Тосыннан келген індет бүкіл әлем жұртшылығын әбігерге салғанын күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып, көріп отырмыз. Кез келген елдің билігі де осынау қиын-қыстау сәтте індеттің халық арасында дендеп таралмауына, науқасқа шалдыққандарды емдеуге барын салумен қатар азаматтарының әл-ауқаты тұралап қалмауы үшін де тырысып бағып жатқан жайы бар. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Індет ушыға бастаған сәттен-ақ ел билігі нақты шараларды қолға алып, азаматтарының тұрмыс жағдайының төмендеп кетпеуі үшін барын салуда. Оны біреу білер, біреу білмес. Сондықтан оқырман назарына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан нақты қолдау шараларына шолуды тағы бір мәрте ұсынбақпыз.
42 500 теңге
Коронавирус індетінің алғашқы дерегі тіркелгеннен кейін-ақ шағын және орта бизнес қиындыққа тап болды. Халыққа қызмет көрсететін асханалар, дәмханалар мен мейрамханалар, шаштараздар, базарлар, гүл сататын дүкендер, көлік жуу орындары, ірі базарлар жабылды. Онда жұмыс істейтін адамдар күнделікті табысынан қағылды. «Екі қолға бір күрек» деп нәпақа тауып жүргендер де карантин режимінің жариялануына байланысты үйінен шыға алмай, күнделікті кірісінен айырылды. Міне, осындай қиын сәтте, 23 наурыз күні Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет табыс көзінен айырылған қазақстандықтарға ай сайын 1 айлық ең төменгі жалақы, яғни, 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем төлей бастауды тапсырған еді. Ол кезде мұндай көмекке кемінде 1,5 миллион адам ілінетіні айтылған болатын. Алайда қазірдің өзінде мұндай көмекті 4 миллионға жуық азамат алып үлгерді. Алдағы уақытта олардың қатары арта түсуі де мүмкін. Себебі, бүгінгі күннің өзінде 3 миллионнан астам адамға әлеуметтік төлем төлеуден бас тартылғаны белгілі. Иә, олардың арасында жұмыс істеп жүрсе де өтініш бергендер, шетелге тұрғылықты тұру үшін түпкілікті көшіп кеткен не болмаса өмірден озған адамдар атынан берілген өтініштер де бар. Бірақ олардың саны көп деп те айта алмаймыз. Ал 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлем алушылардың қатары тағы 1 миллионға жуық азаматқа көбейеді деуге толық негіз бар сияқты. Өйткені, бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде дәл осы мәселеге байланысты жетінші рет брифинг беруге мәжбүр болған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің дерегінше, әлеуметтік төлемге өтініш берген 160 мың азамат жеке сәйкестендіру нөмірін, 800 мың адам банктегі есепшотын қате жібергені белгілі болып отыр.
Жалпы, бастапқыда 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлемді төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты табысынан айырылған адамдарға ғана берілуі тиіс болатын. Нақты айтқанда, режимнің енгізілуіне байланысты жұмыс берушісі ақысыз демалысқа жібергендер ғана алуы тиіс еді. Бірақ Қазақстан Президенті бұл тізімді кеңейтіп, оған ресми және бейресми жұмыс істегендер де қосылып отыр. Сондықтан да биліктің бастапқы сәттегі жария еткен әлеуметтік төлем ала алатын 1,5 млн. адамның еселеп көбейіп отырғаны түсінікті. Осыдан-ақ мемлекеттің өз азаматтарын қиын жағдайда қалдырмайтынын байқауға болады.
Дегенмен, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде, кейбір ақпарат құралдарының беттерінде заңсыз 42 500 теңге алғандардың қылмыстық жазаға тартылатыны туралы әңгілемелер тарай бастағаны белгілі. Осы суыт ақпарат тарағаннан кейін-ақ төлемді алып алған адамдардың көңілі күпті болғаны да жасырын емес. Тіпті, мұндай төлемді алуға құқылы болса да, оны қайта мемлекетке қайтаруға тырысқандар да бар. Мәселенің бірден бетін ашып алайық, мұндай төлемге жұмыс берушісі ақысыз демалысқа жібермеген, яғни күнделікті жұмысына барып, айлығын уақытында алып жүргендер үмітті бола алмайды. Бірақ мұндай азаматтардың біразы өтініш беріп қойған сыңайлы. Егер осы санаттағы азаматтар әлеуметтік төлем алып үлгерсе, онда оны қайтарғаны жөн. Себебі 42 500 теңге Мемлекеттік сақтандыру қорынан төленеді. Ал қор мұнан бөлек зейнетақылар мен жәрдемақыларды, 1 жасқа дейінгі бала күтіміне қатысты берілетін жәрдемақыларды төлеп келеді. Яғни әр төленген тиынға жауап береді. Сондықтан қор жұмыс орнын ақысыз демалысқа жібермесе де, әлеуметтік төлем алғандардан қаражатты қайтаруды талап етуі заңды. Ал жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, өз бетінше ресми не бейресми жұмыс істеп жүргендер есепшотына түскен қаражатты уайымдамай-ақ қажетіне жарата алады.
Зейнетақы мен жәрдемақы индексацияланды
31 наурызда республикалық телеарналардың эфирінен еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдеме жасаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялауды тапсырғанын, осыған орай, аталған санаттағы азаматтардың табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінетінін айтқан еді. Мемлекет басшысының осы тапсырмасына сәйкес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақылар мен мемлекеттік жәрдемақыларды жылдық тұрғыда 10 пайызға индексациялауды жүргізді. Осылайша 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап зейнетақының ең төменгі мөлшері 40 441 теңгені құрайтын болды. Дегенмен, ел азаматтары көтерілген зейнетақы мен жәрдемақыны алып үлгерген жоқ. Себебі, Мемлекет басшысы тапсырма берген кезде азаматтарға сәуірдің ақшасы түсіп қойған болатын. Енді олар үстеме ақшаларын мамырдың төлемдерімен қосып бірге алады.
Індетпен күрестің алғы шебіндегі дәрігерге қандай қолдау бар
Мемлекеттің әлеуеті сыналар сәтте әлеуметіне жан-жақты қолдау көрсетуі өте орынды. Ал індетпен күрестің алдыңғы шепте жүрген дәрігерлердің жағдайы не болмақ? Мұны да мемлекет қаперден шығарған емес. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерді қолдаудың арнайы топтамасы жайында сөз қозғағаннан көп өтпей-ақ Үкімет арнайы шешім қабылдады. Оған сәйкес, медицина қызметкерлері жұмысының қауіптілігіне қарай 3 топқа бөлінген. Бірінші топ – реанимация бөлімдерімен қоса алғанда жұқпалы аурулар станционарларының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Олардың жалақысына үстемақы айына 850 мың теңгені құрайды. Яғни орташа айлығын қосқанда, олар айына шамамен 1 млн. теңгенің үстінде алады. Екінші топ – провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметтерінің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Олардың үстемақысы айына 425 мың теңге болады. Орташа айлығын қосқанда олар айына шамамен 600 мың теңге алады. Үшінші топқа карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілері және тағы басқалары кіреді. Олар айына 212 мың теңге үстемақыны қосқанда, шамамен 380 мың теңге алады.
Медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен өмірін сақтандыру мәселесі де пысықталған. Олар ауырып қалған жағдайда 2 миллион теңге мөлшерінде сақтандыру төлемі беріледі. Құдай сақтасын, бірақ егер медициналық қызметкер қайтыс болған жағдайда 10 миллион теңге мөлшерінде төлемақы беріледі. Өкінішке орай, қазіргі уақытта 100-ден астам медицина қызметкерінің қауіпті індетті жұқтырып алғаны белгілі болып тұр.
Коммуналдық қызметтерді төлеуге 15 мың теңге
Қазір Қазақстанның барлық қаласы карантинге жабылған. Ай сайын табыстан қағылған отбасылардың легі де қалың. Жоғарыда оларға мемлекет тарапынан 42 500 теңге әлеуметтік төлемнің берілетіндігін айттық. Мұнан бөлек те мемлекет тарапынан берілетін тағы бір көмек бар. Ол – коммуналдық төлемдерге ай сайын төленетін 15 мың теңге. Бірақ бұл төлем де барлық азаматқа бірдей берілмейді. Ендеше, мұндай көмекті кім ала алады?
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, карантин енгізілген өңірлерде әкімдіктер тұтынушылардың дербес (абоненттік) шоттарына 2 ай бойы 15 мың теңгеден аударып отырады. Мемлекеттік органдардың ұсынысы негізінде төлем алушылардың келесі санаттары айқындалған. Олар: 1, 2, 3 топ мүгедектері; мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар; көпбалалы отбасылар; ҰОС мүгедектері мен қатысушылары, ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар; мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау барысында, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындық барысында немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару және құқық тәртібін сақтау кезінде қаза тапқан тұлғалардың отбасылары; төмен және одан аз зейнетақы алатын зейнеткерлер; атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер.
