Алматының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин қалада коронавирусқа жүргізіліп жатқан тесттер саны күніне 2,5 мың, 3 мыңға жеткізілетін болады деп айтты.
Оның айтуынша, коронавирусты анықтау бойынша осы уақытқа дейін 46 мың тест алынып, зертханада талдау жасалды.
– Қазіргі уақытта күніне 2 мыңдай тест жүргізілуде, бұл көрсеткішті 2,5-3 мыңға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Сынамалардың нәтижесі бір күн ішінде дайын болады. Осы аралықта 11 мыңдай медицина қызметкерінен тест алынды. Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің коронавирусты жұқтырып алмауына бағытталған ережелер мен талаптар да күшейтіліп отыр, – деді Жандарбек Бекшин.
Сонымен қатар, ол Алматыда 6 зертхана ПТР диагностикасы бойынша жұмыс істейтінін атап өтті.
Пікір қалдыру