ШҚО мұғалімдеріне қашықтықтан оқыту бойынша әдістемелік қолдау көрсетіліп отыр

/image/2020/05/15/crop-11_8_523x774_2020_05_05_144149.jpg
Облыстағы 648 мектеп, оның ішінде шалғайдағы елді-мекендердегі шағын жинақталған мектептердің барлығы қашықтықтан оқыту жүйесіне көшті. Нәтижесі көңіл қуантарлық. Мектеп оқушылары да, студенттер де онлайн режимде ешқандай кедергісіз, сапалы білім алуда.
 
Ұлан ауданындағы Б.Ахметов атындағы орта мектептің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Қарлығаш Адылханованың айтуынша, бірінші аптада бұл режимде сабақ оқу балалар үшін қиын болған. Ал қазір жеңіл. Осы мектеп директорының м.а. Венара Қалиеваның айтуынша, балалар интернетпен және компьютермен толық қамтамасыз етілген.
 
Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балаларға облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен ноутбуктер мен роутерлер уақытша берілді.
 
- Балаларымның қатардан қалмай, сапалы білім алуына жағдай жасап, қажетті жабдықтармен қамтамасыз еткені үшін аймақ басшысы Даниал Ахметов пен облыстық білім басқармасына алғысымды білдіргім келеді, - деді көпбалалы ана Гүлжанат Нұрғалиева. 
 
Өңірлерде оқушыларға интернет және теледидар арқылы сабақ өткізудің 2 түрі ұйымдастырылды. Бірінші бағыт бойынша Күнделік.kz, Bilimland.kz және Daryn.online.kz  интернет-платформалары жүзеге асырылса, бұл аталған жүйелер барлық мұғалімдер мен оқушыларға қол жетімді болды. Осы форматта 248 елді мекенде 430 мектептің 172 437 оқушысы (91,5%) оқиды. Кері байланыс - kundelik.kz электронды журналдары мен WhatsApp мессенджері арқылы жүзеге асырылады. Екінші бағытта телесабақтар ұйымдастырылады. Интернет жылдамдығы төмен 218 елді мекенде (218 мектеп) тұратын 15 841 оқушы (8,5%) El Arna, Balapan және Қазақстан ұлттық телеарналары арқылы білім алады.
 
- Қазіргі уақытта мұғалімдердің де жұмысы көбейіп, ата-аналардың ұстаздың еңбегіне деген көзқарастары өзгерді.  Сондықтан оқушылар мен ата-аналар да түсіністікпен қарап, өз үлестерін қосуы қажет деп ойлаймын. Сын сағатта үштік одақ бірлескен жағдайда қашықтықтан оқытуды нәтижелі, абыроймен жүзеге асыратынымызға сенімдімін, - деді білім басқармасының «Шығыс» әдістемелік орталығының директоры Мұңлық Асанова.
 
Облыстық «Шығыс» оқу-әдістемелік орталығы мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсету мақсатында қашықтан оқытуда педагогтарға әлеуметтік желілер арқылы интернет платформаларда жұмыс істеудің алгоритмдік қадамдарын ұсынып, «Оқушымен кері байланысты қалай орнатасың?», «Оқу материалдарын қалай әзірлейсің?», «Қандай цифрлық платформаларды қолданасың?» тақырыбында оқу семинарлар ұйымдастырды.
 
- Педагогтарға қашықтықтан оқытуда платформаларды пайдаланудың жолдарын меңгерту үшін «Ұстаз» орталығы ұйымдастырған тегін онлайн марафонының (қашықтан сабақ беру жолдары) сілтемелері берілді. Бұдан бөлек, облыстың мобильді тобындағы педагогтар қашықтан оқыту жағдайында оқушылардан кері байланыс алудың тиімді жолдарын ұсынатын бейнероликтер әзірлеп, әлеуметтік желілер арқылы мұғалімдерге қолдау көрсетті, - деді Мұңлық Асанова.
 
