кирилде орыс әріптері отыр, оларды алып тастап, тек қазақ дыбыстарының таңбасын қалдырып реформалау мүмкін болмады, кирил «мені орысша» жаз деп тұрады. Шет сөзді жазба коммуникацияда игерудің бірден-бір жолы жаңа әліпбиге көшу, сол арқылы ұлттық жазудың игеру тетігін қайта іске қосу болмақ. Латын әліпбиінде кирилдегі Ь, Ъ, Э, Ю, Я, Ц, Щ, Ё әріптері жоқ, қалай «тырыссақ» та, енді барлық шетсөзді бұрынғыша орыс орфографиясымен жаза алмаймыз, олар өзгереді, ұлттық тұрпат ала бастайды, демек жазу арқылы тіл жаңғырады, тіл арқылы сана жаңарады, әрі тілімізді сақтап қаламыз.

– Идея қашан жүзеге аса бастады, қандай ұсыныстар қарастырылды, қазір қай деңгейде, алдағы жоспар қандай?

Латын әліпбиіне көшу мәселесін ҚР ҰҒА академигі, профессор Әбдуәли Қайдар алғаш көтерген еді. Бұның өзі әліпби реформасында тілтанымдық түрткіжайттың негізгі, яғни жаңа әліпби тіліміздің ұлттық арнада дамуы үшін қажет екенін көрсетеді. Қазіргі кезде ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2019 жылдың қазан айында Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловаға берген тапсырмасы бойынша осы реформаға жауапты мекемелер әліпбиді жетілдіру жұмысын жүргізіп жатыр. ҚР Үкіметі жанынан құрылған Ұлттық комиссияның төрт жұмыс тобы құрамының басым көбі қолдаған «жетілдірілген жоба» қалың жұртшылық, мамандар арасында кеңінен талқыланды, сынама-сауалнама арқылы тексеріліп, соңында Орфографиялы жұмыс тобының кеңейтілген отырысында пысықталып, Президент әкімшілігіне ұсынылды. Ол жиында тәуелсіз сарапшылар тағы да біраз мәселені асықпай қарауды ұсынды. Мәселен, ағылшын тілінің әріптері W, X, C-ді ұлттық әліпби құрамын енгізу/енгізбеуді, тіліміздің дыбыстық жүйесінде жоқ Ц мен Ч-ға арнайы таңба алу/алмауды, Ң дыбысының таңбасын (диакритикалық Ň Ñ /диакритикасыз Ŋ) қайта тексеру ұсынылды. Осыған қатысты Мәдениет және спорт министерлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасына орай  «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы талқылау, сауалнама ұйымдастырып, нәтижелерін Орфографиялық жұмыс тобының ғалымдарына берді. Бірнеше маман С әрпін Ц-ның таңбасы ретінде алып, әліпби құрамына енгізу керек дегенмен, ғалымдардың басым көбі жетілдірілген әліпби жобасын өзгеріссіз қалдырған абзал, яғни С таңбасын Ц-ның әрпіне алудың қажеті жоқ деген ұстанымда қалды. Ал W, Х, C сияқты ағылшын әліпбиіндегі таңбалар қазақ тілінің латын әліпбиі негізіндегі компьютер пернетақтасында міндетті түрде орналасатынын жұртқа түсіндірген дұрыс деп шешті. Расымен, цитататық принциппен таңбаланатын Word, Сoсa-Cola, Expo сияқты бренд, марка атауларын жазу үшін оларды пернетақтада қолдана береміз.

– Нақты шешім бар ма? Әліпби бірізге келді ме?

Әліпбиді жетілдіру тапсырмасы берілгелі біраз жоба ұсынылып, ғалымдардың талқысынан өтті. Талқылау нәтижесінде БАҚ-та «ұлттық жоба», «тілтанымдық жоба» деп аталып жүрген профессор  Әлімхан Жүнісбек бастаған Тіл білімі институтының бір топ ғалымдарының жобасы мен алдында айтқан Орфографиялық жұмыс тобы ғалымдары әзірлеген «жетілдірілген жобаның» қолдаушылары көп болып шықты. Дегенмен «жетілдірілген жобаның» жұртшылық тарапынан, өңір-өңірдегі мамандар тарапынан да ерекше қолдау алғанын талқылаулар нәтижесі көрсетті. Олай болуы заңды, себебі жетілдірілген нұсқаның теориялық, сонымен бірге практикалық та негізі жасалды. Оның теориялық негізіне Орфографиялық жұмыс тобы құрамындағы жазу теориясы мен практикасы, грамматология, сөз мәдениеті, фонология, ортологиялық лексикография сияқты әліпби жасау, емле әзірлеуге тікелей қатысты тіл ғылымы салаларында зерттеу жүргізген еліміздің ірі ғылыми орталықтары тілтанушыларының еңбектері алынды. Ал практикалық негізіне қазіргі заманғы қазақтілді жазарманның, тіл иелменінің санасындағы жазу үлгілерін, әліпбиге қатысты концептілерін жинақтап берген сынама, сауалнама, талқылау, контент-талдау жұмыстары алынды, бұларды Тіл саясаты комитетінің тапсырмасына орай  жүзеге асырған «Тіл-қазына» ұлттық-ғылыми-практикалық орталығының мамандары. Сонымен, әліпби бірізге келді, енді оны жетілдірудің қорытынды шараларын жүзеге асырып, саяси шешім шығаруға беруге болады деп санаймыз.

Cұхбаттасқан,

Жайна Сейілбек

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар