Көкшетау қаласында қатты соққан жел бірнеше үйдің шатырын жұлып әкетті. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімдіктің мәліметінше, бүгін соққан қатты желден Көкшетау қаласында 4 тұрғын үйдің шатырына (оның 2-і әкімшілік ғимарат), 10 аялдама павильонына және 4 жарнама нысанына зақым келген.
"Көкшетау қаласының Шевченко, Темірбеков, Әуезов көшелері, Бармашино ауданы және Көз орталығы шаршы аумағындағы электр таратқыш желілерге зақым келді. Қазіргі кезде қалалық электр желісінің 25 адам және 8 техникадан тұратын бригадасы электрмен жабдықтау жүйесін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде", делінген әкімдік таратқан хабарламада.
Ведомстводан атап өткендей, қалалық коммуналдық қызметтер, Көкшетау ТЖБ қызметкерлері табиғат апатының зардаптарын жоюға кірісті. Бұған қалалық қызметтерден 181 адам, 8 арнайы техника, Көкшетау қалалық ТЖБ жеке құрамынан 20 адам және 3 арнайы техника жұмылдырылып отыр.
Пікір қалдыру