Меркілік дәрігер бас дәрігердің орынбасарымен болған әңгімені жариялады

/image/2020/04/09/crop-6_20_444x592_2020_04_08_crop-133_132_545x726_105824027800.png

Жамбыл облысы Меркі аудандық орталық ауруханасының Толқынай Ордабаева атты инфекционист дәрігері қызмет барысында  коронавирус жұқтырғанын, медициналық мекеме әкімшілігі дәрігерлерге қысым көрсеткенін әлеуметтік желідегі парақшасында жазған. Дәрігер бүгін тағы да жазба қалдырып, аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Ж.Б. Шойбековамен болған екеуара әңгіменің скриншотын жариялады.

Whatsapp желісіндегі әңгіме төмендегідей өрбіген.

Шойбекова: – Сен мамандығыңнан қашып жүрсің ғой.

Ордабаева: – Мен ауырып жүрмін. Ауырмаған адамдар да демалысқа шығып жатыр.

Шойбекова: – Негізі басқа аудандарда тар шеңберлі мамандарды ақысыз демалысқа жіберді.

Ордабаева: – Мен наурыз айы бойы ұятым үшін жұмыс істедім. Сіз ар-ұяты бар адам болсаңыз, мені түсінесіз деп ойлаймын. Барлық дәрігерлер инфекция бөлімін айналып өтіп жүрді. Жоламауға тырысатын. Мен поликлиникадағы жұмысымды тыныш қана істегім келеді. Шораеваны демалыстан шақырыңызшы.

Шойбекова: – Сен 60 жастағы кемпір емессің. Жылай берме.

Ордабаева: – Мұндай жүктеме үшін маған наурызда сыйақы да берілмеді.

Шойбекова: – Шораева жұмысқа уақыты келгенде шығады. Мен туралы айтуыңды қоймасаң, жала жапты деп жауапқа тартқызамын. Мен сенің анаңнан үлкен адаммын.

Ордабаева: – Менің анам сізден үлкен.

Шойбекова: – Сен өзі дәрігер емес, саудагер дәрігер екенсің.

Ордабаева: – Қалтаңда ақша көп болғанда бұлай деп айту оңай. Ал мен кедей, жас маманмын. Мен өмірімді қатерге тігемін.

Еске сала кетсек, бұған дейін Жамбыл облысында емхана басшылығы дәрігерлердің коронавирус жұқтырғанын жасырып отырғаны хабарланған болатын.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар