Димаш Ниязов WBC (Дүниежүзілік бокс кеңесі) ұйымының «Әлем батыры» марапатына ие болды. Бұл туралы Димаш Ниязов өзінің Instagram парақшасында хабарлаған.
Бокс қауымдастығының өкілдері, Димаш Ниязовқа COVID-19 пандемиясы кең тараған қиын кезеңде жұмыс істеуді жалғастырғаны үшін алғыс айтқан.
"Мен WBC тағайындаған "Әлем батыры" атағына ие болдым. WBC қауымдастығына еңбегімді елеп, осындай атақ бергені үшін алғыс айтамын. Мен әрі қарай да өз жұмысымды үлкен ықыласпен жалғастырып, менен кейінгі бауырларыма үлгі болуға тырысамын. Мен мұны бағалаймын", - деп жазған Димаш Ниязов.
Димаш Ниязов Шымкент қаласында дүниеге келді, 13 жасында ата-анасымен АҚШ-қа көшеді. Кейін жергілікті полиция қызметінде жұмыс істейді, сонымен қатар кәсіпқой бокспен айналысады. Бұдан бөлек Димаш Ниязов Нью-Йорк полициясындағы қызметі үшін арнайы төсбелгіні де алған болатын. Ол бокстағы көптеген беделді кубоктардың иегері және «Нью-Йорктегі ең үздік полиция офицері» атағына ие болған.
Пікір қалдыру