Аталған санатқа кіретін азаматтар төлемді алу үшін ақпараттық жүйелер немесе call-орталықтар арқылы жеке сәйкестіндіру нөмірін, әлеуметтік дәрежесін және дербес шот деректерін көрсете отырып, әкімдікке өтінім беруі керек. Әкімдік ұсынылған деректерді тексеріп, мәліметтер рас болған жағдайда коммуналдық қызметтер тұтынушысының дербес (абоненттік) шотына қаржы аударатын болады.
Азық-түлік себеті немесе 4 АЕК
Дәл қазіргі жағдайда тұрмыстық қиындыққа тап болған азаматтарға берілетін көмектің тағы бір түрі бар. Ол - азық-түлік жиынтығы. Жалпы елімізде төтенше жағдай жарияланғанға дейін бюджет қаражаты есебінен азық-түлік себеті бастапқыда 460 мың адамға берілген еді. Дегенмен, 31 наурызда Президент оны кеңейтуді тапсырды және республикалық бюджетті соңғы нақтылау барысында қосымша қаражат қарастырылды. Бүгінде мұндай көмек алатын адамдардың саны 1,243 миллионға жетіп отыр. Яғни, көп балалы отбасыларды, барлық топтағы және жастағы мүгедектерді қоса алғанда, атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған азаматтар, мүгедек баланың күтімімен отырған ата-аналар, сонымен қатар жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде ресми тіркелген тұлғалар осы көмекті алып жатыр. Оларға барлық өңірде азық-түлік жиынтығы немесе азық-түлік жиынтығына арналған қаражат түрінде (4 айлық есептік көрсеткіш көлемінде) беріліп жатыр.
Мұнан бөлек, «Біз біргеміз» қоры, еліміздің патриоттары да өмірлік қиындыққа душар болған отбасыларға қолдарынан келгенше көмек көрсетіп жатқаны белгілі. Мәселен, елорданың өзінде аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған акцияның алғашқы кезеңінде 5 мың отбасыға қолдау жасалды. Қазіргі уақытта акцияның екінші кезеңі басталған. Оның аясында 6 мың адамды азық-түлік себетімен қамтамасыз ету жоспарланған. Бір отбасына берілетін мұндай бір себетке 5 келі қант пен күріш, 2,5 келі печенье, 1 келі ұн, 5 келі май мен макарон өнімі, сонымен қатар 50 медициналық маска кіреді.
Шағын орта бизнес пен диқанға қолдау
23 наурызда Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікті қорғауға баса назар аудартқан болатын.
«Қазіргі күрделі жағдайдан зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерліктің барлық несиелері бойынша негізгі қарыздары мен сыйақыларын төлеуді тоқтата тұру – оларды нақты қолдау механизмдерінің бірі. Іскерлік белсенділікті салық тұрғысынан ынталандыру және бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар әзірлеуді, шағын және орта кәсіпкерлікті барлық салық және міндетті төлемдерден 3 ай мерзімге босатуды тапсырамын. Осы кезеңде оларға айыппұлдар мен өсімпұл жүрмеуі керек», – деген еді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті көктемгі егіс науқанын уақытында және сапалы атқару қажеттігіне де назар аудартқан болатын. Бұл ретте шаруашылықтарды пестицидтер мен тыңайтқыштар, сапалы тұқымдар және жанар-жағар май сатып алумен қамтамасыз ету керек. Осыған орай көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру көлемі 3 есеге жуық, яғни, 170 миллиард теңгеге дейін арттырылды.
«Жаңа тыйымдарға, квоталарға байланысты ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің сұрақтары көп. Ауыл шаруашылығы министрлігі оларға жедел жауап беруі керек. Бірыңғай call-орталық қажет. Көктемгі егіс жұмыстарын қолдауға бөлінген қаражатты тиісті жерлерге уақытында жеткізу керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2020 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынының ұсынылатын бағасы 1 тоннасы үшін 194 мың теңгеден (161 теңге/литр) 1 тоннасы үшін 174 мың теңгеге (144 теңге/литр) (ҚҚС қоса алғанда) (FCA-тиеу станциясы шарттарында) дейін 1 сәуірден бастап төмендетілді. Сәуірде жеткізуді, сақтауды және оператордың маржасын ескере отырып, баға 1 литр үшін 165 теңгені құрады.
Қорыта айтқанда, бүгінгі күні карантин режиміне байланысты табыссыз қалған азаматтар, індетпен күресуге жұмылдырылған дәрігерлер, шағын және орта бизнес өкілдері, қауырт жұмысы басталатын диқаншылар да мемлекет қамқорлығынан тыс қалып отырған жоқ. Бірлігі бекем елдің болашағы жарқын! Біз бірге болсақ, барлық қиындықтарды еңсере аламыз.
Пікір қалдыру