Рәміздерсіз мемлекет болмайды. Қазақ тарихында әртүрлі рәміздер болды. Мысалы, Абылайдың ақ туы. Бірақ бір өкініштісі кеңес дәуірінде олардың ешқайсысын сақтауға мүмкіндіктер жасалмады. Коммунистік идеология оның бәрін ескінің сарқыншағы деп қарастырып тарихи жәдігерлерді жоюға тырысты. Бүгінгі музейлерден солардың бірде бірінің табылмауы осының айғағы.
Бұл туралы тарих ғылымдарының кандидаты Ердәулет Берлібаев Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өткен мемлекеттік рәміздер күніне арналған басқосуда айтты.
Жоғары оқу орнының баспасөз қызметінің таратқан ақпаратына сүйенер болсақ, Zoom платформасында ұйымдастырылған онлайн шарада Қазақ елінің егемендігін айқындайтын атаулы датаның маңызы мен мәні басты әңгіме өзегіне айналған.
Жиынды Қыздар университетінің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Жаңагүл Сұлтанова ашып, шара қатысушыларын атаулы күнмен құттықтады.
– Болашағы баянды, келешегі кемел еліміздің басты белгісі, ол – мемлекеттік рәміздеріміз. Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген елдің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн мемлекеттік рәміздер болып табылады. Оларды ресми тұрғыда қабылдау ісіне қазақстандықтар айрықша көңіл бөлген. Бұл өз кезегінде еліміз үшін қаншалықты маңызды екенін айқын аңғартса керек, – деді өз сөзінде Жаңагүл Сұлтанова.
Басқосуда Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және археология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Әуезхан Шашаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Жұмәділ, Nur Otan партиясы Алматы қаласы Алмалы аудандық филиалы төрағасының кеңесшісі Салтанат Ахметжанова, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының подполковнигі Архат Тәттімбетов және тағы басқалар атаулы күннің ерекшелігі, рәміздердің өскелең ұрпақтың бойында ұлтжандылық қасиетті қалыптастырудағы рөлін әңгімеледі.
Атап айтқанда, Әуезхан Шашаев рәміздерді қабылдау барысындағы оқиғаларға шолу жасады.
– Тәуелсіздігін енді жариялаған еліміз үшін мемлекеттік рәміздерді қабылдау расында да жеңіл бола қойған жоқ. Тиісті мемлекеттік органдар мен мекемелер аса жауапты істі жан-жақты ізденіспен, мұқият дайындықпен қолға алды. Алдымен 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңестің төралқасы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады. Осы құжатқа сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері кірді. Көп кешікпей Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын жасауға конкурс жарияланды, – деп атап өтті Әуезхан Шашаев.
Тарихшының мәліметінше, рәміздер жобаларын жасау конкурсында 600-ден астам адам қатысқан екен. Мемлекеттік ту эскиздері бейнеленген шығармашылық еңбектері бар түскен өтінім 1200-ді құраған. Сондай-ақ конкурсқа болашақ Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның азаттығын айшықтайтын нышандар осыдан 28 жыл бұрын бекітілген болатын. Содан бері аталған датаны барша отандастарымыз айтулы мереке ретінде атап өтіп келеді.
Пікір қалдыру