Бердібек Сапарбаев 3 әкімге сөгіс жариялады

/image/2020/05/23/crop-5_4_439x790_photo_67502.jpeg

Бердібек Сапарбаев Тараз қаласы мен Байзақ және Талас аудандарының әкімдеріне карантин режимін тиісті дәрежеде қамтамасыз етпегені үшін сөгіс жариялады.

Жамбыл облысы бойынша жедел штабтың кезекті отырысында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал барысы талқыланды. Статистикаға сәйкес, аймақта COVID-19 ауруының өсуі байқалуда.

- Өкінішке орай, облысымызда коронавирустық инфекцияның таралуы жалғасуда. Соңғы 10 күннің ішінде 30 жаңа жағдай анықталды. Бұл жергілікті алдын-алу жұмыстарының әлсіздігін және карантиндік шаралардың тиісті деңгейде сақталмай отырғандығын көрсетеді.  Экономикалық қажеттілікке байланысты шағын және орта бизнестің кейбір салаларының қызметіне шектеулер алынып тасталды. Дегенмен бұл қауіпсіздік шараларын елемеуге болады дегенді білдірмейді. Карантиндік режимнің талаптары сақталуы керек және оған барлығы міндетті. Алайда, Тараз қаласы мен аудан орталықтарында көптеген тұрғындар қорғаныш медициналық маскаларын пайдаланбауда, ал сауда орындары мен басқа да нысандарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті талаптар орындалмай отыр. Айталық, Талас және Байзақ аудандарында бір жерде адамдардың көп жиналуына қатыс жағдайдың салдарынан аурушаңдықтың өсуі орын алған, - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбековтің айтуынша,  ағымдағы жылдың 24 наурызынан 21 мамырына дейін аймақта коронавирустық инфекцияның 229 жағдайы тіркелген. Оның басым бөлігі Тараз қаласы мен Қордай және Байзақ аудандарында орын алған. Бұған дейін аурудың өңірімізге сырттан әкелу жағдайлары көбірек байқалса, соңғы кездері жергілікті тұрғындар арасында жұқтыру дерегі өсіп отыр. Мұндай оқиғалардың жоғары үлес салмағы облыс орталығында және Байзақ ауданында анықталған. 21 мамыр күнгі жағдайға сәйкес, облыс бойынша аурушаңдықтың өсу деңгейі тәулігіне 5,4 пайызды, ал соңғы 7 күнде – 17,4 пайызды құраған.

 Департамент басшысы аурудың көбеюінің негізгі себептері ретінде кәсіпкерлік пен сауда нысандарына адамдардың жиналуы, маскалық режимнің бұзылуы, әлеуметтік қашықтықтың сақталмауы, адамдардың өздері мен өзгелердің денсаулығына немқұрайлылық танытуларын атап өтті.

Мәселен, соңғы күндері Талас ауданында коронавирустық инфекцияның алты оқиғасы тіркелді десек, алғашқы науқас (нөлінші жағдай) орталық аудандық ауруханаға жатқызу кезінде белгілі болған. Зертханалық зерттеу  барысында ол науқаспен байланыста болған төрт адамның КВИ жұқтырғандығы анықталған. Аудандағы келесі инфекция Қаратау тұрғынынан табылған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың айтуынша, облыстың 36 елді мекенінде коронавирустық инфекция анықталды. Соңғы аптадағы аурудың көбею деңгейі Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында байқалған. Қазіргі таңда жұқпалы аурулар ауруханасында 70 науқас ем алуда. 1504 адам дәрігерлердің бақылауындағы үй карантиніне алынған. Емделіп шыққандардың саны – 155, қайтыс болғандар – 1.

- Ахуал – алаңдатарлық күйде. Мұндай жағдайда карантин режимін тікелей бұзушыларға да, жаңа инфекция ошақтарының пайда болуына жол берген лауазымды тұлғаларға да қатаң шаралар қолдану қажет. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өз өкілеттіктерін барынша батыл пайдаланғаны дұрыс, - деп атап өтті облыс әкімі.

Аймақ басшысы жергілікті атқарушы органдар мен салалық ведомство басшыларын халық арасында түсіндіру шараларын күшейтуге, кейінгі кездері жұмыстарын әлсіретіп алған мобильді топтардың қызметін қайта жандандыруға шақырды.

- Карантин режимінің барлық талаптары мен аймақтың жедел штабы жүктеген міндеттердің қатаң сақталуын қамтамасыз ету қажет. Негізгі міндет – адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жаңа инфекция ошақтарының алдын алу, - деді Б.Сапарбаев.

Басқосуда тұрғындар тарапынан толассыз түскен өтініштерге байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін 25 мамырдан  қайта бастау туралы шешім қабылданды. Ал, қоғамдық көлік қозғалысын қалпына келтіру мәселесі дүйсенбі күні өтетін кезекті штаб отырысында талқыланбақ.

Сондай-ақ, өз жұмысында жіберіп алған кемшіліктері үшін Тараз қаласының, Талас және Байзақ аудандарының әкімдеріне сөгіс жарияланғандығы, сондай-ақ, осы бағытқа жетекшілік ететін Тараз қаласы әкімінің орынбасары қызметінен босатылғандығы белгілі болды. Бұдан бөлек, Қордай, Байзақ және Талас аудандары әкімдерінің орынбасарларының жеке жауапкершілігі қаралады.

Ол ғана емес, штаб отырысында азаматтардың жекелеген санаттарына арналған әлеуметтік төлемдерге қатысты мәселе де жан-жақты сараланды. Кейбір әкімдерге аталған маңызды бағыттағы өз жұмыстарының сылбырлығы  үшін сын-ескертпелер естуіне тура келді. Мемлекет тарапынан қаражат қарастырылғанымен, жергілікті жерлерде әлеуметтік жәрдемақыларды төлеу қарқыны көңіл көңшітпейді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековтің айтуынша, Т.Рысқұлов ауданында азық-түлік және тұрмыстық жиынтықпен қамтамасыз ету төлемі бар-жоғы 38 пайызға орындалған. Тараз қаласы және облыстың барлық аудандарында мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмекке бөлінген қаражат толық игерілмеген.

Бердібек Сапарбаев жергілікті атқарушы органдардың басшыларын әлеуметтік қамсыздандыру және тұрғындарды жұмыспен қамту жайына баса назар аударуға шақырды. Бұған жұмыспен қамтудың жол картасының инфрақұрылымдық жобалары мейлінше оң ықпалын тигізбек. Алайда, бұл бағыттағы жұмыстарды ширата түсу қажет. Айталық, жоспар бойынша 18 мыңнан астам тұрғын жұмыспен қамтудың әр түрлі шараларына тартылуы тиіс болса, бүгінгі таңда жобалар бойынша небары 7 мың адам жұмыс істеуде.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар