Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Асхат Садырбай facebook парақшасында мәжілістің екінші оқылымда мақұлданған бейбіт жиындар туралы заң жобасының көптеген нормалары алғашқы нұсқасынан жетілдіріле түскенін мәлім етті. Жазба мәтінің толық нұсқасы төменде ұсынылған.
Бұл ең көп талқыға түскен, көп адамның пікірі ескерілген, әбден електен өткен заң жобасы десек те болатын шығар. Бір жақтан заң жобасы талқыланып жатқанда, екінші жақтан әртүрлі қызу пікірталастар орын алып, сындар айтылып жатты. Бұл да дұрыс шығар, бірақ өзім журналист болғандықтан көп жағдайда ақпараттың анық-қанығына көз жеткізіп алмай тұрып, жарым-жартылай мәліметті жалаулатып әкетуге, орта белден қандай да бір қорытынды шығаруға қарсымын, құптамаймын. Заң жобасына қатысты көптеген ақпараттың бұрмаланып айтылуын да кәсібилік деп есептемеймін.
Ұлттық кеңестің мүшесі ретінде жаңа заң жобасы бойынша жұмыс топтарындағы талқылауға қатыстым. Оффлайн талқылаулар елдегі төтенше жағдай мен карантинге байланысты аяқасты онлайн режимге ауысты. Бұл орайда да мұны кейінге қалдыру қажет еді деген пікірлерді оқып қалдым. Меніңше жұмысты орта жолдан тастап, белгісіз мерзімге қалдырудың қажеті жоқ. Онлайн талқылаудың оффлайн талқылаудан аса бір артта қалып қойған айырмашылығы болды деп айта алмаймын. Күнде сағаттап байланысқа шығып отырдық. Азаматтық қоғам өкілдері, заңгерлер, депутаттар өздерінің ойларын, пікірлерін ашық айтты. Керек жерінде тіпті қатты айтқан кездер де болды. Біз де өз тарапымыздан журналистердің жұмысын реттейтін нормаларға қатысты, пикеттердің мәселесі, митинг өткізілетін арнайы орындарға байланысты және басқа да нормаларға сұрақтарымыз бен ұсыныстарымызды айттық. Бәрімізге сөз берілді. Кейбір пікірталастар сағатқа созылды. Оның барлығы оң нәтиже бергенін және осы сөздерімді Ұлттық Кеңестегі әріптестер Erlan Sairov, Мұхтар Тайжан , Marat Bashimov, Мұрат Әбенов растайды деп ойлаймын. Жұмыс тобының төрағасы, депутат Канат Мусин мырзаның да кәсіби еңбегін атап өткім келеді. Қаншама жан-жақты, кейде қарама-қайшы пікірлердің барлығын мұқият, сабырмен тыңдап, бәріне уақыт үйлестіре білді. Ең бастысы осы жұмыстың нәтижесі.
Анығын айтайық, жаңа заң жобасының көптеген нормалары алғашқы нұсқасынан жетілдіріле түсті. Ескерту уақыты қысқартылды, заңмен тыйым салынбаған (қауіпті инфрақұрылым нысандарының маңынан өзге) кез-келген жерде пикет ұйымдастыруға рұқсат берілмек. Журналистердің жұмысын реттейтін нормалардың бәрі дерлік алынып тасталды.
Түбегейлі жаңа заңнан оң нәтиже күтеміз.
Пікір қалдыру