Қашықтан оқытудың екінші аптасынан бастап  облысымыздағы 2000-ға жуық мұғалімнің  іс-тәжірибелері зерделеніп, әр пән бойынша 1700 сабақтың  үлгі жоспары жасалды.
 
Білім  басқармасының сайтында қашықтан оқытуға байланысты қосымша бет ашылып, «Қашықтан оқытудың үздік тәжірибелері» рубрикасы бөліміне үздік сабақтардың жоспары, әдістемелік нұсқаулықтар, ұсынымдар, жадынамалар орналастырылды.
 
- Педагогтар Ассоциациясы әзірлеген 1-11 сыныптарға арналған IV тоқсандағы  негізгі  пәндердің  видео-сабақтары YouTube каналына жүктелді. Бұл сабақтарды мұғалімдер мен оқушылар ресурс  ретінде пайдалануда. Алдағы уақытта бейнесабақтар медиатекасын толықтыру жұмыстары жалғастырылады, - деді Мұңлық Асанова.
 
Облыстық «Шығыс» оқу-әдістемелік орталығы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының Өскемен қаласындағы филиалымен бірлесіп, онлайн тәртібінде «Қашықтан оқыту аясында жалпы білім беретін мектептердің 1-10 сыныптарында БЖБ және ТЖБ ұйымдастыру және жүргізу ерекшеліктері» атты «Әдістемелік алаң» өткізді.
 
Республикалық «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ ұйымдастырған республикалық бейне-сабақтар конкурсына облыстан ІV тоқсанға арналған  12 бейне-сабақ іріктелініп жіберілді.
 
Интернет-платформаларымен жұмыс істеу тәжірибесі аз 400 педагог ерікті түрде білім беру ұйымдарының республикалық қауымдастығының қысқа мерзімді вебинар курсынан өтуде.
 
- Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 75 жылдығын мерекелеуге және Отан қорғаушылар күніне арналған облыстық іс-шаралар жоспарын іске асыру аясында «Ерлік сабағы» тақырыбында қашықтықтан оқыту сабағының үздік әдістемелік әзірлемесі облыстық байқауын өткізді. Оған 96 педагог қатысты. Облыстық кезеңге 23 жеңімпаздың жұмыстары ұсынылды, - деді Мұңлық Асанова.
 
Шығыс Қазақстан облысында мектептерде   А. Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын ұйымдастыру және мерекелеу жөніндегі облыстық жоспар негізінде «Үздік Абайтану кабинеті» облыстық қашықтықтан байқауы өтті. Байқауға ережеге сәйкес қалалық/аудандық кезеңде «Үздік кабинет» деп танылған 27 мектептің материалдары ұсынылды. Байқаудың қортындысы бойынша 11 мектепке жүлделі орындар берілді және 16 мектепке номинациялар тағайындалды.
 
«Құрмет» орденінің, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген мұғалімі, ұлағатты ұстаз Қанипа Бітібаеваның 75 жыл толуына орай  «Ұстаздарға ұстаз болған асыл жан» атты апталық қашықтықтан ұйымдастырылды.
 
Мамыр айынан бастап 650 пән мұғалімдері қысқа мерзімді қашықтан біліктілікті артыру курсынан өтуде.
 
Қашықтан оқытуды сапалы ұйымдастыру мақсатында облыста жобалық кеңсе құрылды, ол күн сайын қашықтан оқыту процесін үйлестіреді және әдістемелік пен техникалық қолдауды қамтамасыз етеді.
 
Білім басқармасы мен қала және аудандардың білім бөлімдерінде жаңа форматтағы оқу процесінде туындайтын сұрақтарға жауап беретін, 20 колл-орталығы жұмыс істейді.  Ата-ана, мұғалім тарапынан түскен сұрақтарға әдістемелік қолдау көрсету мақсатында әдіскерлер тарапынан көмектер де көрсетіледі.
 
ШҚО ақпарат орталығы
Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар